Жамбыл жаңалықтары

ОБЛЫСТА 3 ӨРТКЕ ҚАРСЫ БЕКЕТ ҚҰРЫЛАДЫ

ОБЛЫСТА 3 ӨРТКЕ ҚАРСЫ БЕКЕТ ҚҰРЫЛАДЫ

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өткен болатын. Осы мақсатқа жету үшін барлық мемлекеттік билік институттарының алдына «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру міндеті қойылды. Тиімді механизмдердің бірі – билік пен қоғамның тұрақты диалогы. Президент тапсырмасына сәйкес өткен жылдан бастап халықпен кері байланыс жасау үшін Үкімет мүшелері есептік кездесулер өткізуде. Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаев аталмыш тұжырымдаманы іске асыру аясында облыс халқының алдында есеп беріп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Онда вице-министр алғашқы тоқсандағы ел көлемінде және облыста атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Ибрагим Даукесұлының айтуынша, 2023 жылдың төрт айында республика бойынша төтенше жағдайларды жоюға және авариялық-құтқару жұмыстарына 22 мыңнан аса шығу жүзеге асырылып, 11 мыңға жуық адам құтқарылып, эвакуацияланған. Сондай-ақ 1 500 зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Жыл басынан бері жалпы еліміз бойынша төрт мыңға жуық төтенше жағдай тіркелсе, 7 пайызы немесе 258 оқиға облысымызға тиесілі екен. Өңірдегі төтенше жағдайлардың негізгі үлесін тұрғын үй секторындағы, көліктегі, өндірістік және табиғи өрттер құрайды. Қабылданған алдын алу шараларының арқасында жылу беру кезеңінде, өрт кезінде қаза тапқандар саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға қысқарған. Вице-министр өрттің шығу себебі көбіне электр желілерінің, жылу беру жүйесінің және газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істемеуінен, отпен абайсыз жұмыс істеуге байланысты екенін айтады. Дегенмен сала мамандары тұрғын үйдегі өртті болдырмау мақсатында жыл сайын профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізіп келеді. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері төрт жүз мыңнан астам тұрғын үйді аралап, тиісті жұмыстар жүргізген. Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, әзірге Жамбыл облысының аумағында табиғи өрт тіркелмеген. – Жалпы республика бойынша қазіргі заманғы өрт техникасымен жарақтандырылған 426 өртке қарсы бөлімше (Жамбыл облысында – 20), 599 өрт сөндіру бекеті (Жамбыл облысында – 15) жұмыс істейді. Бұл халық саны екі жүз мыңнан асатын 70-ке жуық елді мекенде өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етеді. 2023 жылдың соңына дейін Жамбыл облысындағы Қаракемер, Майтөбе және Өрнек ауылдарында 3 өртке қарсы бекет құру жоспарланған. Бүгінгі таңда республика бойынша 4 мыңнан аса арнайы техникамен және өрт сөндіру құралдарымен жарақтандырылған ерікті құрылымдар жасақталса, оның ішінде 2 128 адамнан тұратын 165 құрылым Жамбыл облысында, – деді вице-министр. Мұнан соң спикер облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен жергілікті халық және шаруа қожалықтар арасында өрт қауіпсіздігі шараларын түсіндіру жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ облыс аумағының көп бөлігі немесе 10 ауданның 8-і жер сілкінісіне бейім екенін атап өтті. Еліміз бойынша бүгінде 68 сейсмостанса жұмыс істесе, 4-еуі Жамбыл облысында. Биыл қосымша тағы 5 сейсмостанса орнатылады деп күтілуде. Республика бойынша барлығы 350 ғимаратта сейсмикалық күшейту жүргізіліпті. Жамбыл облысында 60 объектіні күшейту талап етілген. Нәтижесінде 41 объект сейсмикалық күшейтіліп, 19-ы сейсмикалық қорытындының нәтижесінде бұзылған. Ибрагим Даукесұлы шомылу маусымына да тоқталып өтті. Айтуынша, облыста шомылуға рұқсат етілген 12 орын жеткіліксіз. Осыған байланысты вице-министр жергілікті атқарушы органдарға олардың санын арттыруды және азаматтардың облыстың су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынып, жергілікті тұрғындарға белгіленбеген орындарда шомылғаны үшін азаматтардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны жөнінде ескертті. Жыл басынан бері облыс бойынша 342 жедел-құтқару жұмыстарына, соның ішінде 14 іздестіру операциясына шығу жүзеге асырылып, 69 турист құтқарылған. – Туристердің демалысы ыңғайлы әрі жайлы болуы үшін бағыттағыштар, ақпараттық тақтайшалар және жергілікті жердің картасы басылған тіректер орнатылған. Көбінесе іздестіру кезінде құтқарушылардың басым уақыты олардың қозғалыс бағыттары туралы ақпараттар мен мәліметтерді жинақтауға кетеді. Қазір министрлік туристердің болжамды жүру бағыттарын біздің бөлімшелерге алдын ала міндетті түрде хабарлауы жөніндегі мәселені заң жүзінде қарастыруда. Халықты жалпы қауіпті жерлерде орнатылған тыйым салу белгілеріне жауапсыз қарамауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын,– деді Ибрагим Күлшімбаев. Ибрагим Күлшімбаев облысқа жұмыс сапары барысында Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында азаматтық қорғау органдарының қаза тапқан қызметкерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осы бөлімнің аумағында ұйымдастырылған өрт сөндіру техникалары мен түрлі өрт сөндіру-құтқару жарақтарының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ №20 өрт сөндіру бөлімінің ашылу салтанатына қатысты. Айжан ӨЗБЕКОВА