ВИЗАСЫЗ РЕЖИМНЕН ҰТАРЫМЫЗ НЕ?
ВИЗАСЫЗ РЕЖИМНЕН ҰТАРЫМЫЗ НЕ?
Келісімге сәйкес ел азаматтары жеке істер, туризм, ем қабылдау, халықаралық тасымалдар, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды (келісімшарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету, басқа да іскерлік мақсаттар) жүзеге асыру мақсатында Қытай аумағына 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады. Сондай-ақ 180 күн ішінде Қытайда болған күндерінің жалпы саны 90 күннен аспауға тиіс. Сәйкесінше Қытай азаматтарының Қазақстанға келуіне де дәл осындай шарттар қолданылады. Ал құжатта көрсетілген мерзімнен артығырақ қалғысы келетін адамдар виза рәсімдеуі керек. Мамандардың сөзіне сүйенсек, Қытаймен визасыз режим енгізу Қазақстан төлқұжатының күшін арттырады. Осылайша Шығыс Азияның есігі кеңірек ашыла түсті. Сарапшы келешекте Жапония, Үндістан, Еуропалық одақ, АҚШ секілді басқа ірі мемлекеттер де осы тізімге қосылуы мүмкін екенін алға тартады. Жалпы «Henley Passport Index» деп аталатын төлқұжат рейтингін сараптайтын орталықтың мәліметіне сүйенсек, жер-жаһанда паспорты ең мықты мемлекет – Сингапур. Аталған елдің азаматтары 194 мемлекетке емін-еркін кіре алады. Бұдан кейін Жапония (193 мемлекет), Германия (192), Италия (192), Оңтүстік Корея (192) және Испания (192) тұр. Қазақстан аталған тізімнің 66-сатысына жайғасқан. Ел азаматтары 76 мемлекетке визасыз немесе жеңілдетілген виза тәртібімен бара алады.
«AR-AI»-ақпарат