Жамбыл жаңалықтары

Тілсіз жау салғырттықты кешірмейді

Тілсіз жау салғырттықты кешірмейді

Оқу жылы аяқталып, балалардың жазғы демалысы басталды. Мектеп оқушыларының жазғы демалысы қалай өтеді? Лагерьлердің дайындығы қалай? Орманды және далалы алқаптардағы өрт қауіпсіздігі мәселесіне қаншалықты көңіл бөлінуде.

Осы келелі мәселелер кеше облыс әкімі Нүржан Нұржігітов қатысқан аппараттық кеңесте талқыланды. Жиынның басы жағымды жаңалықпен басталды. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов 1 маусымнан бастап Тараз – Атырау бағытында әуе рейсі ашылатынын хабарлады. Рейстер аптасына екі реттік жиілікпен орындалады. Билет құны – 25 000 теңге. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, облысымызда 11 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Бұдан бөлек алдағы уақытта жыл бойына жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығын ашу жоспарлануда екен. Биыл жоспар бойынша оқушылар сауықтырумен және түрлі демалыс шараларымен 100 пайыз қамтылады. – Биылғы жазғы демалыстың ерекшелігі – «Қазақстан халқы» қорының демеушілігімен жоспардан тыс облыстың 1 400 оқу үздігі, түрлі жарыстардың жеңімпаздары қала сыртындағы лагерьлерде сауықтырылатын болады. Сонымен қатар шілде айында ата-аналардың қолдауымен 10-14 жас аралығындағы 50 оқушы Астана қаласына 3 күндік экскурсияға барады. Тараз қаласында және аудандарда орналасқан тарихи-мәдени орындарға экскурсияға 10 932 бала қамтылады, – деді М.Азатұлы. Сондай-ақ түрлі республикалық, облыстық байқаулар мен жарыстардың 310 жеңімпазы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың 20 баласы Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығында демалыспен қамтылады. Келесі кезекте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев орманды және далалы алқаптарда өрт қауіпсіздігінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Департамент басшысы 2 жылдан бері орман өртінің азайғанын айтып өтті. Өткен жылы дала алқаптарындағы жанудың ең көп дерегі Шу ауданында тіркеліпті. 92 гектар жерде 11 жану оқиғасы тіркелген. Облыс аумағында ғарыштық мониторинг жүргізуге 2023 жылы облыс бюджетінен 8 миллион 830 мың теңге бөлінген. 2022 жылы 3 шалғай елді мекенде өрт сөндіру бекеті құрылған. Жақын арада Жамбыл ауданының Өрнек ауылында және Талас ауданының Майтөбе ауылында, Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылында өрт бекетін құру жоспарлануда. Облыстың ауылдық округтерінде жеке құрамы 2 128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылымдар жасақталған. Нақтырақ айтсақ, 508 трактор, 49 су тасушы техника, 88 өрт сөндіру мотопомпамен және 175 ранецті өрт сөндіргішпен жабдықталған. – Облыс аумағындағы қауіпті учаскелерді аралап шығу және олардың өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізу үшін облыстық бюджеттен биыл 47 миллион 478 мың теңге бөлінді. Ал орман қорының аумағын өрттен қорғау жұмыстарын жүргізуге 88 миллион теңге қарастырылды. Сондай-ақ мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 280 миллион теңге қаралды. Оған 10 трактор, 12 өртті сөндіруге қажетті техника, сондай-ақ 10 мотопомпа алу жоспарлануда, – деді Е.Момбаев. Жиындағы үшінші мәселе бойынша облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың баяндамасы тыңдалды. Ол орман шаруашылығы мамандарының еңбекақысы 1 шілдеден бастап жоғарылайтынын, ауылдық округтерде жеке құрамы 1 400 адамнан тұратын өртке қарсы құрылымдар құрылғанын жеткізді. Аталған үш мәселе де өзекті. Жиында Н.Нұржігітов әр мәселеге жіті тоқталып, сұрақтар қойып, қала, аудан әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА