Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының жаңа кезеңі
Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының жаңа кезеңі
Еңбек жолын сыртқы саясаттан, яғни 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде бастап, Кеңес одағының Сингапур Республикасындағы елшілігіне жұмысқа жолданған Қасым-Жомарт Тоқаев та ел тізгінін қолға алған сәттен бастап қалыптасқан ішкі-сыртқы саясаттағы стратегиялық сабақтастықты сәтті жалғастырып, көреген көшбасшы, сұңғыла саясаткер екенін танытты. Мемлекет басшысының осы уақытқа дейінгі шетелдерге сапарлары, екіжақты қарым-қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуі елімізді жаңа белестерге бастап, мол мүмкіндіктерге жол ашуда. Алпауыт мемлекеттермен достық, ынтымақтастық қарым-қатынастың арқасында ынтымақ-бірлігімізге, тыныштығымызға сызат түспей, еліміздің дамуы мен өркендеуіне қуатты серпін сыйлауда. Елімізді алға бастайтын қаншама келіссөздер жүргізіліп, келісімшарттар жасалуда. Мәселен, жуырда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында 47 келісімге қол қойылған. Сондай-ақ қазақ-қытай инвестициялық «дөңгелек үстелінде» құны 22 миллиард доллар болатын келісімшарттар жасалған. Ендеше Мемлекет басшысының Қытайға сапарына аз-кем шолу жасап, қандай келісімдерге қол қойылғанын, келісімшарт аясында алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстардың жай-жапсарын саралап көрген едік. Сонымен... Сапар аясында Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, бірқатар келіссөз жүргізді. «Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды», деген ел Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға дайын екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Ал өз кезегінде Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады. Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты. Келіссөздерден кейін екі ел басшысы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сонымен қатар екі ел делегациясы мүшелерінің маңызды құжатқа қол қою рәсімі өтті. Бірқатарын атап өтер болсақ, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі; техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы; индустрияландыру және инвестициялық ынтымақтастық жоспары; Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім; халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім; ҚР-дан ҚХР-ға күнбағыс, мақсары, соя және зығыр тұқымының шротын (күнжара) экспорттауға қойылатын санитариялық және фитосанитариялық талаптар жөніндегі хаттама секілді құжаттарға қол қойылды. Ал қазақ-қытай инвестициялық «дөңгелек үстеліне» қатысқан Қ.Тоқаев өз сөзінде әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты. Қазақстанда Қытай қаржысы жұмсалған бірқатар ірі компания табысты жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде «CNPC», «CITIC», «NFC», «Sinopec», «Huawei» сияқты корпорациялар бар. Дегенмен біз ынтымақтастығымыздың әлеуетін одан әрі игеруіміз керек», деді Президент. Жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы мұнай-газ саласы талай жылдан бері табысты әріптестіктің негізі болып келе жатқанын айта келіп, алдағы уақытта «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын кеңейту жоспарланып отырғанын жеткізді. Президент келесі кезекте еліміз сирек кездесетін металдардың мол қорына ие екенін тілге тиек етіп, осындай кенді өндірудің және өңдеудің озық технологиясын енгізуге мүдделі екенімізге тоқталды. «Қытайда электромобиль жасау ісі қарқынды дамуда. Сол себепті литий өндіру саласындағы серіктестікті нығайтудың болашағы зор. Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. «Chery», «Jac», «Exeed» және «Haval» брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда. Бүгін екі елдің компаниялары тиісті келісімдерге қол қояды», дей келе, электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін мол саланың бірі – агроөнеркәсіп. Соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе, өсімдік майы 2 есе артқан. Сонымен қатар Президент елімізді қант өнімімен толық қамтамасыз ету көзделіп отырғанын жеткізіп, Қытай компанияларын қант өндірісін дамытуға белсене атсалысуға шақырды. Жиын барысында Президент құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың назарын аударды. Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзінің соңында елімізде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бұл кездесу екі елдің сауда-экономикалық серіктестігін нығайта түсетініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне онлайн режимде қатысты. Ол өз сөзінде салтанатты рәсімге қатысушыларды құрылыстың басталуымен құттықтап, аталған жобаның маңыздылығын атап өтті. Айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін құруды ұсынған. Бүгінгі іс-шара Қытай төрағасының сол бастамасымен толық үндеседі. Қазақстан көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Сол себепті Қазақстан жаһандық жобаға барынша қолдау көрсетті. Енді келесі жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроникаларды, компьютер бөлшектерін, автомобильдер мен автобөлшектерді, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, аяқкиім мен аксессуарларды, азық-түлік және ауылшаруашылық өнімдерін, құрылыс өнімдері мен құрылыс материалдарын, сондай-ақ рудаларды, металдарды және химиялық өнімдерді тасымалдау жоспарланып отыр. Мұнан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай мен газ өндіру, өңдеу және тасымалдау, мұнай химиясы, энергетика, жаңартылатын энергия көздері, металлургия, телекоммуникация, қаржы-банк қызметі және инвестиция салалары бойынша жұмыс істейтін Қытайдың ірі компаниялары басшыларымен кездесіп, Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, мемлекеттік сапарын қорытындылап сөз сөйледі. – Төраға Си Цзиньпинмен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ бірлескен мәлімдеме жасалды, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Шынтуайтында, бұл сапар қазақ-қытай ықпалдастығының «30 жылдық алтын дәуірін» бастады деуге болады. Әрине, бұл сапардың мән-мағынасы ерекше. Бүгін – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы үшін тағы да бір аса маңызды әрі тарихи күн. Біз Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашқалы тұрмыз. Бүгінде Сиань – «Бір белдеу – бір жол» экономикалық белдеуінің маңызды бекеті. Шэньси өлкесі және Сиань қаласы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Қазақстан облысымен және Шымкент қаласымен бауырластық қатынас туралы келісімге қол қойылды. Бұл шаралар екі ел арасындағы барыс-келісті жандандыра түсері сөзсіз. Бас консулдық осы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Цинь Ганның айтуынша, Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығының ашылуы екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Қазақстан – Қытайдың Шэньси провинциясында өзінің дипломатиялық өкілдігін ашып отырған Орталық Азиядағы жалғыз ел. Жалпы сарапшылардың айтуынша, қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас тұрақты. Екі ел байланысының негізі экономикалық, дипломатиялық және достық сипатқа құрылған. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық, тұрақтылық елімізді табысқа бастап, жарқын жетістіктерге жетелейді деп сенеміз.
Талғат НҰРХАНОВ