Мемлекет берген мүмкіндік мүлт жібермеді
Мемлекет берген мүмкіндік мүлт жібермеді
Мәселен, өзіміз өндірген кез келген өнімнің ішкі-сыртқы нарықты дамытуға тигізер үлесі мол. Мемлекеттің кәсіпкерлік салаға қолдау көрсете отырып, жастар, ерекше қабілеттілігі бар азамат, көпбалалы отбасы, қандас секілді санаттар бойынша бос жүрген адамдарға несие немесе қайтарымсыз қаржы беру арқылы үлкен қолдау көрсетуінің де мәні осы. Осы арқылы кәсіпкерлік салада өзара бәсекелестік пайда болып, жаңадан іс бастағандардың сапалы өнім шығаруына жол ашылғанын да айта кетуіміз керек. Өңірде халықты әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік саясаты облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Мысалы, еңбек қатынастарын үйлестіру, әртүрлі санатқа жатқызылған азаматтарды әлеуметтік қорғау, қолдау көрсетудің бір тетігі – «кәсіппен айналысамын» деген жандарға мемлекет есебінен грант беру. Бұл игі істің де облыста жүзеге асырылып, оң нәтиже беріп жатқанына біршама жылдың жүзі болды. Аталған басқарманың бөлім басшысы Шыңғысхан Тойбеков те бүгінгі таңда жұртшылыққа үлестіріліп жатқан қайтарымсыз гранттар әлеуметтік осал топтарды қолдаудың ең тиімді тетігінің бірі болып отырғанын айтады. – Халықтың еңсе тіктеп, елді мекендердің гүлденіп, тамырына қан жүгіруі жұртшылықтың жұмыспен қамтылуына тікелей байланысты. Оның ішінде қазіргідей нарықтық заманда жеке кәсіпкерлік ісінің оңға басуы – уақыт талап етіп отырған өзекті мәселе. Облыста аталған санаттар бойынша өз кәсібін жаңадан бастап немесе кәсіп аясын кеңейтіп, соның арқасында тұрмысын тіктеп жатқан азаматтар көп. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1 054 адамға кәсіпкерлікті дамытуға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр. Жыл ішінде грант беру төрт лек бойынша жүзеге асырылатын болса, оның алғашқы легінде 267 адам 368,4 миллион теңгенің гранттарына наурыз айында қол жеткізді. Оның ішінде көпбалалылар – 138 (51,7 пайыз), ерекше қажеттілігі бар адамдар – 66 (24,7 пайыз), ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеушілер – 36 (13,5 пайыз), асыраушысынан айырылғандар – 13 (4,9 пайыз), атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 11 (4,1 пайыз), қандастар – 3 (1,1 пайыз), – дейді Шыңғысхан Рысханұлы. Тараз қаласы жұмыспен қамту орталығы мониторинг және ақпарат бөлімінің басшысы Жанерке Досжанованың айтуынша, биыл 183 адамға грант беру жоспарланса, бүгінде 45 адам қайтарымсыз қаржы алыпты. Оның ішінде 8-і ерекше қажеттілігі бар адам. Екінші лек бойынша өтінім беру осы аптада басталыпты. Жалпы ерекше қажеттілігі бар адамдардың ішінде білім-ғылым жолына түскен немесе спортты жанына серік етіп, жеңіс туын желбіреткен, мемлекеттік қызметте абыроймен еңбек етіп жүрген, кәсіпке бет бұрып, экономикамыздың өркендеуіне үлес қосып жатқан азаматтар жетерлік. Осындай мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып отырған тараздық тұрғынның бірі – Берік Айдарбеков. Ол шаһардағы «Жігер» алқабында тұрады. Айтуынша, осыдан 5-6 жыл бұрын Өзбекстанның Үшқұдық ауданынан көшіп келіпті. Берік Сламбекұлы биыл мемлекеттен 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, өз үйінің ауласында жылыжай салып жатыр. Негізінде төскейде төрт түлік түлетіп, сайын даланы мыңғырған малға толтырған қазақтың бүгінгі ұрпақтары егін егіп, бау-бақша, көкөніс дақылдарын өсіруге де бейімделе түскен. Оның үстіне Берік Айдарбековтің Үшқұдықта жүріп, диқаншылық жұмыста көптеген тәжірибе жинақтағанына сеніміміз кәміл. – Өңірдің ауылшаруашылық саласында күзгі жиын-теріннен кейін диқандардың көбі түсімді алқап басынан сатып жібереді. Келесі жылдың өніміне дейін, яғни ерте көктемде картоп, пияздан бастап қияр, қызанақтың сырттан қымбат бағада келетіні белгілі. Көкөніс, жеміс-жидекті сақтаумен айналысатын қоймасы бар азаматтар да жетерлік. Дегенмен олар да бағаның көтерілгенін күтіп отырады. Мұндайда сырттан келген тауардың бағасы жоғары болатыны баршаға аян. Мен сол үшін де жылыжай салып, облыс нарығын құлпынай және басқа да көкөністермен шамамның келгенінше қамтуды жөн санадым. Осы мақсатта биыл ақпан айында «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы порталы арқылы өтінім тастадым. Ол он күн қаралып, кейінірек ұялы байланыс нөміріме комиссия алдында жобамды қорғауым қажеттігі жөнінде хабарлама келді. Аталған комиссия алдында бизнес-жоспарымды таныстырып, жобамды сәтті қорғап шықтым. Наурыз айының соңына таман 1 миллион 380 мың теңге грант алдым. Бүгінде өзім тұрып жатқан «Жігер» тұрғын алқабынан жылыжай құрылысын бастадым. Қазір бағаналары тұрғызылды. Жылыжайдың қаңқасы темірден жасалып жатыр. Оның сырты полиэтилен материалмен жабылып, ішіне желдеткіш, ауа шығаратын арнайы орындар қалдырылады. Жылыжайды ылғалдандыруда тамшылатып суғару технологиясы қолданылады. Жылыжай шаруашылығымен екі адам айналысуды жоспарладық. Көкөніс жылына екі маусым егіледі. Аталған тұрғын алқап «Ауыл-Береке» сауда орталығына жақын болғандықтан алдымен тұрғын алқаптағыларға, артылғанын базар және түрлі сауда орындарына өткізу ойымда бар. Менің мақсатым – өнімді сыртқа шығару емес, керісінше, ішкі нарықты қамтамасыз ету, – деді ол. Міне, азамат! Бақай есебі арқылы өзінің бас пайдасын ойламай, нарықты зерттеп, соған сай тірлік етуді қолға алған адамдар Беріктей-ақ болсын. Оның мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қолынан келетін іске білек сыбана кірісуі өзге азаматтарға да үлгі болатынына сеніміміз мол.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ