ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІГІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІГІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Соғыс жылдарындағы жамбылдық жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің фашистік Германияны тізе бүктірудегі ерліктерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен ауқымды шараға есімі облысқа белгілі тарихшылар, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғамдық ұйымдар, мұрағат, мұражай және жауынгерлердің ұрпақтары қатысты. Жиынды «Даңқ» залының аға ғылыми қызметкері Құрманғазы Демешов ашып, жүргізіп отырды. Ол ел тағдыры сынға түскен қиын-қыстау кезеңде бар болғаны 300 мыңнан аса халқы бар Әулиеата өңірінің өзінен 70 мыңға жуық адам майданға алынғанын, оның ішінде 36 мыңға жуығы соғыста опат болып, хабар-ошарсыз кеткенін айта келе сөзді конференцияға қатысушы ғалымдарға берді. Іс-шара барысында тарихшы ғалымдар «Брест қамалы қорғаушысы атанғандар», «Москва, Сталинград, Курск, Смоленск, Калинин шайқастары», «Калинин майданы қаһарманы», «Ленинград, Новгород шайқасы», «Облысымыздың Ленинградқа көмегі», «Белорусьтың азат етілуі» тақырыптарында баяндама жасап соғыс жайындағы тың пікірлері мен ойларын ортаға салды. Жиында «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, соғыста қаза болғандарды деректеуші Әли Бекқұлұлы екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы ешқашан зерттеушілердің назарынан тыс қалмағанын, бұл тақырыпта жүздеген кітаптар, мыңдаған ғылыми-зерттеу мақалалар жарық көргенімен, сол бір зұлматты жылдардың әлі де ашылмаған қыры көп екендігін, тарихшылардың ескі сүрлеуден әлі де шыға алмай жатқандығын тілге тиек етті. Іс-шара соңында қонақтар назарына «Ер есімі – Ел есінде» атты тақырыпта көрме ұсынылып, «Тағзым» атты жауынгерлер даңқы жолымен түсірілген деректі фильм көрсетілді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ