Әлемі бөлек Әлия
Әлемі бөлек Әлия
Әлия Аманқұлқызы Қордай ауданындағы «Отар» 40-әскери базасында сержант шенінде аға радиотелефоншы болып қызмет етеді. Ол Шымкент қаласында бойжетіп, жастайынан спортпен шұғылданудың арқасында бірқатар жетістіктерге қол жеткізіпті. Нақты айтқанда, 2001 жылдан бастап спорттың кикбоксинг түрімен айналысып, «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын иемденген, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы болған. – Анам медбике, әкем жүргізуші болып еңбек етті. Үйде 5 ағайынды болсақ, өзім ең кенжесімін. Менің алдымда екі әпкем мен екі ағам бар. 2003 жылы «Дарын» мектебін аяқтағаннан кейін академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достастығы университетіне оқуға түстім. 2008 жылы аталған жоғары оқу орнынан денешынықтыру және спорт мамандығын алып шықтым. 2006 жылы «Отар» әскери қалашығындағы 21450 әскери бөліміне жұмысқа тұрып, бір жылдан кейін тұрмыс құрдым. Күйеуім де әскери сала маманы. Менің аталған әскери бөлімде табан аудармай еңбек етіп келе жатқаныма 17 жыл болды. Осы әскери бөлімде жездем де еңбек еткен. Бір жолы әпкемнің үйіне қонаққа барып, сол сәтте бірден «Мен де әскери қызметкер боламын» деп шешім қабылдадым. Өйткені бұрыннан әскери формамен келе жатқан адамды көрсем қызығатынмын. Әскери киім кию маған қатты ұнайтын. Жұмысқа қабылданарда алдымнан ешқандай қиындық кездескен жоқ. Себебі спортта айтарлықтай жетістігімнің болуы әскери салада қызмет етуіме даңғыл жол ашты. Негізі біз сияқты жандарға жұртшылық «Әйелдерге өмірін әскери саламен байланыстыруы оңай емес қой» деген секілді сын көзбен қарап жатады. Рас, армияға жаратылысы тым нәзік қыздан гөрі спортпен шұғылданған шымыр, ерге бергісіз ерлік істер атқара алатын бұрымдылар баруы керек деп есептеймін. Өйткені мұнда жұмыс өте ауыр. Салмағы зілдей, оқ өткізбейтін сауыт (бронежилет) киіп жүгіру, киім-кешек, қажетті заттар салатын сөмкені (вещевой мешок), қару-жарақты арқалап жүру оңай емес. Оқу-жаттығу полигонына барып, қарудан оқ атып жаттығу да айтарлықтай төзімділікті талап етеді, – деді Ә.Аманқұлқызы. Ол әскери салаға жоғары еңбекақы үшін қызыққандар емес, әскери қызметті «Отан қорғау жолындағы жанкештілік» деп қабылдайтындар жұмыс істеу керек деген пікірде. Осындай ұстаным мен бойға біткен болмыстың арқасында ұжым арасында да әжептәуір абырой жинаған. 21450 әскери бөлімі артиллерия дивизионының командирі, майор Қадыржан Қали Әлияның ерлермен қатар ауыр міндет арқалаған, жауапкершілігі жоғары жауынгер екенін айтады. – Әлия Қамбарова – біздің әскери бөлімнің мақтанышы. Офицерлік үшсайыстан ҚР Қарулы Күштерінің чемпионы. Ол волейболдан ҚР Қарулы Күштерінің екінші орын иегері. АК-1, АК-3 табельдік қару атудан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының чемпионы. Спорттың көп түрінен жүлделі орындары бар. Қыз-келіншектердің кез келген ер адаммен тең тұрып еңбек ете алатыны дәлелденген. Оған мамандығына адал болып, өз қызметін мінсіз атқаруды «міндетім» деп есептейтін осындай қыз-келіншектер мысал бола алады. Нәзікжандылардың қоғам алдындағы беделін көтеріп, осындай жандарды жастарға үлгі етуіміз керек, – дейді Қадыржан Файзуллаұлы. Әлия Аманқұлқызы күйеуі Олег Клобукпен «Отар» 40-әскери базасының спортзалында танысыпты. Екеуі бір әскери бөлімде жұмыс істейді. 21450 әскери бөлімнің мотоатқыштар батальонының 1- мотоатқыштар ротасының бөлімше командирі. Шені – аға сержант. Ол да спортшы, кіртас көтеруден ҚР спорт шебері. ҚР Қарулы Күштерінің бірнеше дүркін чемпионы, әлем чемпионы. Екеуінің 3 жасқа толмаған егіз ұлы бар. – Қазақтың қыздары сұлу, ибалы, ақылды. Әлияның бойынан осы қасиеттер табылды, сол үшін өзіме жар етіп таңдадым, – дейді Олег Александрович. Кейіпкеріміз жұмыста әскери қызметші болғанымен өзі үйде ана екенін сөз етті. Егіздерінің болашақта қандай мамандық иесі болатынын өздері таңдайтынын, бастысы оларға дұрыс тәлім-тәрбие, білім беріп, қатарға қосу аналық парызы екенін айтты. Өмірді әйелсіз елестете алмайтынымыз рас. Сондықтан да қазақ ұғымында әйелдер қауымының қоғамдағы орны айрықша екеніне баса мән берілген. Үйдің, түздің шаруасы деп бөліп-жармай, кез келген салада өз міндетін адал атқарар әйелдер қауымы барда мемлекетіміздің өркендей беретіні анық. Нұрым СЫРҒАБАЕВ