Жамбыл жаңалықтары

ЖАС АҚЫНДАР БАҚ СЫНАДЫ

ЖАС АҚЫНДАР БАҚ СЫНАДЫ

Қазақ даласында ашаршылық 2 рет, яғни 1921-1922 және 1932-1933 жылдары орын алды. Бұл тарихтағы ең зұлмат кезеңдердің бірі әрі халық санасынан мәңгі өшпейтін қасірет. 1929-1937 жылдары қазақ қайраткерлері мен арыстарына қасақана жала жабылып, жазықсыз атылуы, жер аударылуы – орны толмас қайғы. КСРО дәуірінде қазақ халқының басына түскен нәубетті, ұлтқа қарсы жасалған саяси зұлымдықты жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. Осыған орай «Анаға тағзым» орталығы «Қасірет пен қасиет» атты жас ақындар мүшәйрасын жариялаған болатын. Аталған жыр додасы межесіне жетіп, оның қорытындысы да шықты. Орталықтың бірінші қабаты кітапханашылар ұйымдастырылған көрме мен екінші, үшінші қабатында сырлы әлем бейнелеу үйірмесінің қатысушыларының өнер туындылары көрме ретінде қойылды. Келген құрметті қонақтар сол көрмелер арқылы орталықтың тыныс тіршілігімен танысып шықты. Көрермендерге жақсы әсер қалдыру үшін тақырыпқа сай баннерлер ілінді. Ұлттық нақышта киім киген қыз балалары қонақтарды күтіп алып шараға қатысушылар мен қонақтарды мәжіліс залына жинады.Іс-шараның басын "Ерке сылқым" би ансамбльі "Ақ пен Қара" арпалысы атты бимен ашып берді. Оған қоса К .Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі – Маралбек Бабақұловтың «Балапан-қаз» атты әнді орындады.

Іс-шараның шымылдығы орталықтың хореография үйірмесінің «Ақ пен қара» биімен түрілді. Сондай-ақ сахналық қойылымдар көпшіліктің назарына ұсынылып, онда ашаршылық жылдарындағы халқымыздың басынан өткерген ауыр күндер мен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың тауқыметті тағдыры суреттелді. Жыр мүшәйрасы халқымыздың басынан өткен нәубетті кезең оқиғаларын баяндап, қазақ даласын қасірет жайлаған сол кезеңде қасиетін жоғалтпаған аналардың шеккен азабын, тартқан тақсіретін өлеңмен өріп, бүгінгі ұрпақ санасына сіңіруді көздеді. 16-35 жас аралығындағы ақындар қатысқан мүшәйрада Шығыс Қазақстан, Қызылорда облысы мен өз өңірімізден жолданған барлығы 16 өлең сарапқа салынды. Жас шайырлар ережеге сәйкес, яғни бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған өлеңдерін ұсынды. Жиынға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов қатысып, жыр мүшәйрасының мәні мен мазмұнына тоқталды. Арнайы шақырылған жамбылдық қаламгерлер, ақындар, зиялы қауым өкілдері де нәубет жылдардың себебі мен салдары неден туындағанын, қаншама ұлы тұлғалардың жазықсыз жазаланғанын тебірене сөз етті. Залда отырған көрерменнің де жанарына жас үйіріліп, ашаршылықтың зардабын тартқан жандардың азапты өмірлері сай-сүйектерін сырқыратқандай болды. Шараға қатысушылардың бәрінің көкейінде «енді ел басына мұндай күн тумаса екен» деген бір ғана тілек тұрғаны анық еді. Бұл тақырыпта қалам тербеген әр ақын қазақ халқының басынан өткен қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған тұлғалардың тағдырын жырдан қашап, қағаз бетіне түсірді. Қазылар алқасы байқауға қатысушыларды бағалау кезінде олардың ақындық өнеріне, сөз қолданысына, өлең ұйқасына, ой тереңдігі мен жүйелілігіне, сөз көркемдігіне, астарлы мағынасына, тіл тазалығына назар аударды. Осылайша І орын қызылордалық ақын Дина Бөкебайға бұйырды. Ал ІІ орынды тараздық Айжан Сырымбетова мен құландық Салтанат Қарасаева бөлісті. Жүлделі ІІІ орынды тараздық Жұматай Көксубай мен Назерке Оңғар және байзақтық Инабат Жасұланқызы иеленді. Жеңімпаздар арнайы дипломмен, ал қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Тахмина ӘШІРБАЙ, М Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті