Жаңалықтар

АСЫЛ ТАСТАН ТҰРҒЫЗЫЛҒАН АСҚАҚ ҚАЛА

АСЫЛ ТАСТАН ТҰРҒЫЗЫЛҒАН АСҚАҚ ҚАЛА

«Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт» деп Бұқар жырау бабамыз жырлағандай, елордамыз әрбір қазақстандық үшін басты орда! Парсы тілінен аударғанда елорда сөзі «киелі орын», «босаға» деген ұғымды береді екен.

Асанқайғы желмая мініп желдіртіп, Сарыарқаны аралап жүріп Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен», депті. Есіл өзенін көргенде: «Жары мен суы тең, жарлысы мен байы тең болатын жер екен», Нұраның бойын көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен», депті. Асанқайғы бабамыз іздеген жерұйық мекен сен бе екенсің, Астана! Тәкаппар ару секілді басын тік ұстаған Елорданың келбеті, сәулеті, ажары күн санап артуда. Талайлардың армандарын орындаған ару қалаға, ерке Есілдің бойына ел қонды, етек жиды, еңсесін көтерді. Сәулеті келісіп, дәулеті тасыған бас қала Астанаға қазіргі таңда төрткүл дүниенің түгел жұрты қызыға қарайды. Әрине, қызығатынындай да бар. Құрылыс нысандарын жобалауға шетелдік сәулетшілер, алдыңғы қатарлы құрылыс компаниялары тартылып, заңғар көкпен таласқан ғимараттар көздің жауын алмай қоймайды. Елордаға ағылған жұрт, біріншіден, «ЭКСПО» халықаралық көрмесін көруге асығады. Хай-тек стилінде соғылған шар тәрізді ғимараттың іші бірнеше деңгейден тұрады. Әрбір деңгей – белгілі бір энергия түрін насихаттауға негізделген. Екіншіден, елордамызға ат басын бұрған әрбір қонақ «Думан» ойын-сауық орталығына соқпай кетпейді. 2003 жылдың мамырында ашылған бірегей ойын-сауық орталығы ТМД көлемінде теңдесі жоқ океанариумнан, 5D кинотеатрдан, күмбезасты кеңістіктен және басқа да бірнеше нысаннан тұрады. «Думанның» океанариумы «мұхитарал» деп те аталады. Ол – мұхит атаулыдан 3 000 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан бірден-бір океанариум. Сондықтан Гиннестің рекордтар кітабына да енген. Бұл керемет мекенде теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрі тіршілік етеді. Үшіншіден, Астанадағы баршамыздың көргіміз келетін көрікті жерлер тізіміне «Тәуелсіздік сарайы», «Хан-Шатыр» сауда орталығы, «Қазақ елі» тәуелсіздік монументі, «Мәңгілік ел» аркасы, сәулеті келіскен «Астана-Опера» опера және балет театры, еліміздегі тұңғыш жабық «Астана-Арена» стадионы жатады. Сонымен қатар «Qazaqstan» орталық концерт залы, «Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Қазмедиа орталығы», «Хазірет Сұлтан» мешіті сияқты сәулеті мен сәні келіскен ғимараттар да бас қаламыздың ажарын ашып тұр. Ал сол жағалаудағы «Пекин», «Москва», «Абу-Даби Плаза», «Санкт-Петербург» сияқты нысандардың иық тірестіре орын тебуі көңіліңді бейжай қалдырмайды. Тура бір ғажайыптар еліне тап болғандай әсерге бөленесің. Айта кетерлігі, бас қаламыздан алар үлгі көп. Онда қоғамдық көліктер көпбалалы аналар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, мүгедектер, кәмелетке толмаған елорда тұрғындары, зейнеткерлер үшін тегін жүреді. Сондай-ақ жоғарыда айтқан тамаша ғимараттарға, көрікті жерлерге қыдыра барсаңыз көпбалалы аналарға, оқушыларға жеңілдік өте көп. Ұлттық музейге, қуыршақ театрына, оқушылар сарайына, аула клубтарына, жалпы барлық жерде ана мен балаларға айтарлықтай жеңілдік жасалған. Бүгінде Астананың айналасы жасыл желекке оранып, жайқалып келеді. Скверлер, саябақтар, субұрқақтар мейлінше көп. Иә, Астана – асыл тастан тұрғызылған асқақ қала. Ерке Есіл жағасында орналасқан, жаңа ғасыр ғажабынан жаралған ертегідей елорда – әлемдегі ең жас қала. Кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер, үкілі үміт, көркею, тәуелсіздік көрінісінің нышаны. Бас қаланың шаңырағы әлі де шарықтай түспек. Жаңа астананың келешегі толығымен XXI ғасырдың еншісінде. Ал оның ертеңгі еңсесін көтеретін, әрине, бүгінгі жас буындар.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА