Әлеумет

Ұрпақтар сабақтастығы және бүгінгі ұрпақ

Ұрпақтар сабақтастығы және бүгінгі ұрпақ

Ұрпақ. Осы бір сөзде қаншама мән жатыр. Балаң, оның баласы, сенің жалғасқан ұрпағың. Жеті ата, жеті ұрпақ деген сөз бар. Ұрпақ- қазақтың дәстүрі бойынша бір атадан өрбіген он атаға дейінгі туыстас үрім-бұтақ. Олар әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат, туажат, жекжат, жұрағат. Дегенмен, әр кезеңнің өз ұрпағы, әр ұрпақтың өз таным-түсінігі, көзқарасы бар.  Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы боп қадалатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты  білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалар мен жастар тәрбиесінің болашағы – оларды адамгершілік – рухани жағынан нағыз адам етіп қалыптастыру керек. Сонда ғана нағыз толыққанды тұлғаға айналады.Тәрбиедегі басты мәселе – балалардың тұлға аралық қатынасын дәріптеу,  өз құрбы – құрдастарымен, отбасы мүшелерімен қарым – қатынасын жасай білу, ол үшін өзге адамдарды түсінуі, қабылдауы, әр адамның даралық ерекшелігін жасына, ұлтына қарамастан саналы  түсіне білуі, өзіне сын көзбен қарап, өзінің көңіл – күйін, атқарған іс - әрекетінің есебін түсініп, істеген ісінің нәтижесіне өзіндік баға бере алғанда оның болашағы биікте болары сөзсіз.Бүгінгі бала тек мұғалім берген білімді игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өзінің белсенді, нысаналы, зерделі , дарындылық іс - әрекетімен сабақтастыра білгенде болашағы кемел болары сөзсіз. Адам болашағын шешетін де тәрбие екендігі ежелден белгілі. Адам өмірінде тәрбие мәңгілік категория болса, оны ұйымдастыру, жүзеге асыру еш уақытта ескірмейтін, қайта күн озған сайын жаңарып, әрбір кезеңнің өз талабына сай жетіліп отыратын үздіксіз үрдіс деп түсінеміз. Білім беру жүйесі алдында оқушыны ойлауға, алдынан шығатын түрлі мәселелерді шешуге қажетті әрекет тәсілдерін үйрету міндеті тұр. Тәрбие жұмысын жандандыруда белгілі бір үйлесімділік болмаса, іс алға баспайды. Ұрпақты тәрбиелеу – аға ұрпақтың мойнына жүктелетін тарихи парыз. Білім жолында ұлтына рухани байлық сыйлаған ұлы Абай, Ыбырай, Мағжандардың бала тәрбиесімен сабақтас ойларын жүзеге асыру керек-ақ. Мағжан: «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесі. Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны», – деген ой түйіндейді.

А.Құрманова

Ш.Уалиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебеп ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі