Брифинг

Адами капиталды дамыту – айрықша назарда

Адами капиталды дамыту – айрықша назарда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев өзі жетекшілік ететін ішкі саясат, білім, дін, денешынықтыру және спорт, жастар саясаты мәселелері, тілдерді дамыту, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндама жасады.

Еркін Құлымбайұлының айтуынша, өңірде жыл басынан бері 4 500-ге жуық қоғамдық-саяси, мәдени іс-шаралар өткізілген. Сонымен қатар биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 148 жобаға 1 162,4 миллион теңге бөлініп, ақпараттық салада 41 тақырыптық бағыттан тұратын медиа-жоспар бекітіліпті. Биыл мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа 1 миллиард теңге қаржы қаралса, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 142 жобаға 1 162,4 миллион теңге жоспарланған. Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыратын құралдардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету жобалары. Жоспарланған қаржы көлемінің 78 пайыздан астамы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімдер, халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға бөлінген. Спикер өз сөзінде өңірде 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейтінін, облыстағы 371 елді мекеннің 32-сінде этностар тығыз орналасқанын айтып өтті. Сондай-ақ «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында 2023 жылдың сәуір айынан бастап Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Шу, Қордай аудандарында жоспарлы жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті. Келесі кезекте Еркін Үйсімбаев мәдениет, архивтер және құжаттама саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. – Қазіргі таңда аймақта 510 халыққа қызмет көрсететін мәдениет мекемесі бар. Биыл салаға 11,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. 2023 жылы 14 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен барлығы 1,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, оның ішінде өткен жылдан өтпелі 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл 21 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Облыста 3 435 тарих және мәдениет ескерткіштері болса, оның 728-і мемлекеттік тізімге алынған. Сондай-ақ тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп отырған 197 мәдениет үйі мен клубта 841 үйірмеге 10 318 адам тартылған. Бүгінгі таңда облыста 274 кітапхананың 268-і интернетке қосылған. Барлық кітапханалар компьютермен қамтылған, – деді баяндамашы. Өңірде денешынықтыру және спорт саласы бойынша да жетістіктер көп. Мәселен, бүгінгі күнге денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 482,6 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 39,6 пайызына жеткен. Көрсеткішті жыл соңына дейін 42 пайызға жеткізу көзделуде. Спикер баяндамасында спорт нысандарының құрылысы, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі, саладағы жетістіктерге тоқталды. Мұнан кейін дін істері саласына тоқталған облыс әкімінің орынбасары аймақта 11 конфессиядан тұратын 385 діни бірлестік пен филиал, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 339 мешіт пен христиандық бағыттағы 46 шіркеу мемлекеттік тіркеуден өтіп, жұмыс істеп отырғанын айтты. – Облыс әкімдігінің дін істері басқармасы және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан жолданған әдістеме бойынша дін саласындағы жұмыстар адрестік (нақты) ақпараттық-түсіндіру, интернет кеңістікте қарсы насихаттау, оңалту және дерадикализациялау сынды 3 негізгі бағытта атқарылуда. Деструктивті діни ағым өкілдері арасында жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде биыл деструктивті діни бағыттағы 31 азамат қоғамға бейімделді. Жалпы облысымызда діни ахуалдың жай-күйін тұрақтандыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта ҚР Үкіметімен бекітілген «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарының», сондай-ақ жабық сипаттағы стратегиялық жоспарлар мен жол карталарының тармақтары мен нысаналы көрсеткіштері аясында жұмыстар жүргізілуде. Жастардың жайы да басты назарда. Бүгінде облыста 327 мыңнан астам жас бар. Ол облыс халқының 26,8 пайызын құрайды. Осы жылы облыста жастар саясатын жүзеге асыруға 1,9 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар биыл 69 миллион теңгеге 21 әлеуметтік маңызы бар жоба қаржыландырылмақ, – деді баяндамашы. Биыл білім саласына 317 миллиард теңге қаражат бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артқан. Осы жылы 17 мектеп және 7 мектептің қосымша, 1 ангар құрылысына 23,1 миллард теңге қаржы қарастырылған. 2023 жылы 10 мектеп және 4 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Келесі жылы 7 мектеп және 3 мектептің қосымша құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек 2023 жылға 17 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,4 миллард теңге бөлінген. Мұның бәрі де адами капиталды дамытудың айрықша назарда екенін аңғартады. Балаларды ыстық тамақпен қамту жайына тоқталған Еркін Құлымбайұлы биыл 49 137 көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,7 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Айта кетейік, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге 12 070 оқушы қатыспақ. Облыста мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 92,6 пайызды құрап отыр. Жастардың 77 пайызы қазақ тілінде білім алуда. Мемлекеттік мекемелерде құжат айналымы 100 пайыз мемлекеттік тілде. Брифингте тіл үйренушілерге тілдік орта қалыптастыру мақсатындағы жобалар жайы да айтылды. – Облыста ономастикалық атауларды біріздендіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні өңірде 5 800 физикалық-географиялық бірлік және оның құрамдас бөліктері бар. Олардың 11,4 пайызы өзгертуді қажет етеді. Өткен жылы облыста 198 нысанға және елді мекен мен құрамдас бөліктерге атау беріліп, қайта аталса, жыл басынан бері жол картасына сәйкес 124 нысан мен құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау жұмыстары жүргізілуде, – деді облыс әкімінің орынбасары. Еркін Үйсімбаев бұдан кейін БАҚ өкілдері тарапынан қойылған мемлекеттік тілдік ортаны қалыптастыру, ашық аспан астындағы музей, архив мекемесіне жаңа ғимарат беру, спорт саласында жарақат алған спортшыларға жағдай жасау сынды сауалдарға жауап берді.

Айжан ӨЗБЕКОВА