«Ән-жырым саған, туған ел!»
«Ән-жырым саған, туған ел!»
Концерт шымылдығы кеш иесінің «Сардала» күйімен ашылды. Жан тебірентер туындыны қазақ ұлт аспаптар оркестрі нақышына келтіре орындады. Мұнан соң байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Конкурс нәтижесі бойынша бас жүлдені облысымыздың дарынды әншісі Дулат Жасұзақов қанжығалады. Байқау жеңімпазын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов марапаттап, арнайы диплом мен 600 мың теңге көлеміндегі қаржылай жүлдені табыс етті. Жүлделі I орын да облыс атынан қатысқан Ердосым Қасымбековке бұйырды. Оны қазылар алқасының төрағасы Жұбаныш Жексенұлы марапаттады. Ал Жетісу өңірінен келген «Браво» дуэті II орын тұғырынан көрініп, олар Алтынбек Қоразбаевтың шәкірті, әнші Алма Аманжолованың қолынан арнайы диплом алды. III орынға Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан келген Азамат Амангелдіұлы лайық деп танылды. Жүлдегерді композитор, «МузАрт» тобының музыкалық продюсері Арман Бексұлтан марапаттады. Марапаттаудан соң кеш иесі сахна төріне көтерілді. Халықтың сүйікті әншісінің ел алдына шыққанда көпшілік дамылсыз қол соғып, ерекше құрмет көрсетті. Мұнан соң аймақ басшысы кеш иесін мерейлі жасымен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. – Қазақ музыкасын дамытып, ел игілігіне қызмет ету жолында күллі қырғыз-қазақ жұртына танылған біртуар азамат ретінде сізге деген құрметіміз бөлек. Сізді әуезді әндерімен сыр шерткен сол ерекше кезеңнің бастауында тұрған алыптардың бірі деп білеміз. Қазақ өнері мен мәдениетінде құлашыңызды кеңге жайып, ұлы даланы әнге бөлеу арқылы шығармашылығыңызбен жас ұрпаққа үлгі болдыңыз. Бүгінде мазмұнды әндеріңіз қазақ музыка өнерінің жаухарына, кітаптарыңыз құнды мұраға айналды. Сіздің әуезді әндеріңіз тарихы ерек дүниелерге айналып, көптің көңілінде қалды. Сазды кешіңізде ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегіңіз үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деген Нұржан Молдиярұлы қазақы ғұрыппен өнер иесінің иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Осы тұста кеш иесі де тебірене сөз сөйлеп, қандай атақ-даңқ, құрметке ие болып жатса да туған жері Меркінің Қызылсай ауылы әрқашан жүрегінде екендігін жеткізді. Ақтоты Жаңабай