Жаңалықтар

Отандық өнім көбейсе – үлкен олжа

Отандық өнім көбейсе – үлкен олжа

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында отандық өнімді сыртқа экспорттауға қатысты Үкіметке нақты тапсырма берген болатын. Аталған Жолдауда Президент: «...Сонымен бірге экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру керек.

2020 жылдың қорытындысы бойынша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті. Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру. Әзірленіп жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң өңдеу өнеркәсібінің алдында тұрған сауалдарға жауап беруге тиіс. Соның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиындығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек деген қарапайым ережені енгізуіміз қажет», деді. Бүгінде елімізде өндірілетін сапасы жоғары өнімдер жетерлік. Жақсы дүние жалпыға ортақ болған соң сапалы өнімдерді тұтыну талас тудыратыны белгілі. Жалпы Әулиеата өңірінің қазақстандық экспортқа қосқан үлесі қандай? Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, аймақтағы кәсіпорындар арқылы биыл 292,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,7 пайызды құрады. Оның ішінде химия өнеркәсібі саласының өндірісі бүгінде 109 миллиард 150,6 миллион теңге деңгейінде қалыптасты. Облыс көрсеткішін ұлғайтып отырған кәсіпорындар қатарында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» және «Минералды тыңайтқыштар зауыты», «Talas Investment Company» ЖШС филиалдары, шағын кәсіпорындар бар екен. Осы орайда аталған басқарманың бөлім басшысы Талғат Шалдарбеков өңір өндірісі жайлы бізге егжей-тегжейлі мағлұмат берді. – Өңірімізде азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың да ел экономикасының дамуына қосып отырған үлесі зор. Кеңестік кезеңдерден бері қант өнімдерін сапалы экспорттап келе жатқан «Тараз қант зауыты» және «Меркі қант зауыты» ЖШС бүгінге дейін жұмысын тоқтатқан емес. Ауылшаруашылық саласының дамуына қарқынды үлес қосу ісінен айнымай, қазірге дейін сапалы өнім шығаруда. Жалпы бұл салада бүгінде 43,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді, – дейді Т.Шалдарбеков. Жеңіл өнеркәсіп саласына тоқталар болсақ, облыстың аты кезінде Кеңес одағына аяқ-киім өндірумен де танылған. Кеңестік кезеңдерде жұмысы қарқынды жүрген, бүгінде «ТаразКожОбувь» ЖШС атауына ие болған өндіріс орнының да қазіргі жұмысы ырғақты. Өңдеу өнеркәсібі құрылымдарының бұл салаға қосып отырған үлесі 0,9 пайыз екен. Осы жылы 2 756,1 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Өңірде былғары-аяқкиім өндірісі мейлінше дамыған. Нақты айтсақ, тері бұйымдарын өндіру және былғары аяқкиімнің кең ассортиментін тігу бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Жалпы бұл салада өнім көлемінің ұлғаюы немесе азаюы түскен тапсырысқа, сұранысқа байланысты. Ауылшаруашылық саласындағы өңдеу өнеркәсібі жайлы шешіле сөйлеуге болады. Мәселен, сүт және сүт өнімдерін өңдіруде, шикізаттан нарыққа сапалы әрі табиғи дайын өнім шығаруда Жуалы ауданындағы «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аты облысқа кеңінен танымал. Жергілікті тұрғындардың денін жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын – өңірдегі іргелі зауыттың бірі. Бұл сапалы, мол сұранысқа ие кәсіпорынды бүгінде білмейтіндер кемде-кем. Сүт өнімдерін сапалы деңгейде өндіретін зауыттың ішкі және сыртқы нарықта ойып алар өзіндік орны бар. Кезінде сары ірімшігімен ел арасында кең танылған кәсіпорын өтпелі кезеңнен кейін мемлекеттік тіркеуден өтіп, өз жұмысын қайта жандандырды. Қазіргі таңда зауытта 130-дай адам еңбек етеді екен. Орташа еңбекақы 100 мың теңгені құрайды. Кәсіпорында жоғары сапада өңделіп, өндірілген экологиялық таза сүт өнімдері еліміздің ең үлкен мегаполистері – Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар, Қызылорда, Байқоңыр, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және тағы басқа батыс өңірдегі қалаларға жөнелтіледі. Сондай-ақ зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар, Ресей Федерациясының да бірқатар өңірлерінде жоғары сұранысқа ие. Серіктестік директоры Сыбанбай Арынов: «Зауыттың сүт қабылдау мүмкіндігі тәулігіне 100 тоннаға дейін жетеді. Күн сайын сиырдан сауылатын сүт жеткілікті болса, зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне мүмкіндігі мол. Бұл ретте басын ашып айта кетер бір жайт, сиыр фермаларынан және тұрғындардан қабылданатын шикізат тапшы. Сондықтан кәсіпорын күніне қабылдануы тиіс 100 тонна сүттің тек 30-40 пайызына ғана қол жеткізуде», деді. Жалпы өз өңірімізде өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің ішінде барлығы да сапалы. Сүт және сүт өнімдерінің ішінде құрт, май, ірімшіктерімізді тұрақты тұтынып жүрміз. Дәмі тіл үйіретін бұл өнімдердің артықшылығы – табиғилығында. Біз облыста сыртқы нарыққа өнім жөнелтетін іргелі кәсіпорындардың бірді-екілісін ғана сөз еттік. Жалпы өңірде шетелге тауар экспорттайтын кәсіпорындардың қатары көбейсе, олар өндірген отандық өнім ішкі нарықтан сырттан келетін шетел тауарын ығыстыратыны анық. Шетелге дайын өнімді экспорттау Қазақстанда өңдеу саласының да қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Өз кезегінде бұл ел экономикасының өркендеуіне айтарлықтай септігін тигізеді.

Нұржан Әліш