Өңірдің химия саласы өркендеп келеді
Өңірдің химия саласы өркендеп келеді
Отандық химия өндірісінің жүрегі, көшбасшысы саналатын алып компанияның тараздық филиалы – Минералды тыңайтқыштар зауыты 1940 жылдардың аяғында салынса, күкірт қышқылы цехы 1950 жылы алғашқы өнімін шығарды. Содан бері бұл зауыт облысқа да, елге де қызмет етіп, сан алуан өнім шығарып келеді. Жер көлемі 269,2 гектарды құрап жатқан ірі өндіріс ошағы аммофос өндірумен химия саласын алға сүйреп келеді. Өндірістің жобалық қуаты жылына 180 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорынның негізгі тұтынушылары – Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина, Түркіменстан, Литва, Латвия, Польша мемлекеттері. «Қазфосфаттың» өнімі Ауғанстан, Румыния, Чехия, Болгария, Иран сияқты елдерге де жөнелтіліп, бүгінде әлемдік нарыққа өнім шығару жолын кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр екен. Баспасөз туры аясында барған келесі ірі кәсіпорынның бірі – Тараз металлургиялық зауыты. Бұл кәсіпорын 2000 жылдардың басында «Химпром-2030» серіктестігінің орнына құрылып, толық жөндеуден өткен. Металлургия зауыты ферроқорытпа өнімдерін, электрокальцийлендірілген антрацит блоктар мен анод массаларын шығарумен айналысады. Кәсіпорын өндіретін ферроқорытпалар – болатты қышқылсыздандыру және легирлеу әдісінде пайдаланылатын темір мен басқа да элементтердің қорытпалары. Бүгін өмірді оларсыз елестету күрделі, өйткені ферроқорытпа өнеркәсібі машина құрастыру, авиация, химия және басқа да салаларда қолданылады. Ферроқорытпаларды кендегі кен концентраттарына тотықсыздандырғыштар қоса отырып, балқыту арқылы алады. Бұл процесс электрлі кен тотықсыздандырғыш пештерде, кейде шахталы балқыту, аз мөлшерде домна пештерінде жүргізіледі. Әр пеш үшін қуаты 25 Мегаватт электр энергиясы кетеді екен. Зауытта әзірге екі пеш қана жұмыс істеп тұр, тағы біреуі жөндеуде екен. Кәсіпорында 40 жылдық тәжірибесі бар технологиялық цех бастығының орынбасары Нұржан Оразалиев мұндағы жұмыстың жай-жапсарын баяндап берді. – Біздің зауыт 2008 жылы металлургиялық комбинатқа айналды. Қазіргі уақытта екі электр пешін қолданамыз. Жұмыс процесі үздіксіз жүргізіледі. Барлығы 350 адам 4 ауысыммен жұмыс істейді. Пеш ішіндегі температура цельсий бойынша – 1500-1600 градус. Тәулігіне 160 тонна өнім шығарамыз. Пештің өзі сыртынан үлкен болат бөшкеге ұқсайды. Қауіпті болса да пештің ішіндегі қайнаған от массасын қорықпай араластырып жатқан жұмысшылардың еңбегі әсте оңай емес. Іште жанып жатқан от шалыс бассаң көзді соқыр етуі де мүмкін. Қанша қорқынышты көрінгенімен пештен ұшқын ұшпайды. Себебі олар сорғыш арқылы пештен мұржаға кетеді. Сондай-ақ пеш газдары көп сатылы сүзгі жүйесінен өтіп, атмосфераға ауыр және зиянды металдар жіберілмейді. Байқасаңыз, біздің зауыттың үстінде қою қара түтін жоқ, – деп түсіндірді Нұржан Оразалиев. Шынында да мұндағы тыныштықтан зауытта осындай қызу еңбек жүріп жатқанын аңғармайсыз. Аталмыш өндіріс орнында электродтар өндіру цехы да табысты жұмыс істеп тұр. Орайы келгенде біз цех бастығы Серік Бейсембаевты сөзге тарттық. – Бұл цех сонау 1981 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тоқсаныншы жылдары белгілі себептермен тоқтап қалды. Бірақ 2010 жылы қайтадан іске қосылып, өндіріс өрге басты. Қайта іске қосылған жылдары бастапқы айларда 300-400 тонна өнім өндіріп жүрдік. Ол кездері зауытта 100 адам жұмыс істейтін. Қазір цех айына 4 500 тоннаға дейін өнім шығаруға әлеуетті, жұмысшылар саны да 200 адамға дейін өсті. Электродтар – өте қажетті өнімдердің бірі. Осы электрод массасы тек Ресейде, Украинада, Қытайда және біздің елімізде, онда да осы Тараз металлургия зауытында шығарылады. Шикізаттың негізгі жеткізушісі – Ресей. Дайын өнім ең алдымен Қазақстан бойынша тасымалданады. Электродты массаны бізден Ақсу ферроқорытпа зауыты, өзіміздің «Қазфосфат» ЖШС, сондай-ақ Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан, Грузия алады. Өткен жылы біз Польшаға сынақ партиясын жібергенбіз, қазір тағы бір партия дайындап жатырмыз. Түркия және Малайзия елдерімен де келіссөздер жүргізілуде. Бір-екі айда өнімдеріміз аталған елдерге жіберіледі деп үміттенемін, – деді С.Бейсембаев. Зауыттағы орташа жалақы айына 250 мың теңгені құрайды. Мұнан соң журналистер Сарысу ауданында орналасқан «ЕуроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС-ында болды. Аталмыш зауыт тек ондағы тұрғындарды ғана емес, шеттен келген азаматтарды да жұмысқа тартқан. Өндіріс орнында 550 жұмысшы бар. Мұнда қуаттылығы жылына кемінде бір миллион тонна минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіретін химия зауытының құрылысы жүргізілуде. Өндіріс іске қосылғанда 1200-ден астам жұмыс орны құрылатын болады. Журналистер құрылыс алаңын аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Жаңа кәсіпорын салынып жатқан алаңның құрылыс жетекшісі Михаил Евдокимовпен тілдесудің сәті түсті. – Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарлануда. Химия зауытының өзінен басқа электр желілері, сумен жабдықтау, темір және автомобиль жолдарын саламыз. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар, нақтылап айтсақ, 300 адамға арналған вахталық қалашық, 60 пәтерлік тұрғын үй кешені, қонақүй мен демалыс аймағын қамтитын бірқатар инфрақұрылым нысандарының да құрылысы жоспарланған, – деді ол. Сарысу ауданындағы «ЕуроХим» – минералды тыңайтқыштар өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Компания ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттырып, жаңа инновациялық тыңайтқыштармен фермерлерді қамтамасыз етеді. Кәсіпорын «Еurochem Group» трансұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны болып есептелетін ресейлік «ЕуроХим» компаниясына қарайды. Компанияның өндірістік активтері төрт елде орналасқан, ал сату және тарату желісі бүкіл әлемде жұмыс істейді. «ЕуроХим-Тыңайтқыштар» зауытының фосфор ұнтағын өндіру цехының аға шебері Бауыржан Саттархановтың айтуынша, өнімнің негізгі екі тасымалдаушысы бар. Олар – минералды тыңайтқыштар зауыты мен Ресей. – Қазір осы тізімге Өзбекстан қосылды. Өздеріңіз байқап тұрғандай, мұнда фосфор ұнтағы өндіріледі. Техникалық-қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған. Арнайы киімдермен, көзілдірікпен жүреміз. Компания тарапынан жұмысшыларға барлық жағдай жасалған, – дейді Б.Саттарханов. Кәсіпорынның негізгі жұмысшылары Сарысу және Талас өңірлерінің тұрғындары. «ЕуроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС 2012 жылдан бастап облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымына мемлекеттік бюджетке жарна төлеп келеді. Осы кезге дейін барлығы 6,1 миллиард теңге қаржы төлеген. Кәсіпорын 2037 жылға дейін мемлекет бюджетіне 40 миллион АҚШ долларын төлейтін болады. «ЕуроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС-ның 2012-2021 жылдары әлеуметтік аударымдары есебінен Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласында бірінші шағын аудан, №19, 31, 33, 34, 35 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Балалар мен жасөспірімдер орталығы, «Балдырған» балабақшасы, Абай атындағы орта мектеп, Абылай хан атындағы орта мектеп, М.Әуезов атындағы гимназия, орталық аудандық аурухана ғимараты (пандус орнату), «Даңқ» монументі, «Ықылас» мәдениет үйі, «Бейбітшілік» көшесі мен автожол үшін маңызы бар бірнеше көпір қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар Талас ауданы мен Қаратау қаласында әлеуметтік маңызы бар он нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстың осынау шалғай ауданында орналасқан өнеркәсіп өңірдің химия саласын дамытуға үлес қосып қана қоймай, республикалық бюджеттің ұлғаюына да сеп болып отыр. Мұндай табыс көзі жергілікті әрбір тұрғынға тиімді. Өйткені кәсіпорында да, ондағы кезең-кезең бойынша жүзеге асырылатын құрылыс жұмыстарында да еңбек етіп жүргендердің 96 пайызы – Сарысу мен таластық тұрғындар. А.БЕКЕНҚЫЗЫ