Білім

ЖАМБЫЛДЫҚ ОҚУШЫЛАР РЕСЕЙДЕН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

ЖАМБЫЛДЫҚ ОҚУШЫЛАР РЕСЕЙДЕН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

25-30 сәуір күндері Королев қаласында Ресей Федерациясының жоғары білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ЮНЕСКО/ХООС кафедра-желісі департаментінің ұйымдастыруымен офлайн форматта оқушылардың «Адам – Жер – Ғарыш» қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының бүкілресейлік олимпиадасы өтті.

Халықаралық олимпиаданың мақсаты – ғылыми-техникалық, шығармашылық саласындағы дарынды балаларды анықтау және қолдау, балалар мен жастардың инженерлік-техникалық зерттеу мамандықтарына қызығушылығын арттыру. Жамбыл облысынан аталған халықаралық олимпиадаға 12 оқушы 8 жобамен қатысып, «Сохраним землю», «Флора и фауна», «Наш дом-земля», «Астрономия» секциялары бойынша ғылыми-зерттеулерін қорғады Конкурстың нәтижесі бойынша облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің оқушылары жеңімпаз атанып Ресей Федерациясының жоғары білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ЮНЕСКО/ХООС кафедра-желісі департаментінің директоры, «Созвездие» олимпиадасының меңгерушісі В.И.Васильевтың I, II дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Атап айтқанда, І дәрежелі дипломмен аталмыш мектептің 11-сынып оқушылары Жәни Битұрғанова, Сардор Бердібаев, Алуа Дүкенбай, Марғұлан Балтабай марапатталды. 11-сынып оқушылары Әділет Әлметов пен Рамазан Руслан ІІ дәрежелі дипломға ие болды. – Жалпы іс-шара 5 күн болды. Оның 3 күнінде қыдырдық, ал қалған 2 күнде жобаларымызды қорғадық. Менің қорғап шыққан тақырыбым «Күн тәжінің массасының лақтырылуының полярлық сәулелерге әсері» болды. Дегенмен бізге оңай болған жоқ. Ресейдің барлық аймағынан оқушылар қатысты. Біздің елімізден 12 оқушы барып, бәріміз жүлделі болып қайттық. Жетекшіміз Дарья Константиновнаның еңбегі ерен, ол кісіге рақмет айтқымыз келеді. Жалпы бұл олимпиаданың бізге берері көп болды. Жаңа достар таптық, – дейді олимпиада жеңімпазы Рамазан Руслан.

Айжан ӨЗБЕКОВА