Жаңалықтар

«ҚАЙСАР ҚЫЗ – ӘЛИЯ»

«ҚАЙСАР ҚЫЗ – ӘЛИЯ»

Қазақта ерлігімен ел есінде қалған ерлер де, қыздар да көп. Кеңес Одағының Батыры, қазақтың аяулы қызы Әлия Молдағұлованы да қазақтың өжет те қайсар қыздарының озық үлгісі десек, еш қателеспейміз. Әлия Молдағұлова сұрапыл соғыс кезінде Томиристей аналарымыздың жалғасы екенін өзінің бойындағы асқан ерлігімен дәлелдеген тұлға.

Қайсар рухымен тамсантқан батыр қызымызға халқымыздың риясыз құрметі болса керек, талайлы тағдырын қаншама ән мен жырға арқау етті. Әсіресе Әлия Нұрмұхамбетқызына арналған жерлесіміз Бақытжан Әліқұловтың өлеңінің орны бөлек. «Қайсар қыз – Әлия» әнінің сөзін Бақытжан Әліқұл жазса, Алматы қалалық полиция департаменті оркестрінің солистері, халықаралық байқаулардың лауреаттары, Мәдениет саласының үздіктері Қайрат Игіліков пен Жұлдыз Өскембаева 9 мамыр – Жеңіс күніне орай орындап шыққан болатын. Ендеше тыңдарманы көп болсын деген ниетте газетімізде өлмес рухты батыр қыздың рухына арналған әннің тұсауын кесіп отырмыз. Қайсар қыз – әлия сөзі: Бақытжан Әліқұловтікі әні: Қайрат Игіліковтікі Қайсар қыз Әлия, Туысың ерліктің. Шынайы көңілің, Белгісі кеңдіктің. Есімің еліңнің, Есінен кетпейді. Бейнеңді суреттеп, Қырда гүл көктейді. Қайырмасы: Тектілік үлгісін, Көрсетіп бәріне. Айналдың халықтың, Аяулы әніне. Өмірің өнеге, Жалынды жастарға. Сен болып бір жұлдыз, Жанып тұр аспанда. Әлия, Әлия, Әлия! Көре алмай кетсең де, Ақ таңын жеңістің. Кейінгі ұрпақпен, Көше боп көрістің. Отанды қорғаған, Батырдың бірісің. Енді сен біз үшін, Мәңгілік тірісің! Қайырмасы: