Жастар үшін жаңа қадам
Жастар үшін жаңа қадам
Партия хатшысымен кездесуге өңірдегі «Jastar ruhy» жастар қанатының белсенді мүшелері, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың жас депутаттары, блогерлер, жоғары оқу орындарындағы жастар ісі жөніндегі комитет жетекшілері, жастар қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары қатысты. Басқосуда жастарды толғандыратын өзекті сұрақтар жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ мәселелерді шешуге бағытталған «Аmanat» партиясының жобалары, жас кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігі кеңінен айтылды. Дәулет Кәрібек жалпы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жастардың рөлін күшейту – «Amanat» партиясының негізгі басымдықтарының бірі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ партия хатшысы жастардың мәселелерін өз ауыздарынан естудің маңызы жоғары екенін атап өтті. Басқосуда облыс жастарына қатысты түрлі мәселелер қозғалып, облыс белсенділері тарапынан ұсыныстар айтылды. Дәулет Жамаубайұлы мұнан соң партияның «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» жобаларының жүзеге асу барысымен танысу мақсатында Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының тұрғындарымен кездесті. Жұртшылықпен жүздесу барысында аталған жобаларды іске асыруда негізгі тетіктеріне тоқталды. Мұнан соң Дәулет Кәрібек «Аmanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы аймақтық кеңес төрағаларымен және мүшелерімен жүздесті. Кездесуде алдағы жоспарлар нақтыланып, мақсаттар айқындала түсті.
Айша ҚҰДАЙБЕРГЕН, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті