Ақын сазгермен өткен әсерлі кеш
Ақын сазгермен өткен әсерлі кеш
Әдеби-сазды кездесу әрі шығармашылық кешті мектеп директоры Қанат Нұрмағанбетов ашып берді. – Қазақ поэзиясында өлең жүгін ерлермен қатар қара нардай қайыспай көтерген қазақ аруларының орны ерек. Кешегі жасындай жарқылдаған, қазақтың қара өлеңінің құзар шыңын бағындырған қазақтың қаракөз ақынының бірі Фариза Оңғарсынова еді. Оның ізін Ақұштап, Күләш сынды ақындар жалғап, қазақ поэзиясындағы қазақ аруларының жарқын бейнесін жасады. Бүгінде сол желі жалғасып, өлеңдегі нәзікжандылардың кейде нәзік, кейде өршіл рухты өлеңдері оқырман жүрегіне жол тауып келеді. Осы кештен қалмай отбасы, ошақ қасындағы күйбең тірліктен қолы қалт етсе қалам ұстап, қоғамның бүгінгі келбетін жырға қосар ақынның бірі – Перизат Оспанова. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаз жүгін арқалап жүрген ақын, сазгер Перизат Ордақызымен кездесу әрі шығармашылық кеші өз деңгейінде өтті. Осы кешті оқушылар өздері білім алып жүрген алтын ұядан ұлағатты ұстаз, осындай дарын иесі түлеп ұшқанын біліп жүрсін деген ниетте ұйымдастырдық. Жастар ән мен жырға толы кештен рухани азық алса, ол да үлкен олжа, – деді Қ.Нұрмағанбетов. Перизат Оспанова 1997 жылы Абай атындағы гуманитарлық колледждің хор дирижері бөлімін бітірді. 2007 жылы Тараз педагогикалық институтының «Бастауыш сынып мұғалімі» біліктілігін алды. Шығармашыл ұстаздың өлеңдері облыстық «Алтын бесік», «Жақсы жыр іздеп шөлдеймін» жыр жинақтарына енді. «Жас отбасы» облыстық байқауында «Ең талантты отбасы» жүлдесіне ие болды. 2007 жылы айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевке арналған айтыста жүлделі орынды еншіледі. 2009 жылы облыстық «Жамбылым қандай тамаша» ретро әндер байқауында алғыс хатпен марапатталған. Шығармашыл ұстаздың бұдан басқа да жетістіктері аз емес. Бүгінгі таңда ақынның 300-ге жуық поэзиялары, 30-дан аса әндері бар. Қазіргі кезде Байзақ ауданындағы Шахан ауылының Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде әннен дәріс беріп жүр. Осы арқылы ол ұрпақ санасына ән құдіретін дарыту мақсатында дамылсыз еңбек етуде. Кештің шымылдығын «Елім деп келдім» авторлық әнімен ашқан кеш иесі жиналған қонақтарға «Анам бар деп мақтанам», «Ақ әже». «Ғажап адам әкешім», «Ауылды қимай кетемін», Елнұр Нұржігітұлымен бірге шырқаған «Жолыққан қандай жақсы» әндерін үлкен тебіреніспен орындады. Мектеп оқушылары да кеш иесінің туындыларынан тарту жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Гүлімжан Шайтымақ «Адам боп өмір сүрейік», Мейірім Елтай «Ұстазым» өлеңдерін мәнерлеп оқыса, Аяла Әліхан мен Айнамгөз Боранбек «Апатай» әнін тамаша шырқады. Мектептің тағы бір өнерлі өрені Жалғас Әбубәкір «Қош бол, бастауыш», «Әліппе» өлеңдерін оқыса, Балайым Әбілда жиналғандарға «Таласымның тарихы» әнін тамылжыта орындап берді. «Егіздер» дуэтінің «Анашымнан айнымайтын қызбын», «Талант» дуэтінің «Ұстаз бен шәкірт» әні де сәтті шықты. Жас ақын Ұлмекенай Серікбай «Тамабектің таланттары» туындысын оқып берді. Әуезді ән мен өміршең жырға толы болған шығармашылық кеште дарынды оқушылар Перизат Оспанованың «Ғажайып бақ мектебім», «Адам болам бақ қонған», «Таластың тарлан ақыны», «Алғыс», «Өмір қымбат», «Аяулы анам», «Аңсағаным», «Өмір балдай» атты туындылары кеш қонақтарын тәнті етті. Өз кезегінде сөз алған кеш иесі өзін елеп-ескерген мектеп ұжымына алғысын жаудырып, талантты оқушылардың өнеріне жоғары бағасын берді. Кездесуде Перизат Ордақызының анасы, достары да ақтарыла сөйледі. Кеш соңында өнерімен көзге түскен оқушылар алғыс хатпен марапатталды.