Білім

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ (ХV-ХVІІІ ғасырлар)

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ (ХV-ХVІІІ ғасырлар)

Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиетінің мол болғандығы белгілі. Әсіресе балалар ауыз әдебиеті халқымыздың рухани байлығына айналып, балалар мен жасөспірімдерді ерлікке, еңбекке, ақылдылық пен тапқырлыққа, шешендікке баулыды. Әсіресе аттары әйгілі билер мен шешендердің балалық-жастық шағындағы тапқырлығы, елді аузына қаратқан шешендігі өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты шешендік өнерге, жыршылық пен жыраулыққа, күйшілікке, ақындыққа баулыды.

ХV ғасырға дейінгі жыраулар Сыпыра, Қотан (Құтан) жыраулар, ХV ғасырдан басталған Асанқайғы мен Қазтуған, Доспамбет пен Шалкиіз, Жиембет пен Марғасқа, Үмбетей, Тәтіқара, Бұқар Қалқаманұлы, Шал, Көтеш, Қожаберген жыраулардың әдеби мұраларында балаларға арналған поэзиялық туындылар аз емес. Көне ғасырлардан бастау алып, ежелгі дәуірдегі әдебиетпен біте қайнасқан ХV-ХVІІІ ғасырларды қамтитын қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиеті әлі тереңдей зерттеле қоймаған сала. Жыраулар поэзиясының балалар әдебиетіндегі орны ұшан-теңіз. Бұл өскелең ұрпақ үшін аса қуатты рухани мұрамыз, олар тәлім-тәрбие ала алатын, ұлтжандылық сезімді оята алатын кәдімгі қазақ поэзиясының асыл қазыналарына жатады. Оның өміршеңдігі де, қуаттылығы да, ұлттық құндылықтарымызға әсер ете алатын құнарлылығы да осында жатыр. Сыпыра жыраудың өмір сүрген кезеңі – ХІІІ ғасырдың бірінші жартысы мен ХV ғасырдың орта шені. Мұны біз аңыздық деректер бойынша жазып отырмыз. Бірақ Сыпыра жыраудың «Ер Тарғын», «Телағыс» жырларында кейіпкер ретінде сипатталатыны рас. Сөздің иіні келгенде ғұн дәуірінде өмір сүрген Молақсай мен Тоғанас жыраулардың жыршы-жырау Өмірзақ Қалбайдың жырлауындағы «Алаңқай батыр» қиссасында кейіпкер ретінде бейнеленетінін айта кету артық болмас. Әйгілі ғалым Ә.Марғұланның «Алаңқай батыр» қиссасы туралы айтқан тұшымды пікірін еске алсақ, бұл – көнеден келе жатқан ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі. Қиссада ғұндардың батыры Еділ (Атилла) жырланады. Тарихи тұлғалардың аты аңыз-әпсаналарда, батырлық және тарихи жырларда аталатыны табиғи заңдылық. Сыпыра жырау туралы белгілі ғалым Х.Сүйіншәлиевтің былай деп жазғаны бар: «Ш.Уәлиханов деректеріне сүйене отырып, академик Ә.Марғұлан оны қыпшақ руынан шыққан ұзақ өмір сүрген, тарихта ноғайлы жырларын туғызған атақты эпик жыршы деп мәлімдейді. Зерттеуші жыраудың аса шешен болғанын және оның көшпелі қыпшақ еліне беделді адам саналғанын атап көрсеткен. Сыпыра жырау Тоқтамыс хан тұсында ХІV ғасырда жасаған, Маңғыстау мен Жайық бойын, Сарайшық қаласын мекендеген. Ол Еділден Донға дейінгі Кубанның кең даласын, Арал теңізі мен Каспий жағасын, Қырым мен Кавказ арасын ен жайлаған қыпшақтар мен ноғай-қазақ ұлыстарының аты аңызға айналған перзенті. Тірі кезінде-ақ даңқы шартарапқа жайылып, сөз ұстаған, аузы дуалы ақсақалы, хан-қара демей, бетке айтқан сөзімен жұртын ұйыта білген, көпті көрген көнекөз жырауы, жыраулық өнердің кемеңгері. Амал не, сөйлесе көмейінен өлең төгілген, ағыл-тегіл ақтарылған ғаламат жырлардың авторы болған ұлы жырау шығармаларын тарихтың қалың құрдымы жұтып жіберген... Сыпыра жыраудың кейбір өлеңдерінен Шоқан жеке үзінділер келтірген. Жырау сөздерінің кейбір үлгілерін В.Радлов пен Ильминский жинақтарынан да жиі ұшыратамыз. Басқа да қолжазба мұраларда жырау нақылдары кездесіп қалады. В.Радлов өзінің белгілі жинағында жырау толғауларынан үзінділер жариялап, Қырым ноғайлары арасында сақталған аңызды келтіреді. Сыпыра жырауды қазақтың кейінгі ғасырларда өмір сүрген барлық жырауы өзіне ұстаз санайды. Оған сыйына сөз қозғап, әруақты өнерпаз деп таниды...» (Х.Сүйіншәлиев, «VІІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1989 жыл, 147-148-беттер). Енді Сыпыра жыраудың қазақ балалар әдебиетіндегі орны жайлы там-тұмдап сөз қозғайық. Жыраудың «Уа, хан ием, хан ием...», «Мен жыраумын, жыраумын...» атты толғау жырларында ел басқарған ханға соғыс зардабынан қашық болуды өсиет етеді. «Уа, хан ием, хан ием...» атты жырында: «Қанды көрсе қалтырар, Қырғи құстың баласы... Жемтік болды дұшпанға, Көп ноғайдың баласы...», – дейді. Соғыстың кесірінен ноғай-қазақ түркілерінің тоз-тоз болғаны, соғыстан әбден әлсіреген халықтың ендігі жерде бейбіт өмір сүру қажеттігін алға тартады. «Өзгенің жеріне көз алартпай, өз жірімізді өзгелерден қорғайық» деген пікір айтады: «...Жер жетпесе еш саған, Жерің тұр ғой алдыңда. Көл жетпесе еш саған, Көлің тұр ғой алдыңда. Ел жетпесе еш саған, Елің тұр ғой алдыңда. Қырғи болып құтырып, Қызыл етті аңсама. Қаршыға болып құтырып, Қасқыр етін аңсама. Тұйғын болып құтырып, Түлкі етін аңсама». Сыпыра жыраудың осы өсиетін ХV ғасырда Асанқайғы Жәнібек ханға айтады: «Еділ бол да, Жайық бол, Ешкімменен ұрыспа. ...Өлетұғын тай үшін, Көшетұғын сай үшін, Желке терің құрысып, Әркімменен ұрыспа...». Бұл толғау балалар мен жасөспірімдердің санасында жыраулар поэзиясының тылсым күшінің, жеткіншектер санасына әсер етер қуатының күшті екенін аңғартады. Бала санасында «Кіммен кім ұрысу керек? Не үшін ұрысу керек? Ұрыстың зияны қандай? Қаралы заман деген не?» деген сұрақтар пайда болады. Оған толғаудан жауап іздейді. Ал Сыпыра мен Асанқайғының ұрыс туралы өз заманының хандарына айтқан өсиетін балалардың санасына аса білімділікпен жеткізу – ұстаздың міндеті. Сыпыра жыраудың «Мен жыраумын, жыраумын...» атты толғауында да соғыс туралы: «Соның үшін хан ием, Көксемегей ұрысты», – деп жырлайды. Соғыстың алапат зияны туралы, ел ішінде туатын зобалаңы туралы былай деп жырлайды: «...Көп хандарды мен көрдім, Елін, халқын жылатқан. Қарағай сапты ақ найза, Батырларды құлатқан. Сары жай атқан сансыз оқ, Көп халықты жылатқан. Алла Тағала адамды, Тату бол деп жаратқан. Мен дүниеге келгенде, Әділетсіз хан көрдім. Бейкүнә өлген жан көрдім... Жанжалкеш ел жауласып, Жұрт арасы қан болар. Қара жермен тең болар. Ұрысты онша көксеме, Етек тарылып жең болар... Балалар мен жасөспірімдерге толғау-жырлардың тәрбиелік мәнін ұғындыра отырып, «әділетсіз хан», «бейкүнә өлген жан», «жанжалкеш ел», «жұрт арасы қан болар», «ұрысты онша көксеме», «етек тарылып, жең болар», «Алла Тағала бөліп берген ырыс», «Бейнетқордың малы өсер» деген сияқты сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіп отыру қажет. Себебі балалар мен жасөспірімдер толғау-жырдың әрбір жолына сыни көзбен қарайды. Оқыған толғау туралы ой қорыту қабілеті артады. Өлеңде, жырда жазылған өсиеттер мен даналық пікірлер ой-өрісінің ұлғаюына әсер етеді. Олар оқыған шығармаларындағы батырларға, шешендерге, ғұлама адамдарға еліктегісі келеді. Өмірдің мәні мен маңызына үңілуге тырысады. Сыпыра жыраудың екі толғауы балалар мен жасөспірімдердің өмірге деген құштарлығын арттырады, өзіндік көзқарасы қалыптасады. Қотан (Құтан) жырау толғауларының балалар мен жасөспірімдерге әсер етер мәні туралы айтар болсақ, негізінен, балалар әдебиетінің ұрпақ тәрбиесіне негізделе қалыптасқанына көз жеткізуге болады. Қотан (Құтан) жыраудың «Ханда мейірім бола ма?» атты толғауының руханиятымызда, соның ішінде балалар руханиятында алатын орны ерекше. Олай дейтініміз – балалар руханияты ертеңгі ел басқаратын жігіттің, ел ағасының, елдің ақылшысы болған ақсақалдың бойындағы асыл қасиеттердің діңгегі. Дүйім жұртты аузына қаратқан шешендер мен билер шешендік сөздерді, ақындар ширатпа шумақтар мен назым сөздердің бастау бұлағын бала кезінен бойына сіңіріп өскен. Мысалы, Төле би жас кезінде атақты абыз билерден бата алу үшін соларға бармақ болады. Әкесімен ақылдасу үшін әкесіне келіп, өз ойын айтады. Елдің бірлігі туралы әңгіме айтып отырған әкесі баласы Төлеге: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» деп сұрақ қояды. Әкесі өз сұрағына өзі жауап береді. Ол Төлеге бір бума солқылдақ шыбық алдырып: «Балам, мынаны сындырып көрші», – дейді. Төле бір бума шыбықты сындыра алмайды. Ал біртіндеп сындырып еді, сына бастайды. Сонда бала әкесіне: «Түсіндім, әке, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды дегеніңіз ғой», – дейді. Бала Әйтеке би туралы, бала Қазыбек би туралы мұндай аңыз әңгімелер ауыз әдебиетінде көптеп кездеседі. Мұның бәрі де балалар мен жасөспірімдерді тапқырлыққа, шешендікке баулитыны белгілі. Балалар мен жасөспірімдердің о бастан нәр алып, ақылына ақыл қосатын, ойын толықтыратын, ақылдылық пен ойшылдыққа, еңбек пен білімге, өнерге баулитын үлкен арнасы – балалар ауыз әдебиеті. Ертегілер, аңыз әңгімелерде, батырлар жырында ел басқаратын хандар жайлы оқып, хандардың ел алдындағы беделі мен тұлғасына еліктейді. «Мен де Қобыландыдай, Алпамыстай батыр болсам, Жәнібек пен Керей хандай, Қасым хан мен Тәуке хандай, Абылай хандай, Кенесарыдай хан болсам екен деп армандайды. Сол хандар қандай хан болды, халқын қорғады ма, әлде қорлады ма, елге бейбіт өмір орнатты ма, әлде көрші мемлекеттермен соғысып, халықты қайғыға ұшыратты ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп, ой-санасында патриоттық сезім қалыптасатыны анық. Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті балалар әдебиетінің тарихында елеулі орынды иеленетіні белгілі. Әсіресе хандар мен билердің балалық шақтары мен есейген шақтарындағы қара қылды қақ жарған әділдігі өскелең ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, имандылыққа, шешендікке баулитыны рас. Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Ш.Мұртаза атындағы ХТИИ-дың доценті