Кәсіп

Табиғи майларды табыс көзіне айналдырды

Табиғи майларды табыс көзіне айналдырды

Бүгінде Үкімет шағын және орта бизнеске айрықша көңіл бөліп, көптеген жеңілдіктер жасауда. Соның бірі – қайтарымсыз грант. Әрине, 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа барлығы бірдей ісін дөңгелетіп әкете алмасы анық. Алайда іске епті, белсенді кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Мөлдір Кенжебекова.

«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып, иіс сабыннан гүл жасау кәсібін бастаған кәсіпкердің өніміне бүгінде тапсырыс берушілер қатары артып келеді. Гигиеналық өнім шығаратын шахын цехты үй жағдайында ашқан Мөлдірдің тұтынушыларының басым бөлігі әзірге Тараз қаласының тұрғындары. Ел арасында гигиенаға арналған тауарларды тек зауыт шығарады деген түсінік қалыптасқан. Негізінде сабынды үй жағдайында да дайындауға болады. Мәселен, Мөлдір Кенжебекова істі қолға алғанына көп болмағанымен тірлігі ақырындап алға жылжуда. Күнделікті қолданыстағы сабынды жасау идеясы қайдан келгенін білу және кәсібінің қыр-сырымен танысу мақсатында жас кәсіпкерді әңгімеге тарттық. Мөлдірдің жасы 25-те. Отбасылы, жарымен бірге ұл-қызын тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Мемлекет тарапынан қойылған талаптарға сай келген соң жобаға қатысқан. Медбике мамандығын алған ол әлеуметтік желіде сабын жасау шеберлік сабағын онлайн оқыған. Осылайша Мөлдір арнайы шеберлік сабағына қатысып, өзінің қызығушылығын дамытқан. Алдағы уақытта үй жағдайында иіс сабын, кір сабын, теріге арналған крем мен денеге арналған скрабтарды да әзірлегісі келетінін айтты. – Бұл бағдарламаға қатысуға бел байлап, комиссия алдына барғанда әртүрлі иіс сабын жасап алып бардым. Комиссия мүшелері көптеген сұрақ қойып, өнімге қызығушылық танытты. Расында, үй жағдайында табиғи майлардан сабын жасап, кәсіп ашуға болады. Мен қажетті құралдар мен шикізат өнімін алғым келетінімді айттым. Негізі сабынды құятын түрлі формалық затта 9 орын бар. Яғни 30 минутта 9 сабын жасауға болады деген сөз. Мен иіс сабынды кокос, пальма майларынан жасаймын. Әрине, иіс шығарғыш және түс беретін қоспа аздап қосылады. Дегенмен химиялық қоспаларды қоспаймын. Бұл таза табиғи экологиялық өнім. Сол себепті де дененің жұмсаруына сеп болып, проблемалық теріге де пайдасын тигізеді. Ал дүкенде сатылатын денеге арналған скрабтан мен жасайтын өнімнің айырмашылығы оның табиғи шикізаттық өнімнен жасалуында. Менің бизнес-жоспарыма барлығы оң көзқараспен қарап, грантты жеңіп алдым. Осылайша 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі қаражатқа қажетті құрал мен шикізаттарды алып, кәсібімді дөңгелете бастадым, – дейді кәсіпкер. Жуырда иіс сабын жасау әдісін жақындарына да үйретіп, сонымен қатар жұмысшы ретінде тіркеп те қойғысы келеді. Алдағы уақытта ол арнайы шеберлік сабақ жүргізетін әрі өнімін саудалайтын дүкен ашуды көздейді. Осылайша Мөлдір бірнеше азаматты жұмыспен қамтуды мақсат етуде. Сондай-ақ иіс сабын мен скрабты қонақүйлер мен дүкендерге сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Мемлекеттік қолдаудың шарапатын көрген Мөлдірдің сөзінше, қазір қолдан жасайтын кір сабындарға да сұраныс артуда. Ол үйде жасайтын кір сабынның қаттылығы жоғары және жақсы көпіретінін айтты. Сұхбат барысында кәсіпкер алдағы уақытта жоспарлап отырған кір сабынға да тоқталды. – Сабын бағасы грамына қарай арта береді. Сабын жасау ісіне жылдам бейімделіп кетемін деп ойлаймын. Дегенмен кәсіп бірден дамып кетпейді. Әрі кәсіптің танылуы үшін жарнаманың ауадай қажет екенін ұқтым. Сәуір айында халықты жұмыспен қамту орталығы арнайы көрмеге қатысуға шақырған. Бұл шара кәсіпкерлерді қолдап, олардың өнімін жарнамалауға үлкен септігін тигізері анық. Сол жерде келушілерге өзімнің визит карталарымды тараттым. Аллаға шүкір, қазір тапсырыс түсіп тұрады. Аздап тойбастар ретінде және сыйлыққа тапсырыс берілуде. Әрине, бұл бастамасы. Қазіргі уақытта үйде отырып та мемлекеттік бағдарламаның арқасында өзімнің табысымды тауып отырмын. Тараз қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы мен мамандарына өз алғысымды білдіргім келеді, – деді Мөлдір.

Гүлнара БАЙБОСЫНОВА, Тараз қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының маманы