Руханият

ЕЛНҰР НАҒЫЗ ЕР ЕКЕН ТАРАЗДА «ЖІГІТ СҰЛТАНЫ – 2022» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

ЕЛНҰР НАҒЫЗ ЕР ЕКЕН ТАРАЗДА «ЖІГІТ СҰЛТАНЫ – 2022» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Отан қорғаушылар мерекесіне орай Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жігіт сұлтаны – 2022» байқауы өтті. Жарысқа 16-29 жас аралығындағы 10 үміткер қатысты.

Алғашқы таныстыру кезеңінде жігіттердің білім, біліктілігі, сөз саптау, сөйлеу мәнері сыналды. Қатысушылар өзін, ата-тегін, өскен жерін дүйім жұртқа таныстырды. Бұл кезеңде шаршы топтың алдына шығып тосылғандар да болды, арыны қатты ақындар да болды. Байқаудың екінші кезеңінде садақ ату, ләңгі тебу және асық ату шеберліктері сыналды. Бұл сынақ та тартысты өтіп, көрермендер мен қазылар алқасы қатысушылардың шапшаңдығы мен ұтқырлығына тәнті болды. Үшінші кезеңде жігіттер өз өнерлерін паш етті. Бірі құлақтың құрышын қандырып ән шырқаса, енді бірі ұлттық өнерімізді ұлықтап, өзгелері көрініс көрсетті. Айта кетейік, қатысушылардың сахна мәдениетіне сәйкес киінуі де ескерілді. Әділ қазылар алқасының шешімімен I орынды Елнұр Бектаев иеленсе, II орынды Жансерік Амангелді, ал III орынды Нұрдаулет Жолдыбаев жеңіп алды. Сонымен қатар қатысушылар арнайы номинациялармен және ынталандыру сыйлықтарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Аяулым ЖАМАНҚАРА