Жеңілдетілген несие – жемісі мол несібе
Жеңілдетілген несие – жемісі мол несібе
Кәсіпкерлік қызметті бастауға ниет білдірген немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21-35 жас аралығындағы жастарға шағын несиелер 2,5 пайызбен конкурстық негізде беріледі. Өтініш берген сәтте жастардың кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауға тиіс. Несиенің максималды сомасы 5 миллион теңгені құрайды, сондай-ақ кепілзаттың болуы міндеттеледі. Шағын несиелерді кез келген мақсат үшін 5 жылға, ал малшаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Сондай-ақ негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген. Бекітілген қағидаларға сәйкес, негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Кредит 5 жылға, яғни 60 айға берілсе, жеңілдікті кезең 20 айды құрайды. Каникул алу үшін микрокредит алған адам агент атына өтініш жазуы керек. 2,5 пайыз мөлшерлеме жеңілдікті кезеңге есептеледі, бірақ оны өтеу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін. Ал облыс бойынша бүгінге дейін 309 жоба қабылданыпты. Сәуір айында өтініштерді іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның алғашқы отырысы өткізіліп, құны 616,1 миллион теңгені құрайтын 134 жоба мақұлданыпты. Іріктеуден іркілмей өткен жастың бірі – Байзақ ауданы, Құмжота ауылының тұрғыны Елдар Боранбек. Болашағын кәсіпкерлік саласымен байланыстыруға белді бекем буған талапты жас жеңілдетілген шағын несие алып, саумал іздеп сабылған жұрттың сұранысын қанағаттандырмақ ниетте. – Қазір құжат жинаудың соңғы процестері жүруде. Әлі қолымызға қаражат тимеді. Жастарға жеңілдетілген шағын несие беру биыл ғана басталды. Біздер алғашқы қатысушыларымыз. Жалпы Президентіміздің тапсырмасы аясында беріле бастаған жеңілдетілген несие маған өте қолайлы болып тұр. Пайызы да аз, әрі бір жарым жыл демалыс береді. Дегенмен құжат жинаудың әуре-сарсаңы көп екен. Қора-қопсы, жемшөбі, бәрі-бәрін жобада есептеп тұрып көрсету қажет. Бір биенің өзі бір отбасын асырайды. Бизнес-жобасын қорғап жатқандардың арасында малшаруашылығының иісі мұрнына бармайтындар да болды. Былайша айтқанда қаланың тұрғындары. Не қорғап тұрғанын өздері білмеді. Малдың жайын, жөнін білетін адам атакәсіппен айналысқаны дұрыс деп ойлаймын, – деген Елдар Боранбек несиеге қол жеткізсе, кәсібін сол күні-ақ бастауға дайын екенін айтты. Осылайша шағын несие жастарымызға несібе болғалы тұр. Егер жастарымыз несие алып, кәсіп бастап, өзін-өзі жұмыспен қамтып жатса неге қуанбасқа?! Осы орайда тек жастарымызды емес, облыс тұрғындарын жұмыспен қамту қандай деңгейде жүргізіліп жатқанына да назар аударып, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейірмановты сөзге тарттық. Ғалижан Советұлының айтуынша, 2023 жылдың бірінші тоқсаны бойынша облыс халқының саны 1 миллион 220,5 мың тұрғынды құраса, жұмыс күші – 571,1 мың. Жұмыспен қамтылған халық – 543,2 мың. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар – 361,8 мың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 181,4 мың. Ал жұмыссыздар саны – 28 мың. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз. – 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл облыс бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 54 156 адамды тарту жоспарланған болатын. Бірінші мамырға дейін барлығы 23 847 адам тартылды. Жоспар 44 пайызға орындалды. Сондай-ақ жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 45 242 адам болса, есепті кезеңде 16 863 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 37,3 пайызға орындалды. Сонымен қатар 2023 жылы жұмыспен қамтудың өңірлік картасы шеңберінде электронды еңбек биржасына енгізілетін жұмыс орындарының жоспары 67 968 орын болып бекітілсе, оның ішінде тұрақтысы – 52 360 орын (77 пайыз). Есепті кезеңге барлығы 22 321 жұмыс орны құрылып, жалпы жоспар 32,8 пайызға орындалды. Оның ішінде 12 374 адам тұрақты жұмысқа тұрып, жоспары 23,6 пайызға орындалды. Ал әлеуметтік жұмыс орындарына 978 адам жолданды. Олардың 48-і жұмыстарын аяқтап, 42 адам немесе 87,5 пайызы тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Жастар практикасына 3 044 түлекті жолдау жоспарланып, қазірге дейін 631 адам жолданды, – деген Ғалижан Мейірманов «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» сынды жобалар да халықты жұмыспен қамтуда тиімділігін көрсетіп отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1 054 адамға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру қарастырылыпты. Қазірге дейін 267 адам 368,4 миллион теңге грант алып үлгеріпті. Сондай-ақ «Бастау бизнес» жобасы бойынша онлайн оқыту курстарына 4 982 адам жолданып, 3 347 адам оқуын аяқтаған. Елімізде түрлі себепке байланысты екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер жетіп артылады. Бұл ретте мемлекет тарапынан халықты тұрақты жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелерін шешу ісіне баса назар аударылуда. Алдағы уақытта да әлеуметтің әлеуетін арттыру ел Үкіметінің басты міндеті болып қала бермек.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА