Ақын туындысы – асыл қазына
Ақын туындысы – асыл қазына
Дулат Шалқарбаев 1923 жылы Сарысу ауданының Байқадам ауылында туған. Байқадам орта мектебінің 9-сыныбын бітірген соң әртүрлі жұмыс атқарған. Ширек ғасыр бойы аудандық, облыстық газеттерде, кәсіптік білім беру және мәдениет салаларында табысты қызмет атқара жүріп, көркем шығармашылықпен де үзбей шұғылданды. Ол жиырма шақты поэзиялық және прозалық кітаптың, бірнеше пьесаның, балаларға арналған көптеген туындының авторы. Бірнеше өлеңі мен әңгімелері ұжымдық жинақтарда жарияланған. «Дарабоз» әдеби жабық бәйгесінің бірнеше мәрте жүлдегері. Іс-шара облыс тұрғындары, әсіресе жастар арасында жергілікті әдебиет туындыларын оқу және насихаттау, өлке тарихын, табиғатын, әдебиетін және мәдени мұрасын өркендетуді көздейді. Жасөспірімдердің зияткерлік-рухани дамуына ықпал жасау мақсат етілген іс-шара кітапханашы Гүлжан Бошаеваның ақын өміріне шолу жасауымен басталды. №30 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушылары Мерей Дәулеткерей мен Алина Русланқызы ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Ақын шығармашылығы бейнеслайд арқылы көрсетіліп, мектеп кітапханашысы Ақмарал Абласанова жазушының «Дүрбелең» атты тарихи романына тоқталып, қысқаша мазмұндама берді. Сондай-ақ ақын өмірі мен шығармашылығына арналған «Қарымды қаламгер» тақырыбында кітап көрмесі ұсынылып, онда Д.Шалқарбаевтың «Өмір өзі сөйлейді», «Бабалар тағылымы» атты өлеңдер, толғаулар, шешендік сөздер жинағына кітапханашы Бағира Бұлтанқұлова библиографиялық шолу жасады. Ақын шығармашылығымен танысқан жас ұрпақ рухани азықпен сусындап, ақын өлеңдеріне қызығушылық танытып отырды.
Көрме диалогтың берері мол
Сонымен қатар аталған кітапхана қызметкерлері қала тұрғындарының демалыс уақытын тиімді пайдалану, оқырмандардың назарын кітап оқуға аудару, руханиятқа бай орта қалыптастыру, оқырмандарды жаңа кітаптармен және жаңа авторлармен таныстыру мақсатында «Әлемді кітаппен таны» тақырыбында көрме диалог өткізді. Іс-шара барысында кітапхана қызметкерлері келген оқырмандарға керемет көңіл күй мен рухани азық сыйлау үшін қызықты қойылымдар қойып, ертегілер әлеміне саяхат ұйымдастырып, түрлі викториналық және интеллектуалды ойын ойнатты. Ойынға атсалысып, белсенділік танытқан балаларға сыйлықтар үлестірілді. Іс-шараға қатысушы, кітапхананың жас оқырмандары Нұрсезім Болатбек, Нұршайық Пансатбек, Айзере Пансатбек өлең-жырларын жатқа оқыды. Бұдан бөлек «Кітап – сарқылмас қазына» тақырыбында кітап көрмесі ұсынылды. Онда балаларға арналған түрлі танымдық және көркем әдебиеттер мен әр халықтың ертегілері топтастырылды. Көрмеге қойылған кітаптарға кітапханашылар арнайы шолу жасап, оқырмандарды кітап оқуға шақырды.
Жаңагүл Ахумбекова, Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана меңгерушісі, Тараз қаласы