Брифинг

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДАҒЫ ЖАҢА ҚАДАМ

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДАҒЫ ЖАҢА ҚАДАМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын тиімді жүзеге асыра білгеннің нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Алдағы уақытта да өсу динамикасын сақтап тұру үшін барлық сала бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сөзіміз дәйекті болу үшін сандарды сөйлетсек, облыстың жалпы өңірлік өнімі өткен жылдың қорытындысымен (алдын ала мәлімет бойынша) 2 триллион 749 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,3 пайыз деңгейінде қалыптасыпты.

2023 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен экономикалық өсім 103 пайызды құраған. Нақты айтар болсақ, өнеркәсіп – 103,7 пайыз, ауылшаруашылығы – 102,1, құрылыс – 147,3, тұрғын үй көлемі – 105, инвестиция – 107,4, сауда – 100,7, байланыс – 111,7, инфляция – 103,8, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз деңгейінде қалыптасып, бюджеттің игерілуі 99,5 пайызды құрапты. Жалпы биыл облысқа республикалық бюджеттен 485,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бөлінген қаражат көлемі өткен жылғыдан 47,6 миллиард теңгеге немесе 11 пайызға артық. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің айтуынша, жыл басынан бері барлық саланың дамуында оң серпін байқалған. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Нұржан Сәбитұлы негізгі салаларда атқарылған жұмыстар, жыл соңына дейінгі жоспарлар жайлы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары алдымен әлеуметтік саланың бүгінгі әлеуетіне тоқталды. Айтуынша, биыл облыстың білім саласына 317,7 миллиард теңге бөлініпті. 2020-2023 жылдары 44 мыңға жуық педагогтың жалақысы 100 пайызға, яғни 2 есеге өскен. – Жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен көпбалалы және аз камтылған отбасылардан шыққан 48 671 баланы ыстық тамақпен, киім-кешекпен және жазғы сауықтыру лагерлерімен қамтамсыз етуге 5,7 миллиард теңге көзделіп отыр. Мемлекет басшысының аз қамтылған отбасыдан шыққан 1-4-сыныпта оқитын 70 639 баланы және мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленетін 11 326 баланы ыстық тамақпен қамту мақсатында берген тапсырмасын орындау үшін 3 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралды. Сондай-ақ Тараз қаласында орналасқан Президент резиденциясы жергілікті әкімдікке беріліп, балаларға арналған жыл бойы жұмыс атқаратын 40 орындық облыстық «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығын ашу үшін 610,8 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда 17 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мектептерді жаңғырту аясында 30 мектепті модификациялық кабинеттермен және білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 2,3 миллиард теңге қарастырылды. Облыс көлемінде 25 білім нысанының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 14-і пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 4 310 орынды құрайтын 5 орын тапшылығы бар, 5 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешіліп, 4 мектепке қосымша акт залы, спортзал, асхана салынады, – деген Нұржан Сәбитұлы келесі кезекте денсаулық сақтау саласының жай-күйін баяндады. Биыл денсаулық сақтау саласының шығындарына 13,5 миллиард теңге жоспарланған. Бөлінген қаражат аясында 20 денсаулық сақтау нысанының күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 52,4 пайыздан 36,7 пайызға дейін төмендемек. Бұдан бөлек халықты сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында 3 ауданда (Байзақ, Қордай, Жуалы) орталық ауруханалар құрылысы мен 3 ауданда (Меркі, Шу, Талас) көпбейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаңғырту жобаларының құжаттары әзірленіпті. Н.Календеровтің сөзіне сүйенсек, саланы қажетті жабдықтармен жарақтандыруға да бөлінген қаржы көлемі жылдан-жылға артуда. Мәселен, медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында 10 аудандық ауруханаға 20 реанимобиль алуға 390 миллион теңге, 20 санитарлық автокөлік алуға 261,2 миллион теңге қарастырылыпты. Осылайша саланың медициналық техникамен жабдықталу деңгейі 91,9 пайыздан 96,6 пайызға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Сондай-ақ Нұржан Сәбитұлы брифинг барысында спорт, мәдениет, ауылшаруашылығы, құрылыс, жұмыспен қамту салаларында қол жеткізілген нәтижелерді баяндап, атқарылып жатқан жұмыстың барысымен таныстырды. – Қазіргі таңда облысымызда 23 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. 16-сы биыл пайдалануға беріледі. Нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін 59 пайызға (2022 жылы – 57,5 пайыз), денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесін 42 пайызға (2022 жылы – 39,1 пайыз) жеткізу көзделуде. Ал мәдениет саласына 11,9 миллиард теңге бөлініп, 14 нысанның құрылысы және 4 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Халықты мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 84,8 пайызға жетеді. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 1,1 миллиард теңге қарастырылып, 208 үйірмеге 4-17 жас аралығындағы 6 725 бала қатысуда. Халықты жұмыспен қамту саласында да жоспарға сай жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2023 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 13,5 миллиард теңге бөлінді. «Бастау бизнес» жобасы аясында қайтарымсыз грант беруге 1,5 миллиард теңге жоспарланды. Нәтижесінде 54,2 мың адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін 1,7 миллиард теңге бөлінді. Бұдан бөлек 3 әлеуметтік қорғау нысанының құрылысына 3 миллиард теңге жоспарланып, жыл қорытындысымен Тараз қаласында 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығының, әлеуметтік бейімдеу орталығының және Шу ауданының Төле би ауылында 48 орынға арналған балаларды оңалту орталығы ел игілігіне беріледі. 563,4 миллион теңгеге 7 әлеуметтік қорғау нысаны ағымдағы жөндеуден өтеді. Ауылшаруашылық саласына жалпы 35,9 миллиард теңге қаралды. 27,4 миллиард теңге субсидия бөлініп, 8 мыңға жуық шаруашылықтар субсидиямен қамтылады деп күтілуде. Сала нысандарын дамытуға 15 жобаға 5,2 миллиард теңге бөлініп, жыл қорытындысымен 11 жобаны аяқтау көзделуде, – деп, бұдан кейін халықтың тұрмысын жақсартып, табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы туралы тәптіштеп айтып берді. «Ауыл аманаты» жобасы басталғалы 18,3 миллиард теңге несие бөлініп, 24 ауылдық округтегі 4 мыңға жуық тұрғын өз кәсібін бастаған. Ал 2023 жылға қосымша 24 миллиард теңге қаралыпты. Қосымша 26 ауылдық округтегі 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіру жоспарлануда. Айта кетерлігі, елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауылдық округтің инфрақұрылымын дамыту мақсатында 183 жоба іске асырылып жатыр екен. Нәтижесінде елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен қамтылу деңгейі 57 пайыздан 63,2 пайызға жетеді. Аталған салалардан бөлек, тұрғын үй құрылысында да бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай қарқын бар. Нұржан Сәбитұлының келтірген деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда 13,2 миллиард теңгеге 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің (323,1 мың шаршы метр) құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 2 564 пәтерлі 45 үй пайдалануға берілмек. Мұнымен бірге әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы отбасыларға 7,6 миллиард теңгеге 797 пәтер сатып алу көзделуде. Сонымен қатар 2023 жылы 3,3 миллиард теңгеге 44 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. 42 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласына ойын алаңшалары орнатылады. – Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында 1 миллиард теңгеге 77 инженерлік инфрақұрылым нысанын іске асырып, 869 жер учаскесін тарату көзделуде. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 13,6 миллиард теңгеге 54 жоба іске асырылады. Осылайша 32 елді мекен қамтылып, сапалы ауыз сумен қамтылу деңгейі 92,0 пайыздан 96,5 пайызға (тұрғынмен есептегенде) дейін артады. Ал газбен жабдықтау бойынша 16 жобаның құрылысына 11,8 миллиард теңге жоспарланып, жыл қорытындысымен 18 елді мекен табиғи газбен қамтылады. Автомобиль жолдарының сапасын арттыруға 24,7 миллиард теңге бөлініп, оның 1,8 миллиард теңгесіне Тараз қаласындағы Саңырақ батыр, Шостакович, Мәмбет батыр және Ташкент көшелерін жаңғырту аяқталып, «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабына асфальт төсеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы Шахтер және Б.Момышұлы көшелерін қайта жаңғырту жүргізіледі. 21,1 миллиард теңгеге облыстық, аудандық және ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша 479 жоба іске асырылады. Сонымен, 3,3 шақырым көше жолдары құрылыспен, 11,4 шақырым жол қайта жаңғыртумен және 777,3 шақырым жол орта жөндеумен қамтылып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол үлесі 97 пайыздан 98 пайызға дейін жетеді, – деді Нұржан Календеров. Брифинг аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдері баяндамада қамтылмай қалған кейбір мәселелер бойынша спикерге сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Нұржан Сәбитұлы айтып өткендей, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде қалыптасқан оң динамика өңір экономикасының тұрақты өркендеуіне негіз болмақ.

Талғат НҰРХАНОВ