Әлеумет

Есірткі – ессіздің ермегі

Есірткі – ессіздің ермегі

Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Десек те қауіпті індеттің алдын алу жұмыстары бір сәтке де тоқтамауы керек. Осы орайда М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институты да студент жастарға салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Жуырда дәрігер мамандардың қатысуыман «Нашақорлық – қауіпті індет, алдын алу – міндет» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді.

Басқосуда дәрігер Дилноза Абдувалиева, учаскелік медбике Айнұр Асанова есірткі заттарының денсаулыққа және адамның жеке тұлғасына орасан зор нұқсан келтіретіні туралы кеңінен түсіндірді. Алғашқы болып сөз алған Дильноза Абдувалиева нашақорлықтың қоғамға тигізер зардабы үлкен екендігін ескертті. – Қазақта «Жаны саудың тәні сау» деген жүйелі сөз бар. Соны әрдайым жадымызда сақтауымыз керек. Қоғам салауатты өмір салты дағдысы қалыптасқан, рухы биік, жандүниесі таза, адамгершілігі мол, білімді азаматтармен алға басады», деді ол. Мейірбике Айнұр Асанова болса, нашақорлықтың ең алдымен психикалық дерт екенін айтып дабыл қақты. – Нашақорлықпен айналысатын адамдар бақылауға көнбейтін,ақылға бағынбайтын өздерінің таңдаған препараттарына тәуелді. Әдетте оларды пайдаланушылар нәтижесінде теріс салдарға тап болғанына қарамастан, есірткі іздеуге және пайдалануға тырысады. Сондықтан медициналық жолмен қатар, науқасқа рухани қолдау беру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады», деп пікір білдірді А.Асанова. Тақырыпты талдау барысында студенттер көптеген психологиялық мағлұматтармен бөлісті. Әсіресе ПИП 21-1 тобының студенттері Әлия Әбдраукова, Шамшат Әмірхан, ПИП 22-1 тобынан Арайлым Керімхан белсенділік көрсетті.

Патима МАХАШОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы