Спорт

VI ЖАЗҒЫ СПАРТАКИАДАНЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДА ӨТЕДІ

VI ЖАЗҒЫ СПАРТАКИАДАНЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДА ӨТЕДІ

Еліміздегі ең маңызды бұқаралық спорттық іс-шараның бірі – Қазақстан Республикасының жазғы спартакиадасы. Бұл спорттық шара 1956-1991 жылдары өткізілген КСРО-дағы негізгі бұқаралық спорттық жарыс болып табылатын КСРО халықтары спартакиадасының прототипі.

Қазақстан Республикасының жазғы спартакиадасы 2003 жылдан бастап әр 4 жыл сайын жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңында өткізіліп келеді. Байрақты бәсекеде еліміздің барлық өңірінен 27 спорт түрі бойынша 10 000-нан аса спортшы бақ сынайды. Қазақстан спортының басты додасы саналған спартакиаданы өткізудегі мақсат – республика өңірлерінде спортшыларды даярлау жөніндегі спорт ұйымдарының жұмысын қорытындылау. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командаларын жасақтау үшін жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша мықты спортшыларды халықаралық ресми жарыстарға, оның ішінде жазғы Олимпиада ойындарына, лицензиялық жарыстарға қатысу үшін кандидаттарды анықтау. Ханчжоуда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарының және 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының қарсаңында ұйымдастырылып жатқан VI жазғы Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі 2023 жылдың 30 мамырында Тараз қаласында өтеді. Айта кетейік, төртжылдықтың басты додасында грек-рим күресі, әйелдер күресі, еркін күрес, таеквондо, үстел теннисі, тректегі велосипед спорты, семсерлесу, спорттық гимнастика, батут гимнастикасы, бокс (әйелдер), баскетбол (ерлер, әйелдер), көркем гимнастика, волейбол (ерлер, әйелдер), дзюдо (ерлер, әйелдер), су добы (ерлер, әйелдер), қол добы (ерлер, әйелдер), садақ ату, байдарка мен каноэде есу, жүзу, велосипед спорты (тасжол), жеңіл атлетика, ауыр атлетика, оқпен ату, теннис, триатлон, стенд ату, бокс (ерлер) сынды түрлерінен жүлделер сарапқа салынбақ. Сонымен қатар жоғарыда айтылған спартакиада бағдарламасына енетін 27 спорт түрінің 3-еуі Тараз қаласында өтеді. Олар – су добы (ерлер, әйелдер), волейбол (ерлер, әйелдер) және дзюдо (ерлер, әйелдер).

Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі