Алғыс арқалаған Алина
Алғыс арқалаған Алина
Осыдан кейін жанына дауа іздеп шұғыл жағдайда 103 нөміріне хабарласқандардың ішінде жеңіл-желпі аурулар бойынша көмек сұрағандарға емханалардағы «Шұғыл медициналық көмек көрсету» бөлімшелерінің мамандары жіберіліп, соның арқасында жедел жәрдем жұмысы жеңілдей түскені анық. Сол себепті мұны жедел жәрдем жүйесі қызметін оңтайландыру деп те қабылдауға болады. Осы орайда біз облыстық жедел жәрдем стансасына барып, осы мекеменің оперативтік бөлім меңгерушісі Бекзат Абитаевтан емханалар жанынан ашылған «Шұғыл медициналық көмек көрсету» бөлімшелерінің нақты қандай көмегі тиіп жатқанын сұрадық. – Бұйрық бойынша шұғыл медициналық көмек көрсетудің 4 санаты бар. Бізге шұғыл шақырту түскенде диспетчер алдымен науқастың жағдайын сұрайды. Егер оның дерті 1, 2, 3-санатқа жататын болса, мұндай санаттағы науқастарға өзіміздің облыстық жедел жәрдем стансасының қызметкерлері көмекке барады. Егер науқастың жағдайы 4-санатқа жататын болса, диспетчер оның тұрғылықты мекенжайын анықтап, сол аумақтың халқына қызмет көрсететін емхананың шұғыл медициналық көмек көрсететін бөлімшелеріне хабар береді. Ары қарай ол науқаспен тиісті емхана айналысады. Тәулігіне облыс бойынша 1500-1600 шақырту түссе, оның шамамен 30-35 пайызына емханалар жанындағы шұғыл медициналық көмек қызметкерлері жіберіледі, – деді ол. Жалпы, мұндай қызмет облыстың кез келген ауданында, Тараз қаласындағы әрбір емханада бар. Емханалардың денінде бір-екі бригада жұмыс істесе, жұртқа 3 бригада арқылы қызмет көрсетіп жатқан емханалар некен-саяқ. Солардың бірі – Тараз қалалық №2 емхана. Аталған емхананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Абдреимова емханадағы «Шұғыл медициналық көмек көрсету» бөлімшесінде тәулік бойы 3 бригада халыққа үзіліссіз көмек көрсетіп жатқанын айтады. – Біздің емханаға «Ақбұлақ», «Қаратау», «Жайлау», «Салтанат», «Қарасу», «Талас» ықшамаудандары мен «Қарасу» иіні, «Тайвань», Шөлдала тұрғын алқаптары қарайды. Мұндағы халық – 68 200. Емханадағы «Шұғыл көмек бөлімшесі арқылы» 3 бригада ауысыммен тәулік бойы осы тұрғындар ішіндегі 4-санаттағы науқастарға көмек көрсетеді. 4-санат бойынша жедел аурулар мен созылмалы аурулардың асқынуы кезінде, науқастың өміріне және денсаулығына қауіп төндірмейтін жағдайларда көмек көрсетіледі. Фельдшерлік бригада шақырту алған уақыттан бастап 60 минут ішінде науқастың мекенжайына барып, көмек көрсетуге міндетті. Бүгінде тәулігіне 100-ге жуық шақыртулар болады. «Шұғыл медициналық көмек көрсету» бөлімшесі емхана территориясында тұратын жергілікті халқымызға барынша мейіріммен сапалы медициналық көмек көрсетудеміз, – дейді Гүлмира Икрамханқызы. Коронавирус инфекциясы өршіп тұрған шақта бар ауыртпашылық медицина саласында түскені белгілі. Індетпенен күресте ақхалаттылардың алдыңғы шепте жүргені де халық жадында. Міне, осы кезде Тараз қалалық №2 емхананың «Шұғыл медициналық көмек көрсету» бөлімшесінің бригадалары да тыным тапқан жоқ. Бүгінде індет ауыздықталып, халық қайтадан қалыпты өмір сүруге көшкенімен, 4-санаттағы науқастарға шұғыл көмек көрсету әлі тоқтаған жоқ. Осы қастерлі мамандықтың атына кір келтірмей, ауқымды жұмыс пен мол жауапкершілік арқалай отырып, халық ықыласына бөленген ақхалаттылар аз емес. Солардың бірі – №2 емхананың «Шұғыл медициналық көмек көрсету» бөлімшесінің фельдшері Алина Ағыбаева. Қордай ауданы, Қордай ауылының тумасы, 28 жастағы жас маман 2010 жылы Жамбыл медициналық жоғары колледжіне түсіп, осы оқу орнын емдеу ісі мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіреді. Одан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне құжат тапсырып, жоғары білімді психолог мамандығын бітіріп шығады. Ол алғаш еңбек жолын осыдан бес жыл бұрын психикалық жүйке аурулары интернат үйінде бастаған. Осы мекемеде екі жарым жыл медбике болып еңбек етіп, 2020 жылы психолог маманы ретінде аталған емханаға жұмысқа тұрады. Осы кезде әлемді дүрліктірген пандемия өршіп, тұрғындарға көмек қолын созуда білікті мамандар тапшылығы туындап, емхана басшылығының ұйғарымымен «Шұғыл медициналық көмек көрсету» бөлімшесіне уақытша фельдшер болып ауысады. Ол медицина саласы қызметкері үшін науқастың дертіне дауа ғана емес, мейірім сыйлай білу де парыз екенін айтады. – Адам өміріне араша түсер мамандықты таңдау үлкен жауапкершілік жүктейді. Адамдарға қол ұшын беру, олардың ықыласына бөленуден асқан бақыт жоқ қой. Мен мамандығымды осы үшін жақсы көремін. Осы көзқарасты ұстанған адам абыройдан кенде болмайтынын түйсінемін. Шаһарда денсаулығына байланысты шұғыл көмекке мұқтаж адамдар қатары өте көп. Олардың дені созылмалы ауруы барлар, яғни жүрек-қан тамыры ауруы бар тұрғындар. Егер қан қысымы көтерілсе, бірден біздің көмегімізге жүгінуді ұйғарады. Сонымен қатар қант диабеті, онкологиялық ауруы барлардан да шақырту көп түседі. Жалпы, медициналық көмекке мұқтаж кез келген адамға көмек көрсетуге әрдайым дайынбыз, – дейді Алина Ерікқызы. Көбіне орта буын медицина қызметкерлері дәрігердің тасасында қалатындықтан, олардың еңбегі қоғамда онша сөз бола бермейтіні белгілі. Десе де елгезек, қарапайым, мейірімді, өз ісін жан-тәнімен сүйіп атқаратын орта буын медицина қызметкері де еленбей қалмайды екен. Бұған біз пациенттердің Алина жайлы айтқан оң пікірі арқылы көз жеткіздік. – Анам 1957 жылғы. Ол ұзақ жылдан бері эпилепсия, паркинсон ауруына шалдыққан. Аяқ-қолының қақсайтыны да бар. Осы дерті арқылы емхананың арнайы есебіне алынған. Анамның жаны жай таппай кеткенде осы шұғыл көмек қызметіне жүгінеміз. Шұғыл көмекке екі-үш күнде бір жүгінсек, кейде күніне екі-үш мәрте шақыртатын кезіміз де болады. №2 емхананың «Шұғыл медициналық көмек көрсету» қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Әйтсе де анам шақырту бойынша үйге Алина келгенде жүзі жылып сала береді. Ол науқастың жанын түсінетін, бар болмысымен сезінетін маман – дейді «Салтанат» ықшамауданының тұрғыны Ақбота Исмаилова. Қоғамда өз міндетін адал атқарып жүрген ақхалатты абзал жандар жетерлік. Соның ішінде халық ықыласына бөленіп жүрген Алина Ерікқызындай әрі жас, әрі орта буын медицина қызметкерлері көп емес. Мына заманда біреуді-біреу күні үшін мақтай беруі мүмкін. Алайда жанына дауа іздегендердің медицина қызметкерлеріне берген бағасы қашанда әділ деп білеміз. Нұрым СЫРҒАБАЕВ