Даму картасы Тараздың жаңа тынысын ашуда
Даму картасы Тараздың жаңа тынысын ашуда
Биыл 3 инвестициялық жоба іске қосылады
Жалпы соңғы жылдары талайды қызықтырған тарихы, туристерді тамсандырған табиғаты бар Тараз шаһары шынымен-ақ тартымды бола түсті. Саябақтар жаңғыртылып, жаңа аллеялардың, жағалаулардың пайда болуы, тарихи-мәдени кешендердің бой көтеруі көпшіліктің әлеуметтік көңіл күйіне әсер еткенін ешкім жоққа шығара алмас. Егер өңірдің даму әлеуеті облыс орталығындағы оңды істермен таразыланады десек, Таразда біраз шаруа өз ретімен іске асырылып жатқанын айта кетуіміз керек. Мемлекеттік бағдарламалар жемісін беріп, жұмыс жүйелене түскен. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, үшжылдық картада көне шаһарды жан-жақты дамытуға бағытталған, барлық саланы қамтитын жұмыстар қарастырылған. Даму картасына сәйкес, ең бірінші, өндіріс саласын өркендетуге басымдық берілген. – Әлеуметтің әлеуеті көтерілуі үшін, ең алдымен, өндіріс өркендеуі қажет. Жол картасында 2025 жылға қарай өнеркәсіп өндірісінің көлемін 567,8 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Яғни жыл сайын 3-5 пайыз өсім қамтамасыз етілуі қажет. 2025 жылға дейін 6 инвестициялық жоба іске асырылады. Ал 2023 жылдың қорытындысымен өнеркәсіп көлемін 531,2 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. 2023 жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш 137,8 миллиард теңгені құрады. Биыл жалпы құны 9,2 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны іске қосу есебінен тиісті көрсеткішті орындаймыз. Инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін 2023 жылдың қорытындысымен 150 миллиард теңгеге дейін арттыру көзделген. Бірінші тоқсанның қорытындысымен 21,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. Ал бөлшек саудадағы тауар айналымының 2023 жылы 323,1 миллиард теңгеге жетуі жоспарланса, есепті кезеңде 75,4 миллиард теңгені құрады, – дейді Б.Орынбеков. Биыл жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды атап өтер болсақ, «Alina Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік базасын кеңейту және жаңарту» жобасының жөні бөлек. Жылына 150 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын жобаның құны – 7,31 миллиард теңге. Жоба іске қосылатын болса, 169 жұмыс орны ашылады. «Kisc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Металл құю цехын жаңғырту» жобасының құны – 1,87 миллиард теңге. Серіктестік осылайша цехтың қуаттылығын жылына 3,5 мың тоннадан 24 мың тоннаға дейін арттырып, 150 жаңа жұмыс орнын ашуды ниет етіп отыр. Ал «Дәмді себет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіру» жобасын іске қоспақ. Жоба құны – 320 миллион теңге. Сондай-ақ «Тараз» индустриалды аймағын құру жоспарланыпты. Жоспарды жүзеге асыру мақсатында 184,6 гектар жер телімі анықталып, басқарушы компанияға ұсынылған. Қазіргі таңда инвесторлар құны 55,3 миллиард теңгені құрайтын 5 жобаны жүзеге асыруға ниет білдіруде. Бақытжан Әмірбекұлының сөзіне сүйенсек, бұдан бөлек тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды қолдау бағытында индустриалды аймақ құру үшін қала маңынан 50-70 гектар жер телімі қарастырылып жатқан көрінеді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің сұраныстары негізінде шағын бизнес бастамаларды жүзеге асыру мақсатында қала аумағында 1,6 гектар жер телімі белгіленген. Қазіргі таңда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе 100-ге жуық жобаның тізімі жасақталған. Әр жобаның мүмкіндігіне қарай орындар белгіленіп, шеберханалар, цехтар ашылады. Даму картасында агросаланың әлеуетін арттыруға да ерекше назар аударылған. Биылдың өзінде асыраушы салада 2 жобаны іске асыру арқылы өнім көлемін 15,3 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. 2023 жылы «Пышка» серіктестігінің кондитерлік цехы, «Алель-агро» серіктестігінің құс етін өңдеу зауыты іске қосылып, тоқсанға жуық тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Ал 2025 жылға қарай ауылшаруашылық өнімінің көлемі 18 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде.
Құрылыста қарқын бар
Тараз қаласында құрылыс қарқыны жыл санап артпаса, бәсеңдеген емес. Даму картасы аясында алдағы уақытта құрылыс саласы тіпті қамшы салдырмас екпінмен алға озбақ. – Облыс орталығында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұлай деуіміздің себебі, құрылыс жұмыстарының көлемін 2023 жылы 72,8 миллиард теңгеге жеткізу көзделсе, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданын 372 мың шаршы метрге дейін арттыру жоспарлануда. Алға қойған жоспарлы межені жыл соңына дейін толық орындаймыз. Жалпы биылға бюджет есебінен 47 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Бүгінгі таңда Сүлейменов көшесінің соңындағы 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Қалған 28 үйді аяқтауға және Асқаров көшесінің соңындағы 16 көпқабатты тұрғын үйдің бастамасына 9,7 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Сонымен қатар мердігерлердің жеке қаражаты есебінен 2023-2024 жылдары 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланса, қазірге дейін «Самал» ықшамауданында 50 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал қалған 10 үйдің құрылыстары жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, даму картасы аясында құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылғы 68,1 миллиард теңгеден 2025 жылға қарай 80,1 миллиард теңгеге дейін артады. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданын 564,4 мың шаршы метрге дейін арттыру көзделуде, – деген Бақытжан Әмірбекұлы білім, жұмыспен қамту саласындағы жүйелі жұмыстарға да жан-жақты тоқталып өтті. Қала әкімі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, білім саласында 2023-2025 жылдары 58,1 миллиард теңгеге 14 мектептің құрылысы жүргізіледі. 2023 жылы 5 мектепті пайдалануға беру межеленсе, қазіргі таңда 4 білім ордасының құрылысы қарқынды жүруде. «Барысхан» тұрғын алқабындағы 600 орынды мектеп ел игілігіне берілген. Сондай-ақ 7 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары және 17 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстары маусым айында басталады. Ал 2025 жылға дейін 15-ықшамауданнан тағы бір оқушылар сарайы балаларға есігін айқара ашпақ. Осылайша білім саласында құрылыс қарқыны жоғарылап, нәтижесінде 12 мыңнан аса оқушының заманауи білім алуына жағдай жасалып, 3 ауысымды мектептердің мәселесі толық шешіледі. Бұдан бөлек алдағы үш жылда 6,4 миллиард теңгеге 19 мектепке күрделі жөндеу, 224,1 миллион теңгеге 24 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алдағы 3 жылдың ішінде жеке кәсіпкерлер тарапынан 11 балабақшаның құрылысын жүргізу жоспарланып, қажетті жер телімдері белгіленген. Басқа да негізгі салаларда атқарылатын жұмыстарға қысқаша тоқталатын болсақ, 2023-2025 жылдары инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аясында 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шеңберінде 1 500 азаматқа қайтарымсыз грант беріледі. 1 650 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 900 азамат жастар практикасына тартылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендейді. Ал жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайыздан 3,3 пайызға дейін төмендейтін болады. Сол секілді спорт саласында 2023-2025 жылдар аралығында 5 нысан, аулаларда 14 шағын футбол алаңшасы салынады. Бүгінде «Талас» ықшамауданында фитнес залы пайдалануға берілсе, «Құмшағал» тұрғын алқабында спорт кешенінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар аулаларға 4 спорт алаңшасын салу жоспарланып, екі алаңшаның құрылысы басталған. Даму картасында бекітілген жоспар бойынша мәдениет саласында да бірқатар ауқымды жұмыстар басталып кеткен. Яғни биыл Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Асанәлі Әшімовтың шығармашылық орталығы салынады. «Көне қамал» кешенінің үшінші кезеңі іске асырылады. 2024 жылы «Құмшағал» тұрғын алқабында 180 орындық қалалық мәдениет үйі бой көтерсе, 2023-2025 жылдары 14-ықшамауданда 1 300 орынға арналған орталық концерт залы салынады. Биыл Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгенін ешкім ұмыта қоймаған болар. Жаһандық кеңестің көне қаланы тізімге қосқаны – 2 мың жылдан астам тарихы бар қаланың мәртебесін көтере түсері сөзсіз. Осы орайда Тараз қаласында туризм саласын және қолөнершілерді қолдау мақсатында қолөнер орталығы ашылады. 2023 жылы саябақтарды жандандыру мақсатында «Жеңіс», «Қайрат Рысқұлбеков», «Шахристан», «Арбат» және «Үшбұлақ» демалыс орындарында гүлзарлар алаңы, демалыс аумағы, велосипед, скутер айдайтын арнайы алаң, заманауи үлгідегі аттракциондар салынады. Сондай-ақ «Үшбұлақ» каналы жағалауларын біріктіретін жаяу жүргіншілер көпірін салу ісі қолға алынды. Ал денсаулық сақтау саласында 28 миллиард теңгеге 13 жоба іске асырылады.
Инфрақұрылым – ел игілігіне
Келесі кезекте Б.Орынбеков қаланың инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталып, бірқатар маңызды мәліметпен бөлісті. – Үшжылдық даму картасына ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған, тұрғындар тарапынан көтерілген ең маңызды мәселелерге басымдықтар берілді. Атап айтқанда, көше жолдарын жөндеу, көше жарығын орнату, аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңдарын салу, арық желілерін қалпына келтіру жоспарлары енгізілді. Жеке-жеке тоқталсақ, биыл 118 көше мен бұрылысқа орташа жөндеу жүргізіледі. Саңырақ батыр және Шостакович көшесі қайта жаңғырудан өтеді. «Барысхан» және «Бұрыл» тұрғын алқаптарында жол құрылысы басталады. Келесі жылы 83 көше мен бұрылысқа орташа жөндеу жүргізіліп, Асқаров және Қойгелді көшелері қайта жаңғыртудан өтеді. 2025 жылы да 82 көше мен бұрылыстарға орташа жөндеу жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы асфальт жолдардың үлесі 61,6 пайыздан 74,8 пайызға дейін артады. Сонымен қатар осы жылы темір бетонды бағаналары бар 68 көшеде түнгі жарықшамдар самаладай жарқырамақ. 2024-2025 жылдары 86 көшедегі ағаш бағананы темір бағанаға ауыстырып, түнгі жарықшамдар орнатылады. Нәтижесінде жарықтандырылған көшелер саны 22 пайыздан 39 пайызға дейін жетеді. 55 мыңға жуық тұрғынның өмір сүру сапасы артып, қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді. Үш жылда барлығы 75 аула абаттандырылып, 148 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Мәселен, биылғы жылдың өзінде 43 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 5,4 миллиард теңгеге республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Қолдау тапқан жағдайда 63 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуден өткізуге мүмкіндік болады. «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында 48 гектар жерге 55 мың тал көшеті отырғызылады, – дейді Б.Орынбеков. Талай жылдан бері айтыла-айтыла ақжем, жазыла-жазыла жауыр болған тозығы жеткен ирригация жүйелерін қалпына келтіру де назардан тыс қалмаған. Алдағы үш жылда қаладағы істен шыққан арық жүйелері кезең-кезеңімен ретке келтіріледі. Жоспарлы жұмыстарға қалалық бюджеттен жыл сайын 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініп, 2023 жылы 3 аумақтық округ, 2024 жылы 4 аумақтық округ және 2025 жылы 4 аумақтық округте тиісті жұмыстар жүргізіледі. Бас жоспар – көп өзгерістің бастауы Шаһар маңындағы ауылдық елді мекендердің агломерациялануы – қалыпты құбылыс. Мұның өз кезегінде қала экономикасын дамытуға да тигізетін септігі көп. Агломерациялану үдерісі соңғы жылдарда Тараз шаһарында да қарқын алып келеді. Осы ретте Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау, тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында жаңа Бас жоспар әзірленді. Алдағы уақытта облыс орталығына 2 саяжай мен 14 елді мекенді қосу жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, Байзақ, Жамбыл аудандарынан қосылатын жерлер арқылы қала аумағы 30 542 гектарды құрайды. – Бүгінде қаладағы халық саны 428 мыңға жуық. Тиісті заңға сәйкес, «облыс орталығындағы қала халқының саны 400 мыңнан асқан кезде қаладағы аудандар құрылады» деп көзделген. Осыған байланысты қалада 2 аудан құру жоспарланды. Әр ауданда 200 мыңнан аса халық болады. 2040 жылға қарай қала халқының саны 512 мың адамды құрайды деп болжануда. Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдері өзекті мәселеге айналған көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырып, көлік жолдарындағы жүктемені азайтатынын айта кеткен жөн. Сондықтан жол құрылысы саласындағы өзгерістерге де тоқталып кеткен жөн болар. Абай даңғылы Балуан шолақ көшесімен қиылысқан аумағындағы теміржолдың үстінен өтетін көлік жолы құрылысы арқылы жұртшылық халық арасында «за линией» аталатын аумаққа қатынайды. Абай даңғылы солтүстік-батыс бағытта жерүсті көлік жол құрылысы арқылы жалғастырылып, 14-ықшамаудан арқылы Алматыға бағытталған жолға қосылады. Әл-Фараби көшесі оңтүстік бағытта жалғастырылып,«Шалғай Қарасу» алқабына, солтүстік бағытта Қойшыбеков көшесімен жалғастырылып, айналма жолға қосылады. Ал Қазыбек би көшесі Қарасу өзенінен көпір салына отырып, Қ.Тұрысов көшесіне шығады. Сол сияқты Ташкент көшесі Талас өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысымен Қант кенті арқылы Кирпичный кентіне шығып, Алматыға бағытталған жолға жалғасады. Көшек батыр көшесі 15-ықшамаудан арқылы жалғасып, жобадағы Бас жоспар бойынша, қала шекарасына енгізуге көзделген Шайқорық ауылына дейін шығады. Сейфуллин көшесі жалғасып, Айша бибі көшесіне қосылады, – деген Бақытжан Орынбеков автобус парктерін жаңарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да қысқаша тоқталып өтті. Б.Орынбековтің сөзіне сүйенсек, 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықты 70 автобустан алу жоспарлануда. Қосымша 15 жаңа бағыттар ашылып, 120 аялдама орнатылады. Әңгімеміздің соңында Бақытжан Орынбеков ойын қорытындылай келе: «Бюджет мүмкіндігіне байланысты барлық мәселелерді бір жылдың ішінде шешу мүмкін емес. Даму картасында өзекті мәселелердің басымдықтары ескеріліп, кезең-кезеңімен шешілетін болады. Атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен алдағы уақытта қолға алатын жобалар, жасалатын жұмыстар одан да көп. Облыс орталығы – Тараз қаласының даму жоспарын толығымен іске асыруға бар күш-жігерімізді салып, жұмыс істейміз», деп ағынан жарылды. Қала әкімі айтса айтқандай-ақ, атқарылған жұмыс аз емес. Біз мақаламызда есепті кезеңде еңсерілген жұмыстың бір парасын ғана арқау еттік. Қамти алмағанымыз қаншама?! Бір анығы, сөз басында айтып өткеніміздей, алдағы үш жылда Тараз қаласы үлкен өзгерісті басынан өткергелі тұр.
Талғат НҰРХАНОВ