Әлеумет

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ӘЛЕККЕ САЛЫП ЖҮРМЕСІН

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ӘЛЕККЕ САЛЫП ЖҮРМЕСІН

Бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша ақпараттар алмасу мүмкіндігі әлеуметтік желі жүйесінде өте кең таралуда. Адамдар желіні қолдану арқылы өте алыс қашықтықты бағындырып, басқа елдер және құрлықтармен еркін байланыс құруда. Өкінішке қарай, ғаламтордың осындай жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды.

Ең әуелі, экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушыларының әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін қолданады. Яғни олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған топтар болып табылады. Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіні белгілі. Ал мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпараттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда олар, шынтуайтында, халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі ықтимал. Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіреді. Экстремистік және террористік ұйымдар жеке веб-сайттарын құрумен қатар, порталдардағы, әлеуметтік желілердегі форумдарда да жұмыс жүргізеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер бүкіләлемдік ғаламтордағы ең танымал қызмет түрі болып отыр. Статистикаға сүйенсек, ғаламтор қолданушыларының 90 пайызы әлеуметтік желілерді қолданады. Деректерге қарағанда, тіркелген қолданушыларының саны бойынша әлеуметтік желілердің алғашқы ондығына «Facebook» (1,4 миллиард), «Youtube» (1 миллиард), «Google» (500 миллионнан аса), «Twitter» (500 миллионнан аса), «Bконтакте» (230 миллионнан аса), «Одноклассники» (205 миллионнан аса) және тағы да басқалар кіреді. Осы әлеуметтік желілер арқылы мұндай ұйымдар танымал хэштегтерді алып, оның мазмұнына өз материалдарын көптеп орналастырады. Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы қоғам санасына ғаламтор кеңістігі мен заманауи электрондық бағдарламалық қосымшалар, жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы ақпараттық-психологиялық әсер ету арқылы енуде. Соның салдарынан азаматтардың отансүйгіштік сезімі мен төзімділік принциптері, құндылықтық бағыттары мен этикалық нормалары өзгеріске ұшырап, отбасына іріткі салу, қоғамның жікке бөліну қаупі туындауда. Қоғамда радикалды діни идеялар туралы жүйелі және жоспарлы түрде ақпарат тарату террористер мен экстремистер өз қатарларына жаңа мүше тарту мақсатына бағытталған. Бұл әрекеттер әсіресе жастарға бағытталғаны да жасырын емес. Діни тақырыптар бойынша ғаламтордың отандық сегментіндегі қауымдастықтарының саны мен ерекшелігі туралы айтатын болсақ, «Вконтакте» және «Facebook» секілді әлеуметтік желілердегі ең белсенді қоғамдастықтардың шамамен 70 пайызы дәстүрлі емес ислам идеологиясына қатысты екен. «YouTube», «Facebook», «Instagram», «Вконтакте», «Twitter», «Telegram» сияқты әлеуметтік желілердің пайдаланушыларының арасында да әлеуметтік желілер мен медиа порталдар арқылы мемлекеттік жүйені құлатуға тікелей және жасырын шақыру, қолданыстағы заңдарды, зайырлы этика мен мораль нормаларын мойындамау фактілері де кездеседі. Сондықтан діни мәліметті, қажетті пәтуаны іздеген әрбір азамат шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбай, өз еліміздегі kazislam.kz, muftyat.kz (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты) және онымен серіктес fatua.kz, azan.kz, muslim.kz, ummet.kz сияқты еліміздегі сенімді сайттарға жүгінгені жөн.

Байқадам ЕСІМОВ, облыс әкімдігі дін істері басқармасы дін проблемаларын зерттеу орталығының Қордай ауданы бойынша арнайы бөлім инспекторы