Жамбыл жаңалықтары

Атқарылған жұмыс та, алдағы жоспар да ауқымды

Атқарылған жұмыс та, алдағы жоспар да ауқымды

Бүгінде облысымыздың экономикасы қарқынды дамып, тұрғындардың әл-ауқаты күн өткен сайын жақсарып келеді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына Жамбыл жеріне тартылатын инвестиция көлемінің жылдан-жылға ұлғаюы, ауылшаруашылық саласының алға басуы, шағын және орта кәсіпкерлік пен іргелі кәсіпорындардың ырғақты жұмыс істеуі секілді барлық саладағы істердің жандануы сеп болғаны анық. Жалпы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен әулиеаталықтардың тыныс-тіршілігі жайлы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кеше Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында егжей-тегжейлі баяндаған болатын.

Көрсеткіш көңіл көншітеді

Аталған баспасөз мәслихатында Нұржан Молдиярұлы Мемлекет басшысының Жолдауларынан туындаған міндеттердің жүзеге асырылуын, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, өңірді дамытуға қатысты алдағы жоспарлар мен экономикалық ахуалын кеңінен сөз етті. Оның ішінде Президенттің тапсырмалары облыста дер кезінде жүзеге асырылуының нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқанын айта кетуіміз керек. Облыстың жалпы өңірлік өнімі өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 2 триллион 749 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,3 пайыз деңгейінде қалыптасыпты. Осы жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша экономикалық өсім 103 пайызды құраған. Оның ішінде өнеркәсіп – 103,7, ауылшаруашылығы – 102,1, құрылыс – 147,3, тұрғын үй көлемі – 105, инвестиция – 107,4, сауда – 100,7, байланыс – 111,7, инфляция – 103,8, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Осылайша бюджеттің игерілуі 99,5 пайызды құраған.

Мемлекет басшысының алға қойып отырған басым міндеттерінің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту. Осы жылдың 4 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 292,4 миллиард теңгені құрап, 103,7 пайыз қалыптасты. Өңдеу саласының драйверлері қатарындағы – минералды тыңайтқыштар өндірісі 3,1 есеге, қант 27,9, ірімшік және сүзбе 32,4 есеге жетті. Жеңіл өнеркәсіп 22,5 пайызға өсіп отыр. Саладағы 13 ірі, 21 орта, 800 шағын, барлығы 834 кәсіпорында 43 мың 100 адам жұмыс істейді. Алдымызда саладағы өнім көлемін 105 пайызға көтеру міндеті тұр. Есепті кезеңде өңірге 89,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 7,4 пайызды құраған. Жалпы ағымдағы жылы өңірге 572 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген. Сонымен қатар осы жылы 85,4 миллиард теңгеге 491 жұмыс орнын құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Ал 2025 жылға дейін 1 триллион 900 миллиард теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. – Өңірде бұл жұмыстарды жүзеге асыру өз жүйесін тапқан. Апта сайын облыс әкімдігінде инвестициялық штаб отырысы өткізіліп тұрады. Соның арқасында, яғни бүгінге дейін өткен 32 штаб отырысында 84, оның ішінде 21 шетелдік инвестициялық жоба қаралып, облысқа 69 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар өткен айдың 26-27 сәуір күндері «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумын өткіздік. Оған 14 шет мемлекеттен 41 компания, 16 шетелдік елшілік, 7 халықаралық ұйым, 521 басқа өңірлердегі кәсіпорын, жоғары оқу орындары, ғылыми зерттеу институттары, қауымдастықтар өкілдері, өз облысымыздан 412 өкілі қатысты. Форум аясында табиғи тастан гофрланған кортондар шығаратын «KazStoneBox» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және құрама жем өндіретін «Алель Агро» акционерлік қоғамының зауыттары іске қосылды. Сонымен қатар «Almaly resort» этномәдени демалыс орны ашылып, цемент зауытын өндіретін «Korcem» кәсіпорнының іргетасы қаланды. Шара барысында отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында 17 келісім мен меморандумға қол қойылды. Оның ішінде шетелдік 5 ірі компаниямен 700 миллион АҚШ долларына, 12 компаниямен 96,5 миллион АҚШ долларына келісімдер мен меморандумдар жасалды. Аталған форумға дипломатиялық корпустың 20 өкілі қатысып, өзара ынтымақтастық бөлігінде келіссөздер жүргізді. Форум шеңберінде бірқатар шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, электр энергиясы бойынша 3, инфрақұрылым тарту бағытында 4, жер мәселесі жөнінде 5 және газ тарту бойынша 2 жоба оң шешімін тапты. Облыстың күн, жел және су арқылы электр стансаларын салудағы әлеуеті өте жоғары. Сондықтан бірқатар шетелдік инвесторлар өңірде жел электр стансаларын салуға қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен облыста бірқатар ірі жобалардың іске асуы жоспарлануда. Атап айтқанда, франциялық «Total Eren» Мойынқұм ауданының Мирный кенті маңында, Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» және «Kidf» компаниялары Жуалы және Талас ауданында қуаты 1 ГВтты құрайтын ауқымды жел электр стансаларын салуға ниет білдіріп отыр. Мемлекет басшысының кешегі Қытай еліне ресми сапары кезінде қытайлық «State Power Investment Corporation» компаниясымен тағы осындай бір жобаға келісім жасалды. Нәтижесінде бұл салаға тартылатын қаржының көлемі шамамен 3,0 миллиард АҚШ долларынан асатын болады. Мұнымен бірге облыстың жаңартылатын энергия көздерінің республикадағы үлесін 40 пайызға дейін жеткізу жоспарымызда бар, – деді Нұржан Молдиярұлы. Өңірде шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Осы жылдың 4 айында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 102,9 мың бірлікті құрап, 37,7 пайызға артыпты. Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған салада жұмыспен қамтылғандардың саны 151,9 мың адамға жеткен. Яғни көрсеткіш 22,6 пайызға ұлғайған. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 198 жобаны жүзеге асыру мақсатында 10,7 миллиард теңге несие берілген. Сондай-ақ 1 100 кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсету арқылы жұмыс істейтін субъектілер санын 106 мыңға дейін арттырып, ондағы жұмыспен қамтылғандардың санын 155 мыңға дейін ұлғайту көзделіпті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 70,7 миллиард теңгеге 190 жоба қаржыландырылған. Ауылшаруашылық саласын қолдауға биыл 27,4 миллиард теңге субсидия бөлініпті. Нәтижесінде 4 айда өнім 2,1 пайызға артып, 57,5 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде егін шаруашылығы – 0,7 миллиард, малшаруашылығы 56,8 миллиард теңге болған. Осы жылы аталған салада 11 миллиард теңгеге 11 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Осыған сәйкес 225 жұмыс орны құрылады деп жоспарланыпты. 770,4 мың гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланса, тиісті жұмыстар қазір аяқталуға жақын. Оның ішінде 398,3 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 44,6 мың гектарға көкөніс, 11,8 мың гектарға картоп, 10,4 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылады екен. Сонымен бірге 72,1 мың гектарға майлы дақылдар, 61,6 мың гектарға көкөністер мен бақша дақылдары және 216,2 мың гектарға мал азығы дақылдары егілуде. Малшаруашылығында да айтарлықтай өсім бар. Мәселен, 4 айда 36,2 мың тонна тірі салмақтағы ет, 84,3 мың тонна сүт, 34 мың дана жұмыртқа өндірілген. Жыл қорытындысымен саладағы өнім көлемін 10, ал техниканы жаңарту деңгейін 12 пайызға арттыру міндеттеліпті. Жалпы ауылшаруашылық саласында 2025 жылға дейін 181,2 миллиард теңгеге 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын 23 инвестициялық жобаны іске асыру межеленген. Өңірде қант өндірісін дамытуға аса мән беріліп отырғаны анық. Бұған қант қызылшасы алқабының көлемін өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға ұлғайту ісі қолға алынғаны дәлел бола алады. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз. – Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы суармалы жер көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыста суармалы егіс алқабын ұлғайту үшін ауқымды шаралар қолға алынды. Ол үшін арнайы Жол картасы бекітілді. Соның аясында 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделуде. Оның ішінде Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы – 53,9 мың гектар, ПУИД-2 бағдарламасы бойынша 15,2 мың гектарды, су жүйелерін қалпына келтіру жол картасы бойынша 54,9 мың гектар қалпына келмек. Халықаралық қаржы институттары, яғни «Еуропа қайта құру және даму банкі» мен «Халықаралық қайта құру және даму банкі» арқылы 40 миллиард теңге қаржы бөлініп, оның 19,6 миллиард теңгесі игерілді. Нәтижесінде 33,9 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілсе, ал межелі жоспар – 69,1 мың гектар. Сонымен қатар 257 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы 54,9 мың гектар алқапты айналымға қосуды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен 11, республикалық бюджет есебінен 3 суқойманың құрылысы жүргізілетін болады. Ауылшаруашылық мақсатындағы су тапшылығын жоюдың бірден-бір тетігі ретінде біз жерасты суы қорын пайдалануды қолға алдық. Бұл ретте 646 ұңғыма қазу жоспарланып, бүгінгі таңда оның 86-сы қазылды, – деді Н.Нұржігітов.

Жайылым кеңейіп келеді

Аталған баспасөз мәслихатында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы жемісті жүзеге асырылып жатқанын сөз етті. 2019 жылы облыста басталған пилоттық жоба өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетіп, Президент оны ел көлемінде масштабтандыру жөнінде міндет жүктегені баршаға белгілі. 2019-2022 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен қамтылған 24 ауылдық округтегі 58 ауылда осы жылдары 34,2 миллиард теңгеге 240 жоба іске асырылыпты. 2025 жылға қарай жобамен қамтылған елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен, қызметтермен қамтамасыз ету деңгейін 92,2 пайызға жеткізу көзделген екен. Облыста жайылым жердің тапшылығы өте өзекті мәселе екені баршаға аян. Бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны жерге шын мұқтаж азаматтарға беру де Президент тапсырмасынан туындаған міндеттердің бірі. Бұл бойынша жұмыс 2021 жылдан бері қолға алынып, ол 5 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бос жатқан жерлерді зерделеу барысында 683,6 мың гектар жайылым жер жетіспейтіні анықталыпты. Қазір шаруашылықтарды, елді мекендерді жайылым жермен қамтамасыз ету ісі қарқынды жүргізілуде. Биыл жоспарға сәйкес 200 мың гектар игерілмеген, заңсыз берілген жайылым жерлерді кері қайтару және 69,3 мың гектарды елді мекендерге жайылым жер ретінде қосу міндеті тұр екен. Өңірде, оның ішінде облыс орталығы Тараз қаласында тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Аудан орталықтары мен Тараз қаласында жаңа тұрғын алқаптар мен ықшамаудандар бой көтеруде. Жыл басынан бері 155,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 698,7 мың шаршы метр тұрғын үйді ел игілігіне беру жоспарланған. Сонымен қатар осы жылы 3,3 миллиард теңгеге 44 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. 42 көппәтерлі тұрғын үйдің аулаларына ойын алаңшалары салынады. Биыл 1 миллиард теңгеге 77 инженерлік инфрақұрылым нысанын іске асырып, 869 жер учаскесін тарату және әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы отбасыларға 7,6 миллиард теңгеге 797 пәтер сатып алу көзделіпті. Президенттің халыққа арнаған өткен жылғы Жолдауында 5 жылдың ішінде елді мекендерді 100 пайыз таза ауызсумен қамту атап көрсетілген. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде облыста бірқатар шаралар атқарылуда. Мысалы, 2023 жылы 13,6 миллиард теңгеге 54 жоба іске асырылмақ. Соның арқасында 32 елді мекен (31,3 мың адам) қамтылып, халықтың сапалы ауызсумен қамтылу деңгейі 92 пайыздан 96,5 пайызға артпақ. – Газдандыру мәселесіне тоқталар болсам, биыл 11,8 миллиард теңгеге 16 жоба аясында қосымша 18 елді мекенді табиғи газбен қамтып, газ тартылған елді мекеннің үлесін 90,2 пайыздан 92 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. 2023 жылы автожол саласын дамытуға 24,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5 миллиард теңгеге артық. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр жөнделген елді мекен көшелері 367 шақырым болса, биыл бұл 550 шақырымды құрап отыр. Атап айтқанда, 3,3 шақырым көше жолдары құрылыспен, 11,4 шақырым жол қайта жаңғыртумен және 777,3 шақырым жол орта жөндеумен қамтылатын болады. Осының есебінен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 97 пайыздан 98 пайызға жетеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құруға» қатысты берген тапсырмасына сәйкес биылға 13 мың 400 жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 4 486 жұмыс орны құрылды. Биыл 54,2 мың адамды жұмыспен қамтуға 13,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Осы жұмыстардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың саны жыл сайын азаюда. Мысалы, 2021 жылы атаулы көмек алушылар саны 61,4 мың болса, биыл бұл межені 46,5 мыңға дейін түсіру күтілуде. Ал облыстың даму жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін барлығы 83,7 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Президент айқындап отырған басты мәселенің бірі – адам капиталын дамыту. Ол үшін біз бар мүмкіндіктерді пайдаланудамыз. Атап айтар болсам, ағымдағы жылы облыстың білім саласына 317,7 миллиард теңге қаражат бөлінді. Осы арқылы 17 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізілетін болса, қазіргі таңда 25 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Байзақ ауданында 1 200 орындық 2 мектеп, Қордай ауданында 600 орындық 2 мектеп, Тараз қаласында 5 000 орындық 4 мектеп бар. Биыл 14 нысанның құрылысы аяқталып, 17 нысан түгел күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ мектептерді жаңғыртуға 2 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Кейінгі 30 жыл ішінде облыста барлығы 132 мектеп, 25 балабақша салынып, 395 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Білім саласында қол жеткізген жетістіктер аз емес. Тарқата айтсақ, республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14 жыл қатарынан ең үздік команда атанса, биыл қоғамдық гуманитарлық пән олимпиадаларында біздің облыс ең үздік олимпиадалық команда ретінде танылды. Сол сияқты Пирлс халықаралық зерттеуінде облыс оқушылары ІІ орынды иеленді. Өскелең ұрпақ – оқушыларымыздың әрбір жетістігі біз үшін зор мақтаныш, – деді облыс әкімі. Облыста денсаулық сақтау ұйымы мекемелерінің тозу деңгейі – 52,4 пайыз. Облыс әкімі осы көрсеткішті төмендету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар ретін де баяндады. Бұл бағытта 3,3 миллиард теңгеге 20 денсаулық сақтау нысанының, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде 1,7 миллиард теңгеге 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізу және осыншама нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін 1,5 миллиард теңге қаралыпты. Осы арқылы денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 36,7 пайызға дейін төмендемек. Аталған саланың медициналық техникамен жабдықталу деңгейі – 91,9 пайыз. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 2,4 миллиард теңгеге қажетті медициналық құралдар алып, жабдықталу деңгейі 96,6 пайызға жеткізілмек. Халықаралық тәжірибеге сәйкес «Үздік тәжірибе орталығы» пилоттық жобасы облыстағы 5 денсаулық сақтау нысанында іске асырылып, оң нәтиже берсе керек. Биыл жоба Қордай аудандық орталық ауруханасына және Шу қалалық емханасына енгізіледі екен. Халықты сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында Байзақ, Қордай, Жуалы аудандық орталық ауруханаларының құрылысы жүргізіліп, Меркі, Шу, Талас көпбейінді ауданаралық ауруханалары қайта жаңғыртудан өткізіледі. Қазір жобаларының құжаттары әзірленіп жатқан көрінеді. Денешынықтыру және спортты дамыту – ұлт саулығының кепілі. Аймақ басшысы осы жылы бұл салаға жергілікті бюджеттен 13,3 миллиард теңге қаржы бөлінгенін, қазіргі таңда облыс көлемінде 23 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Осы мақсатта 3,5 миллиард теңге қаржы қаралыпты. Жыл соңына дейін 16 спорт нысаны қолданысқа берілмек. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін 129 елді мекенде заманауи спорт алаңшасын, ал 2027 жылға дейін барлығы 59 спорт нысанын салу межеленіпті. Жалпы биыл халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін 59 пайызға, денешынықтырумен және спортпен айналысатын халық үлесін 42 пайызға жеткізіп, 38 елді мекенде заманауи спорт алаңшасын салу көзделіпті. Бұл саладағы айрықша жетістік ретінде жақында Өзбекстанда өткен бокстан әлем чемпионатында қос бірдей жерлесіміздің топ жарғанын атауға болады. Мәдениет саласына 11,9 миллиард теңге бөлініп, қазір 14 нысанның құрылысы және 4 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңында халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 84,8 пайызға жететін болады. Бүгінде мәдениет үйлеріне қазіргі таңда қосымша 94 штат беріліп, 143 үйірме ашылса, 1 850 бала үйірмеге барып жүр.

Жастарға жағдай жасалуда

Облыс жастарына жағдай жасау назардан тыс қалған емес. Оларды әлеуметтендіру басты орында. Өңір басшысы өңір өрендеріне жасалып жатқан жағдай туралы да мол мағлұмат берді. – Облыста 327 271 жас бар. Бұл облыс халқының 26,8 пайызын құрайды. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраса, уақытша бос жүрген (NEET) жастардың үлесі 8,6 пайызды құрады. Есепті кезеңде 10 022 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 344 жас 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алды. Кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін 347 жасқа 1 миллиард 735 миллион теңге жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыздық шағын несие үлестірілуде. Қазіргі таңда 616,1 миллион теңгеге 134 жоба мақұлданған. Сонымен қатар «Жасыл ел» еңбек жасағына 136,2 миллион теңге бөлініп, 1 900 жұмыссыз, уақытша бос жүрген, яғни NEET санатындағы жастарды маусымдық жұмыстарға тарту көзделуде. Бүгінде 556 жас маусымдық жұмыстарға тартылып отыр. Жамбыл өңірінің бір ерекшелігі – ЮНЕСКО-ның тізіміне енген тарихи орындары көп, табиғаты бай аймақ. Яғни облыста туризмді дамытуға мол мүмкіндіктер бар. Өткен жылы Тараз қаласы дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне еніп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы статусына ие болды. Қазіргі таңда туризм саласында 7,4 миллиард теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асырылуда. Осы жылы 1,2 миллиард теңгеге «Алмалы» және «Koksai resort» демалыс аймақтары іске қосылмақ. «Жанды сабақтар», «Көктем көркі – қызғалдақ» фестивалі және «City bus» жобалары аясында 45 экскурсиялық тур ұйымдастырылып, онда 2 500 адам қамтылды. 2023 жылға өңірге келуші туристер санын 145 мыңға, төсек-орындар санын 6600-ге жеткізу, 35 жаңа жұмыс орнын ашу міндеттері тұр, – деді Нұржан Нұржігітов. Цифрландыру бағытында да өңірде біршама жұмыстар атқарылып жатқанын айта кетуіміз керек.Тиісті министрлікпен облыс әкімдігі арасында 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітіліпті. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес өңірде халықпен кері байланыс орнатылған. Бұл тұрғыда облыс әкімінен бастап, оның тиісті сала бойынша орынбасарларының, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлерінің аудандар мен елді мекендерге шығу кестесі бекітіліп, арнайы алгоритмі әзірленген екен. – Азаматтардың өтініштерін сапалы әрі мерзімінде қарау мақсатында облыс әкімдігінде арнайы топ құрылған. Ауылдық округ әкімдеріне әр отбасына кіріп, олардың әлеуметтік мәселелерін қарау, туындаған мәселесін жергілікті жерде шешу жөніндегі міндеттер жүктелген. Нәтиже жаман емес. Айталық, жыл басынан бері түрлі деңгейдегі әкімдер 610 кездесу өткізіп, 1000-ға жуық азаматты қабылдаса, онда 314 азаматтың мәселесі оң шешімін тапты, – деді Нұржан Молдиярұлы Жалпы Әулиеата өңірде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, халықтың бірлігі мен еңбекқорлығының арқасында өңір экономикасы, жұртшылықтың жағдайы жақсарып келеді. Облыс әкімі өз сөзінде мұны да сөз етіп, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін, сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыруға облыста толық мүмкіндік бар екенін жеткізді. Алдағы уақытта әр бағыт бойынша кешенді шаралар қабылдап, сол бойынша тиісті жұмыстар атқарыла бермек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Сан сауалға – нақты жауап

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған соң сұрақ-жауап бөліміне кезек берілді. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сан саланы қамтыған сауалдар қойып, нақты жауапқа қанықты. Мақпал ОРЫНБЕКҚЫЗЫ, «BAQ.KZ» ақпарат агенттігі: – Нұржан Молдиярұлы, баяндамаңызда облыс көлеміндегі газдандыру жұмыстарына тоқталып өттіңіз. Дегенмен Мойынқұм ауданының тұрғындары әлі күнге дейін көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр. Мәселе қашан толық шешіледі? Одан бөлек 2019 жылы Жамбыл облысында басталған «Ауыл аманаты» жобасының біз білмейтін басқа да қандай мүмкіндіктері бар? – Рас, Мойынқұм ауданындағы 25 елді мекеннің барлығы табиғи газбен қамтылмаған. Одан бөлек Сарысу ауданындағы 4 елді мекенге ғана көгілдір отын кедергісіз келіп тұр. Дегенмен өткен жылы аталған қос аудан тұрғындарын газбен қамту жұмыстары басталып кетті. Аудан әкімдіктері тарапынан тиісті қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Бірінші кезекте Мойынқұм ауданындағы 13 елді мекенді газбен қамту үшін 2022 жылы Шу қаласындағы Қонаев ауылының қасынан газ тарату стансасының құрылысын бастадық. Станса құрылысы биыл аяқталады. Осылайша 2024 жылдан бастап Мойынқұм ауданына газ кіргізу үшін үш кезең бойынша тиісті жұмыстар басталады. Біздің тарапымыздан ҚР Энергетика министрлігіне ұсыныстар берілді. 2026 жылға дейін газ тарту жұмыстарын толық аяқтаймыз. Жалпы 2023 жылдың қорытындысымен табиғи газбен қамту үлесін 90,2 пайыздан 92 пайызға (халық санымен есептегенде) жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылмас бұрын елді мекендерді толық аралап, халықтың талап-тілегін, ұсыныстарын тыңдадық. Сонда тұрғындар тарапынан несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмен болса және елді мекендердегі үйлер де кепілдікке алынса деген ұсыныстар көп айтылды. Тұрғындардың аталған және басқа да ұсыныстары ескерілді. Жоба жүзеге асырыла бастағалы 18,3 миллиард теңге бөлініп, 24 ауылдағы 4 мыңға жуық адам өз кәсібін бастады. Биыл қосымша 24 миллиард теңге бөлініп, 26 ауылдық округ тұрғындарына несие беру жұмыстары басталды. Айта кетерлігі, біз жоба іске асқан елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етуді қолға алдық. Мәселен, биыл жобаға енген 24 ауылдық округтің инфрақұрылымына 9,5 миллиард теңгеге 183 жоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен қамтылу деңгейі 57 пайыздан 63,2 пайызға жететін болады. 2019-2022 жылдар аралығында жобамен қамтылған 24 ауылдық округтегі 58 ауылда 34,2 миллиард теңгеге 240 жоба іске асырылды. Міне, осыдан-ақ жобаның үлкен мүмкіндіктерге жол ашқанын анық аңғаруға болады. Аягөз ҚҰЛМАНБЕТ, «Jambyl» телеарнасы: – Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары салынғандықтан еліміздің көп қаласындағы кәріз тазартатын қондырғылар әбден тозған. Тараз қаласындағы кәріз жүйелерінің суы мен шайынды суларын сүзу алаңдарының тазарту қондырғылары да көп уақыттан бері жаңартылмағандықтан экологиялық апат қаупін төндіріп тұрғанын жасыра алмаймыз. Ұзақ уақыттан бері көтеріліп жүрген өзекті мәселені шешу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? – Шынында да тозығы жеткен кәріз жүйелерінің жағдайы аймақтағы күрделі мәселенің бірі. Сондықтан мәнді мәселені шешуге барынша басымдық беріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп арнайы жол картасы әзірленді. Сондай-ақ қазіргі таңда халықаралық қаржы ұйымдарымен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы 340 мың еуро бөлінді. Аталған банк конкурс өткізіп, нәтижесінде словениялық компания жеңімпаз деп танылды. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Қараша айында дайын болады. Сөйтіп, негіздеме дайын болған соң Үкіметке ұсыныспен шығып, 2024 жылдың екінші жартыжылдығында құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Яғни мәселе таяудағы жылдарда шешімін табады. Мадина ЖАТҚАНБАЕВА, «Xaqmedia» журналистік зерттеу агенттігі: – Жуырда Жамбыл облысына сапарымыз барысында Қордай ауданының шаруалары су тапшылығын сезініп жатқанын байқадық. Тіпті ауданның Сарыбұлақ ауылының диқандары 3 гектар жерін суғара алмай отыр. Осы орайда ауылшаруашылығы тауар өндірушілері судан тарықпас үшін қолға алынған жұмыстарды айтып өтсеңіз... – Біріншіден, ағын су тапшылығы биыл ғана туындап отырған жоқ. Себебі өңірде асып-тасып жатқан су жоқ. Жерүсті су ресурстарының 80 пайызы вегетация кезінде көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. Сондықтан айырқалпақты ағайынның көңіліне қараудан басқа амалымыз жоқ. Дегенмен жұмыла әрекет етіп, әрі туындаған түрлі қиындықтарға байланысты ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілуінен жыл сайын вегетация кезеңін ойдағыдай аяқтап жатырмыз. Баяндамамда айтып өткенімдей, су тапшылығын болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Алдағы міндеттер тіпті ауқымды. Сіз айтып отырған Қордай ауданында егіншаруашылығы қарқынды дамыған. Сондықтан жыл сайын вегетация кезеңі басталғанда бірқатар мәселелер туындайтыны рас. Сол себепті алдағы уақытта ешқандай мәселе диқандардың егін егіп, мол өнім алуына кедергі келтірмес үшін Қордай ауданында 2 суқойма салу жоспарлануда. Қазіргі таңда қажетті құжаттары дайындалуда. Биыл құжаттарын дайындасақ, келесі жылы суқоймалардың құрылысы басталады. Әр суқоймаға 15 миллион текше метр су жиналады. Ауданда су тапшылығы туындай қалған жағдайда 2 қоймадан диқандарға қажетті суды жіберіп отыратын боламыз. Біздің алдағы жоспарымыз – 2025 жылдың соңына дейін 180 мың гектар суармалы жерді 100 пайыз ағын сумен қамтамасыз ету. Әлихан АСҚАРҰЛЫ, «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі: – Жамбыл облысында екі моноқала бар екенін білеміз. Осы моноқалалардың даму жоспары қандай? Ондағы қаңыраған бос үйлердің инфрақұрылым мәселелері назарға алынған ба? – Бүгінгі таңда Қаратау және Жаңатас қалаларының әрқайсысында 28 мыңнан аса халық тұрады. Өзіңіз айтып өткендей, моноқалалардағы ең күрделі мәселенің бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің бос тұрғаны. Қаратау мен Жаңатаста 18 үй қазіргі уақытта халықтың игілігіне жарамай бос тұр. Сондықтан екі қаланың мәселелерін шешу мақсатында кешенді жоспар дайындалды. Жоспар шеңберінде биыл Қаратау қаласында 2 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, пәтер кезегінде тұрған азаматтарға пайдалануға беріледі. Құрылыс-жөндеу жұмыстары тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, демеушілердің қолдауымен де орындалуда. Мысалы, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 3 тұрғын үйді қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр. Аталған серіктестік былтыр Қаратау қаласында 1 үйді жаңғыртып, нәтижесінде 72 пәтер кезегінде тұрған азамат баспаналы болды. Сонымен қатар биыл Жаңатас қаласындағы 14 үйдің екеуі қайта жаңғыртылады деп күтілуде. Кешенді жоспар бойынша моноқалаларда жыл сайын жоспарға сай жұмыстар атқарылып, халықты толғандырған мәселелер кезең-кезеңімен шешіле бермек. Аягөз ҚҰРМАШОВА, «Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігі: – Нұржан Молдиярұлы, жамбылдық тұрғындар тарапынан тұрғын үйлердің сапасына байланысты көп сын айтылады. Осы уақытқа дейін құрылысқа жауапты мердігерлерге қандай да бір шара қолданылды ма? – Дұрыс айтасыз. Әлеуметтік желіде, халықпен кездесулерімде тұрғындар тұрғын үйлердің сапасыздығын айтып жиі шағымданады. Әрине, тұрғындардың сыны орынды. Сол себепті біз нақты жұмыстарды қолға алдық. Атап өтер болсам, облыс әкімдігінің мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауы басқармасынан қосымша бір штат ашылды. Бір маман не өзгертуі мүмкін деп ойлауыңыз мүмкін. Осы ретте статистикалық мәліметтерді келтіретін болсақ, 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырсақ, басқарма тарапынан жоспардан тыс тексеру көлемі биыл екі есеге артқан. Былтыр жауапты мердігерлерге 8 миллион теңге айыппұл салса, биылғы жылдың 4 айында мердігерлер 25 миллион теңге айыппұл арқалады. Одан бөлек 2023 жылы бір мердігердің лицензиясын сот арқылы алдық. Төрт техникалық қадағалаушының лицензиясын 6 айға тоқтаттық. Яғни мердігерлердің босаңсуына жол бермейміз. Келісімшартта көрсетілгендей, мердігер құрылыс жұмыстарын бір күн де кешікпей, мерзімінде және сапалы етіп бітіруі керек. Индира БОТАШОВА, «Знамя труда» газеті: – Биыл облыс орталығы Тараз қаласында қандай имидждік жобалар жүзеге асады? – Біз имидждік жобалардан бас тарттық. Бар күшті әлеуметтік мәселелерге жұмсап отырмыз. Бүгінде облыс орталығынла 1,1 миллиард теңгеге 2 көшені қайта жаңғырту, 3,4 миллиард теңгеге 118 көшені орташа жөндеуден өткізу, 3,5 миллиард теңгеге қаланың барлық ирригация жүйелерін қалпына келтіру, 3,7 миллиард теңгеге 7 массивте ауызсу құбырының құрылысы және 2 теміржол өткелін салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу сияқты ауқымды жобалар іске асуда. Тараз қаласында бүгінгі күнде жер телімін алуға кезекте 114 мыңға жуық адам тұр. Ал мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінде 21 122 адам есепке алынған. Осы өзекті әлеуметтік мәселені шешу мақсатында қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіп, инфрақұрылымды дамыту, көпқабатты тұрғын үй мәселелерін шешу үшін қала маңындағы Жамбыл және Байзақ аудандарының аумағы 11 755 гектар жерді құрайтын 14 елді мекенді қосу арқылы қаланы 2 ауданға бөлу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда тиісті құжаттарды рәсімдеу басталып кетті. Бұл бағыттағы барлық қабылданатын шешімдер бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып қабылданатын болады. Дәурен ЕРБОЛАТОВ, «Halyq Uni» ақпараттық порталы: – Баспасөз беттерінен, әлеуметтік желіден Жамбыл облысында жаңа өндіріс орнының іргетасы қаланатыны жайлы ақпаратты жиі оқимыз. Биыл өңірде қанша кәсіпорынның лентасы қиылады? – 2023 жылдың наурыз айында екі күн бойы облысымызда «Zhambyl Economic and Investment Forum-2023» атты халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы өтті. Мыңға жуық отандық және шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторлар келіп қатысқан форумда төрт бағытта облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына серпін беретін бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Ауқымды шара аясында Қордай ауданында жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіретін зауыт құрылысы ресми басталса, Жамбыл ауданында еуропалық үлгідегі демалыс аумағы ашылды. Байзақта құрама жем зауыты мен картон және қаптама шығаратын бірегей зауыт іске қосылды. Сондай-ақ бизнес-қоғамдастықпен және инвесторлармен кездестік. Жамбыл облысы «жасыл технологияларды» енгізе отырып, ауылшаруашылықты дамытуға, баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру үшін өте қолайлы. Келесі артықшылығымыз – жоғары көліктік-логистикалық әлеует. Яғни облыс өңіраралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға, отандық және халықаралық жолаушылар ағынына қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар және сауданы дамыту әлеуеті зор. Сондықтан инвесторлардың қызығушылығы жоғары болып, түрлі жобаларын ұсынды. Мәселен, «Total Open» француз компаниясы қуаты 1 ГВт жел электр стансасын, Үндістанның «Monnet Group» компаниясымен жоғары сапалы ферросилиций, ферромарганец шығаратын зауыт, түрік компаниясы «Bazar Fur» өңірде тұрмыстық техника өндіретін зауыт салуға ниет білдірді. Ал қытайлық «Wanlin Group Limited» компаниясы кептірілген пияз зауытын салуға мүдделі болып отыр. Міне, мұның барлығы өңірімізде ірі өндіріс орындарын ашып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар. Жалпы облысымызда 2025 жылға дейін 60 ірі инвесциялық жоба іске асырылады. Аян ҮРІБАЕВ, «Ulysmedia.kz» ақпарат агенттігі: – Жуырда әлеуметтік желіде Шу ауданы, Төле би ауылының тұрғыны, «Абай» шаруа қожалығының төрағасы Қазақбай Байжұманұлы есімді ақсақалдың видеосы тарады. Ақсақалдың сөзіне сүйенсек, 2011 жылы бір көлді жалға алып, жұмысын бастаған. Енді жалға алу уақытын созайын десе, әкімдік рұқсат бермей жатқан көрінеді. Тіпті шаруа қожалық төрағасы Мемлекет басшысынан араша сұрады. Осы мәселе бойынша қандай түсіндірме бересіз? – «Абай» шаруа қожалығына жалға берілген көлдің пайдалану мерзімі аяқталған. Сөйтіп, шаруа қожалық төрағасы тарапынан жалға алу мерзімін ұзарту бойынша арнайы комиссияға ұсыныс берілген. Кез келген азамат белгілі бір жерді, суқойманы жалға алғанда нақты жоспары болады. Сөйтіп, ұсыныс негізінде комиссия зерделеу жұмыстарын жүргізіп, он жылда қандай жұмыстар атқарғанын, жоспардың орындалған-орындалмағанын саралаған. Комиссия шешімі бойынша шаруа қожалықтың жоспардың бірнеше бағыты бойынша жұмыс жүргізбегені анықталған. Сондықтан келісімшартты ары қарай жалғастырмауға байланысты шешім қабылданды. Ақсақал сотқа да жүгінді. Бірақ соттың шешімімен комиссия жұмысынан ешқандай мін табылмады. Демек, комиссия шешімі дұрыс. Әнуар ӘБДІРАХМАНОВ, «Хабар 24» телеарнасы: – Жыл басында Тараз қаласындағы Президент резиденциясы балалар игілігіне берілетіні жайлы естіген едік. Қазіргі таңда резиденция нақты қандай мақсатта пайдаланылуда? Басталған іс аяғына дейін жетті ме? – Тараз қаласында орналасқан Президент резиденциясы жергілікті әкімдік балансына берілді. Балаларға арналған жыл бойы жұмыс атқаратын 40 орынды