Мал тұқымын асылдандыру – мол өнімнің кепілі
Мал тұқымын асылдандыру – мол өнімнің кепілі
Облыс әкімдігінің ветеринария және ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасарлары және аудандық ауылшаруашылығы бөлімдері, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің және «Асылдандыру-Тараз» ЖШС өкілдері, сондай-ақ Тараз қаласының және аудандардағы ветеринариялық стансасының өкілдері қатысқан шарада сала ғалымдары да өзекті ойларымен бөлісті. Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков өңірде 560 мыңға жуық мүйізді ірі қара бар екенін айта келе, аймақтағы 24 ауылдық округте мал басын асылдандыру бағытына тікелей облыс әкімінің қолдауымен 100 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп отырғанын жеткізді. Ал «Ауыл аманаты» жобасына енгізілген 10 ауданның 24 ауылдық округіндегі мүйізді ірі қара малының аналық бастарына мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүргізуде. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Акушерлік хирургия және малдардың өсіп-өну биотехнологиясы» кафедрасының профессоры Есенғали Үсенбековтің айтуынша, аймақтағы елді мекендерде қолдан ұрықтандырушы ветеринар мамандар бекітіліп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. – Жамбыл облысында ірі қараны асылдандыру жұмыстарына дайындық былтыр басталды. Жалпы елімізде 9 миллионға жуық мүйізді ірі қара бар болса, соның 80 пайызы жекеменшік секторда. Барлығы асылдандыруды қажет етеді. Себебі басым көпшілігінде мал ұсақталып, өнім сапасы төмендеп кеткен. Игі іске ел аумағы бойынша Жамбыл облысы бастамашы болып отыр. Біз өңірдің әр ауданының климатына қарай жеті түрлі ұрықты жеткізіп отырмыз. Барлығының генетикалық көрсеткіштері жоғары, – деді профессор. Жиын соңында аграрлық сала мамандары ұрықтандыру ісімен тәжірибе жүзінде танысты.
«AR-AI»-ақпарат