Дін

Тура жолдан таймайық

Тура жолдан таймайық

Деструктивті діни ағымдар – адамның заңды құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін, радикалды діни идеяларды тарататын, мемлекеттіліктің негіздеріне күмән келтіретін, дінаралық және халықаралық қақтығыстарды қоздыратын, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды мойындамайтын құрылымдар.

Деструктивті культ немесе деструктивті діни ағым – латын тілінен аударғанда «destructio», яғни бүлдіргіштік, залал тигізуге ұмтылыс, нәтижесіздік деген мағыналарды білдіреді. Деструктивті діни ағымдардың бірнеше ерекшеліктерін атап өтуге болaды. Ол – белгілі бір харизматикалық тұлғаға көзсіз еру, салт-дәстүрге қaйшы келу, діни түсінікте эмоциялық-психологиялық жaғы бaсым болу, жетекшілері өздеріне «құдай» мәртебесін иелену, діннің әлеуметтік міндеттеріне және тағы да басқаларға бaсымдық беру. Деструктивті радикалды діни топқа адам өз еркімен мүше болуы – екі тараптың өзара бірлесе әрекеттесуінің нәтижесі. Яғни бірінші фактор: адептің өзіндік психологиялық тұрғыдан осалдығы, екінші фактор: вербовщиктердің адепті өз қатарларына тартуы, ұстап тұруы, өңдеу тактикаларының нәтижесі. Қазіргі уақытта адамдардың деструктивті діни ағымдардың қатарына кетіп қалуының басты себебі ретінде ұйым өкілдерінің интернет желісінде белсенділігі мен азаматтардың діни сауатының төмендігі деген пікірді алға тартады. Ағымдардың ықпалына түсуге ерекше осал топқа қарқынды түрде рухани ізденістегі тұлғалар, ақиқатқа немесе абсолютті ақиқатқа қол жеткізуді армандаушылар, екіжақты жауабы бар күрделі сұрақтарға жалғыз жауап іздеушілер, сонымен қатар мәселені тікелей сөзбен түсінуге қабілеті жетпейтін, көз алдына елестету арқылы ғана түсіне алатын ақыл-ой жүйесіне ие адамдар жатады. Сондықтан деструктивті діни ұйымдардың, жалған ақпараттың, манипулиятивті әсерлердің құрбанына айналмас үшін ДДҰ тартушылары қолданатын айла-тәсілдерін жақсы білуіміз керек. Адамдардың санасын улау кезінде ДДҰ көшбасшылары, ең алдымен, «өмірдің шынайы құндылықтары» негіздерін белгілеп, қазіргі қоғамның қателігін көрсетуге асығады. Бұған сендіру оларға қиын емес. Шынында да егер сіз жан-жағыңызға қарасаңыз нашақорлық, алкоголизм, жезөкшелік, сыбайлас жемқорлық, бір жынысты некені насихаттау және басқа да өмірдің негативті жақтарын көре аласыз. Алайда қоғамның жағымсыз тұстарымен қатар, жағымды жағы да бар. Бірақ бұл мәселелердің шешімін табудың орнына деструктивті діни топтар өздерінің «шынайы дұрыс жолын» ұсыну арқылы адамдарды өз қатарларына тартуға тырысады. Деструктивті діни ұйымдар адептілерді өз қатарына тарту үшін арнайы тәсілдерді қолдана отырып, кезең-кезеңімен жүргізеді. ДДҰ өкілдері, ең біріншіден, адептімен жалпы қоғамды алаңдататын ортақ тақырыпта сөз қозғау арқылы жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысады. Сөз барысында адептінің сөзін соңына дейін тыңдап, арасында оның қаншалықты білімді, қазіргі қоғамда сондай адамдар қажет екендігі және сол сияқты жылы сөздер арқылы комплименттер айтып, еліктіреді. Мұның бәрі адептіні ДДҰ өкілімен сөйлесу барысында олар туралы жағымды пікір қалыптастыру, олардың ұстанған жолы туралы оң көзқараста болу үшін әдейі жасалады. Екіншіден, адептінің сеніміне кіріп, оның алдында белгілі бір дәрежеде абырой жинағаннан кейін оның сыни ойлау, өз пікірін білдіру қабілеттерін басуға әрекет жасайды. Ол үшін адептінің миын өздерінің діни көзқарасы, «миссиясы» сияқты ақпараттармен толтырып, оларға ойлануға, оңаша қалуға мүмкіндік бермейді. Яғни адептіні әртүрлі серуенге, жиындарға, тамақтануға шақырып, барынша шаршатуға тырысады. Сөздік қорын өзгертіп, ойлау өрісін тарылтады. Осы арқылы адептіні бұрыннан араласатын ортасымен қарым-қатынасын үзуге итермелейді. Үшіншіден, ДДҰ өкілдері адептіні қалыпты қоғамдық қатынастардан алыстатуға тырысады. Мысалы, оқуын немесе жұмысын тастауға итермелейді, шетелге шығуға үгіттейді (білім алуды сол жақта жалғастыру, әскери қақтығыстарға қатысу), отбасынан, достарынан, қоғамнан оқшауландырады, кез келген сырттан келген ақпаратты күмәнді санайды, топты сынаушылардың барлығы жағымсыз (негативті), адам дамуына қарсы, қауіпті тұлға ретінде таныстырылады. Мұндай адамдармен мүлдем кездеспеуге шақырады, оларға жала жауып, сотқа беруге үгіттейді. Кейде топ мүшесінің бұрынғы өміріндегі немесе қазір басына түскен қиыншылықтарға отбасын кінәлайды. Төртінші, отбасынан, жақындары мен достарынан алыстаған адептілердің қоғаммен қалыпты қатынасы бұзылады. Жұмысын жиі ауыстыруына байланысты тұрақты табысынан айырылған азаматтар терең депрессиялық күйге түседі. Осының бәрі адамның тек сол ұйымның мүддесіне ғана жұмыс істейтін, фанатқа, құралға айналуына әкеліп соқтырады. Деструктивті діни ағымдардың жоғарыдағы атап өткен әдіс-тәсілдерінің әсері жеке адам және оның айналасындағылар үшін қаншалықты қауіпті екендігін көрсетуде. Сондықтан қазіргі жастар үшін діни сауатты болу, діни сенімді таңдауда барынша жауапты болу қоғамның басты талаптарының бірі болып отыр.

Асылхан ҚАЛМЫРЗАЕВ, облыс әкімдігі дін істері басқармасының бас маманы