Руханият

ҰЛЫ ТҰЛҒА ұлықталды

ҰЛЫ ТҰЛҒА ұлықталды

Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен және «Асанәлі Әшімовтың өнер мен мәдениетті қолдау қорының» демеушілігімен мектеп оқушылары арасында «Өнердегі өр тұлға» атты облыстық поэтикалық шығармалар байқауы өтті. Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен мәдени шараның мақсаты – ҚР Еңбек Ері, КСРО және Қазақ ССР Халық әртісі, дарынды актер және режиссер А.Әшімұлының өнердегі биік жетістіктерін бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау. Байқауға облыс бойынша 38 оқушы қатысты. Жиынды облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева кіріспе сөзімен ашып берді. Асанәлі Әшімұлының өнер жолындағы мол мұрасын насихаттай отырып, ұлы актердің есімін өскелең ұрпаққа кеңінен таныту мақсат етілген додаға төрелік еткен қазылар алқасының құрамында ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Құрманғазы Демешев және облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Азамат Байжанов болды. Ал қазылар алқасының төрағасы – ҚР Мәдениет қайраткері, асанәлітанушы – Талғат Сұлтангереев. Байқауда Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мамандандырылған мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Аян Шораев бас жүлдені жеңіп алды. Т.Рысқұлов ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Ырыскүл Айбазар I орынды иеленсе, №13 орта мектептің 5-сынып оқушысы Нұрлан Дулат пен Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылындағы М.Жұмабаев атындағы №29 орта мектептің 10-сынып оқушысы Саят Сапарбек II орынға лайық деп танылды. Ал III орынды Тараз қаласындағы №24 гимназияның 10-сынып оқушысы Жиенбай Еркебұлан, Байзақ ауданының Байзақ ауылындағы №4 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы Ұлжан Жүсіпқызы, Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Мұрат Наурызбай теңдей бөлісті. Байқау соңында барша қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Нұржан ӘЛІШ