Өндірісі өркендеген өңір
Өндірісі өркендеген өңір
Ауылшаруашылығы алшаң басуда
Биыл Шу өңірінде құны 2,9 миллиард теңгені құрайтын 29 жоба іске асырылмақ. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібін сөз етсек, екі жиһаз дайындайтын және бір ағаштан ыдыс жасайтын, бір-бір құмблогын шығаратын, латок өндіретін, киім-кешек тігетін цех ашылмақ. Тамақ өнеркәсібі өндірісі бойынша төрт наубайхана, екі асхана іске қосылады. Сонымен қатар екі ойын-сауық, бір сауда-саттық орталығы, алты дүкен және қонақүй, техника жөндеу орталығы, балабақша, көлік жуу, дәріхана, тіс емханасы секілді нысандар халыққа өз қызметін ұсынады деп күтілуде. – Өткен жылы ауылшаруашылық саласында жаңбырлатып суару технологиясын енгізу, сүт өңдеу цехын іске қосу, мал бордақылау алаңын ашу секілді барлығы 22 жоба толықтай іске асырылып, нәтижесінде 48 жұмыс орны құрылды. Биыл құны 572 миллион теңге болатын 47 жоба іске асырылуда. Оның қатарында да жаңбырлатып суару технологиясын орнату, көкөністі жылыжайда өсіру, балық шаруашылығы, құрама жем зауыты секілді жобалар бар. Осы жылы 132,8 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда оның көлемі 1 542 гектарға ұлғайды. Биыл барлығы 10 568 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның ішінде 8 530 гектарға тамшылатып суару, 1 970 гектарға жаңбырлатып суару, 68 гектарға сплинкерлік суару әдісі қолданылуда. «Ауыл аманаты» жобасы ең алғаш, яғни 2019 жылы тұрғындардың тұрмысын арттыру пилоттық жобасы ретінде Жаңақоғам ауылдық округінде іске асырылған болатын. Бүгінгі күнге Бірлікүстем ауылдық округін қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Қосымша Қорағаты, Жаңажол, Көкқайнар ауылдық округтері аталған жобаға қосылып, қазіргі таңда ауыл тұрғындары несие алуға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына құжаттарын өткізуде. Жайылым жерлердің де пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 93,8 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталды. Мәселені шешу үшін бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілді. Елді мекеннің жайылым жерлерін ұлғайту бойынша аудандық босалқы жер қорынан қосымша 83,3 мың гектар жайылымдық жер учаскелері өткен жылы ауылдық округтерге бекітіліп берілді. Осы жылы жоспарға сәйкес пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарда бар. Бұл бойынша 22 000 гектар кері қайтарылып, жайылым жерге шын зәру шаруашылықтарға үлестіру көзделуде. Жыл басынан бастап жалпы мемлекет меншігіне 9000 гектар қайтарылды. Оның ішінде 1878,09 гектары егістік болса, 7 122,86 гектары жайылымдық жер, – дейді аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков. Одан бөлек аудандық «Smart Аgro Karkara» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі пайдаланылмай жатқан 6 400 гектар тәлімі, суармалы, жайылымды мемлекеттік жер қорына қайтару бойынша аудан әкімдігі тарапынан сотқа талап арыз беріліпті. Жыл басынан бері игерілмей жатқан ауылшаруашылық мақсатындағы 21 шаруа қожалығының 49 446 гектар жайылымдық жері анықталған екен. Нақты айтқанда, аталған шаруашылықтардың жері бар, бірақ малы жоқ. Оның ішінде 5 ірі шаруа қожалықтың жері 38 906 гектар, қалғаны 16 шағын шаруа қожалыққа тиесілі. Жер телімдерін игермеген шаруа қожалықтары бойынша ҚР заңнамаларына сәйкес шара қолдану үшін облыстық жер инспекциясымен бірлесіп жұмыс атқарылып жатқан сыңайлы. Жалпы бұл аудан Шу өзенінің бойында орналасқандықтан халықтың негізгі кәсібінің бірі – диқаншылық. Егін егіп, ел ырысын еселеуде ағын судың маңызы айрықша. Бүгінде егін алқаптарын ылғалдандыруда үлкен рөл атқарып отырған 94 канал бар. Оның ішінде «ПУИД-2» бағдарламасы бойынша 16 нысанға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. – Ұзындығы 103,9 шақырым болатын осы каналдар арқылы 5 863 гектар алқап суландырылады. Балуан Шолақ, Дулат және Қонаев ауылдық округтері тұрғындарының қатысуымен жиын өткізгенбіз. Мердігер қазір тиісті міндеттемелерін орындауда, жыл соңына дейін толық аяқталатын болады. Аудан аумағындағы 35 канал теңгерімге алынып, жобалық-сметалық құжаты әзірленді және сараптама қорытындысы алынды. Далақайнар ауылындағы 4 каналға осы жылы 67 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алуға конкурс жарияланды. Далақайнар ауылындағы 4 канал ауыл әкімдігінің теңгеріміне өткізілді. Қалған 31 каналды «Қазсушар» мекемесінің теңгеріміне өткізу туралы қаулы шықты. Осы жылы 38 каналды теңгерімге алу үшін құжаттар дайындалуда және жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу қолға алынып жатыр. Қалған 5 канал жөндеуді қажет етпейді. Десе де оның бірқатарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. 2026 жылдың соңына дейін барлық каналдарды жөндеуден өткіземіз деген жоспарымыз бар, – дейді аудан әкімі. Жалпы адам баласы жайлы өмір сүруі үшін, ең әуелі, баспана қажет. Бұл тұрғыда ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыс жүйелі. Негізінде аудан бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін жер кезегінде тұрған азаматтардың саны – 9 739. Оның 7 643-і Шу қаласына тиесілі болса, аудан орталығы – Төле би ауылында 1 621 адам, ал Алға ауылы бойынша жер кезегінде 475 адам бар екен. Осы тұрғындардың ішінде бірқатарының мәселесін шешу мақсатында 2016 жылы тиісті елді мекендерден арнайы жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжат әзірленіп, су, газ, жолға қиыршық тас төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан көрінеді. «Асарлатып үй салу» жобасымен 2020 жылдан бастап 19 тұрғын үй мұқтаж отбасыларға табысталған. Осы жылға «Асар» жобасы аясында 9 үйді беру жоспарланыпты. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша биыл 30 маманды баспанамен қамтуға ұйғарым жасалған.
Шу қаласы шырайланып келеді
Шу қаласында 45 447 тұрғын бар болса, қала «Қант зауыты», «Тоғай», «Жанкулиев», «Батыс», «Горгаз», «Жайсан», «Жетісу», «Қосқұдық» іспетті 8 тұрғын алқапқа бөлінген. Қаланың 2023 жылғы бюджеті 938 миллион теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда қала бюджеті 3 есеге өскен. Оның ішінде 520 миллион теңгесі сәуір айындағы облыстық бюджетті нақтылау барысында беріліпті. Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев қаланың негізгі түйткілдерінің бірі тозығы жеткен ауызсу, кәріз жүйесін қалпына келтіру болса, бүгінде бұл кезек күттірмейтін мәселе ретінде күн тәртібінде тұрғанын айтады. – Қалада ауызсумен «Теміржол су Алматы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Ауыз су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны қызмет көрсетеді. Қаладағы 9 406 ауланың 6 978-і ауызсуға қосылған. Осы ретте «Қант зауыты», «Жанкулиев», «Жайсан», «Горгаз» тұрғын алқабын ауыз сумен қамту жұмыстары қолға алынып жатқанын айта кеткім келеді. Мәселен, «Қант зауыты» тұрғын алқабын ауызсумен қамтамасыз ету үшін өткен жылы құрылыс жұмыстары басталған болатын. Нысан биыл қараша айында пайдалануға беріледі. Ал қалған «Жанкулиев», «Жайсан», «Горгаз» мөлтек аудандарына аудандық бюджеттен жобалық-сметалық құжат дайындауға 24 миллион теңге қаржы қарастырылып, құжаттамалар әзірленуде. Осы жобаларды іске асыру үшін құжаттар келер жылы республикалық бюджет нақтыланғанда ұсынылатын болады. Аталған тұрғын алқапта 11 мыңға жуық адам тұрады. Бұл Шу қаласы тұрғындарының 28,7 пайызын құрайды. Жобалар іске асқан жағдайда Шу қаласының тұрғындары орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтылатын болады, – деді Е.Нұралиев. Қаланың тағы бір өзекті мәселесі – кәріз жүйесі. Қазіргі таңда кәріз жүйесінің 86 пайызының тозығы жетіпті. Кәріз және шайынды су жүйелерін қайта жаңғыртуға аудандық бюджеттен 45 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаты әзірленіпті. Қазір «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамына келісімге жолданған. Келісу жұмыстары аяқталғаннан кейін мемлекеттік сараптамаға жіберілмек. Аталған жоба да 2024 жылдың республикалық бюджетін нақтылауға ұсынылмақ. Тұрғын үй кезегіне 981 адам тіркеліпті. 2020 жылы 5 қабатты 80 пәтерлік 3 үйдің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжат әзірленген. Бүгінгі күнге мерзімі өтуіне байланысты ЖСҚ-ға қайта түзету енгізу көзделуде. Аталған жоба қолдау тапса, 240 азамат тұрғын үймен қамтылмақ. Сонымен қатар Шу қаласындағы әскери қалашықта күрделі жөндеуді қажет ететін 75 пәтерлі 4 үй бар, барлығы 300 пәтер. Қазіргі уақытта аталған тұрғын үйді жөндеуден өткізіп, пайдалануға берудің жолдары қарастырылып жатыр екен. Аталған мәселелер шешімін тапса, кезек саны 540 адамға азаймақ. Жалпы Шу қаласында 119 көппәтерлі тұрғын үй бар. Мемлекеттік бағдарлама арқылы көппәтерлі 34 үй жөндеуден өткен. Осы жылдың сәуір айында облыстық бюджетті нақтылау барысында 167 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарын қажет ететін тағы да 9 көппәтерлі үйге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. 2024 жылға 12 үйге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Шу қаласында электр желілерінің жалпы ұзындығы – 275,5 шақырым. Оның 70 пайызының тозығы жеткен. Қосалқы 3 станса бар. Бірақ олардың қаланы электр қуатымен қамтуға шамасы жетпеуіне байланысты «Жанкулиев» тұрғын алқабындағы қосалқы стансаны іске қосуға тура келген. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып, аудандық бюджеттен техникалық қызмет көрсетуге 26 миллион теңге бөлініпті. Бүгінгі таңда облыстық ЖЭС-ке теңгерімге өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соңғы бюджетті нақтылауда облыстық бюджеттен 116 миллион теңге бөлініп, нәтижесінде аталған тұрғын алқаптағы Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс көшелеріне электр желілерін тарту жұмысы жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Қалада ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын барлығы 313 көше бар болса, оның ішінде мүлдем асфальтталмағаны – 181. Осы жылы қаланың жолын жөндеуге 428 миллион теңге қарастырылыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 миллион теңгеге артық. Бөлінген қаражаттың нәтижесінде алдағы уақытта ұзындығы 19,7 шақырым болатын 21 көше жөнделеді. Сонымен қатар қалада 5 жерде, атап айтқанда, орталық базар маңындағы Сәтпаев-Түйебеков көшелерінің қиылысындағы 2 жерде, Абдикеримов көшесі бойында және Вокзал маңында 2 жерде арық жүйесі болмауына байланысты жаңбыр сулары жиналып, тұрғындарға қолайсыздықтар тудырған екен. Осы жерлерге арық жүргізіп, жаңбыр сулары кәрізін орнату үшін облыстық бюджеттен 22,9 миллион теңге қарастырылып, биыл бұл мәселе шешімін тауыпты. Қаладағы 11 мектепте 9 023 оқушы білім алып жатса, бұл аудан оқушыларының 42,8 пайызын құрайды. Облыстық жол картасына сәйкес 11 мектептің 5-еуі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 3-еуіне жаңа құрылыс қажет. 1 мектепке жапсарлас ғимарат, 1 жаңа мектеп салу көзделген. Бүгінгі күнге 1 жапсарлас ғимарат құрылысына және 1 күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге ұйғарым жасалған. Қалған мектептер бойынша жол картасына сәйкес 2024-2025 жылдары құжаттары әзірленіп, жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар 2024 жылға «Тоғай» және «Жанкулиев» тұрғын алқабына 600 орындық 2 жайлы мектеп құрылысы жоспарлануда. Негізінде Шу қаласының кәріз жүйесі мен бірқатар су жүйелері «Теміржол су Алматы» ЖШС теңгерімінде. Осы жүйелердің тозығы жетуіне байланысты қазір жөндеу жұмыстары қажет. Осыған байланысты бұл жүйелерді әкімдік теңгеріміне алып, жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланыпты. Дәл осындай мәселе жылу желілеріне де қатысты болып отыр. Себебі жылу желілерінің де 75 пайызы тозған. Жыл аяғына дейін құжаттары әзірленіп, орайы келсе 2024 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлдіру жоспарда бар. Қаладағы аумағы жөнінен ең үлкен «Жеңіс» саябағына да көңіл бөлінуде. Теміржол бекеті ғимаратының және аумағын жөндеу мәселесі де өзекті. Негізгі ғимараттар «Қазақстан ТЖ» АҚ-ның теңгерімінде болғанымен, вокзалға іргелес жерлер қала аумағында болғандықтан осы аумақтарды жөндеу және абаттандыру мақсатында ЖСҚ-ға қаржы қарастырылып, 2024 жылы іске асыру ойластырылыпты. Қаланың тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигонының жұмысын жүйелендіру бойынша да оңды тірліктер атқарылуда. Жеке инвесторға сенімгерлік басқаруға беру арқылы бұл мәселе өз шешімін табады деп күтілуде.
Жолдың жағдайы жақсаруда
Шу өңірінде 35 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 22 елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйелері жүргізілген. 4 елді мекен ауызсумен жартылай қамтылған, яғни тұрғындар ауызсуды көше бойындағы колонкадан тасымалдап тұтынады. Аудан көлемінде ауызсумен қамтылған елді мекендердің қамтылу деңгейі 74,3 пайыз. 9 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етілмеген. Қазіргі уақытта Алайғыр, Құлақшын, Көкжиек елді мекендеріне 78 миллион теңгеге облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып (модульді блок) мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үлесін арттыру мақсатында былтыр 6 ауылға құбыр тарту мақсатында құрылыс жұмыстары басталыпты. Нысандар өтпелі болуына байланысты осы жылдың қазан айында ел игілігіне пайдалануға беріледі. Төле би ауылының сол жақ бетін ауызсумен қамтамасыз ету үшін 583 миллион теңгеге қарастырылып, мердігер анықталыпты. 2023 жылы 4 елді мекенге ауызсу жеткізу үшін тиісті орынға өтінім беріліпті. Іс осы қарқыннан бәсеңдемесе, 2025 жылдың соңына дейін елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. – Шу ауданындағы 35 елді мекеннің табиғи газбен қамтылғаны – 21. Бүгінгі күні тұрғындарды көгілдір отынмен қамту үшін 2 ауқымды жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, 18 елді мекенге дейінгі жеткізуші газ құбырының құрылыс құны – 5 837,6 миллион теңге. Жалпы жоспарланған 209,3 шақырым жеткізуші газ құбырының 115 шақырымы іске асырылды. Жоба бойынша қарастырылған материалдар мен қондырғылар едәуір қымбаттауына байланысты бүгінгі күні жоба түзетуден өтуде. 6 ауылды газдандыру экономикалық жағынан тиімсіз, қосылу нүктесінен алшақ және халық саны аз. Сондай-ақ ауданда жалпы 14 әлеуметтік нысанды табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Оның 12-сі білім нысаны, 1-еуі көппәтерлі тұрғын үй (75 пәтер) және «СПТУ-24» жатақханасы. Жалпы қаражат көлемі – 831,5 миллион теңгені құрап отыр, – дейді Шу ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов. Аудан бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 844,82 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар 2 жолдың ұзындығы – 118 шақырым. Облыстық маңызы бар 3 жолдың ұзындығы – 112,1 шақырым. Аудандық маңызы бар 17 жолдың ұзындығы 71,72 шақырымды құрайды. Ішкі көше жолдары – 543 шақырым. Ауданда осы жылға көше жолдары бойынша 42 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Бүгінде Шу ауданындағы автожолдар мен елді мекен көшелерінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Ұлт болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Ауданда білім беруді жаңғырту жұмыстары, оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау, оларды біліммен, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүзеге асырылуда. Мәселен, ауданда 114 білім мекемесі бар болса, оның 47-сі мектеп, 55-і балабақша. Бұдан бөлек 4 колледж, 7 мектептен тыс мекеме, 1 коррекциялық кабинет бар. Өткен жылдың желтоқсан айында 2023 жылға өтпелі 5 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 2 миллион теңге қарастырылыпты. Сонымен қатар ағымдағы жылы құрылысы 2021 жылы басталған Төле би ауылындағы Әл-Фараби атындағы 300 орындық мектепті тамыз айында пайдалануға беру көзделіп отыр. 2024 жылы 6 жаңа мектеп, 2 жапсарлас құрылыс, 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Жиенбет ауылында 100 орындық, Жайсан мен Көктөбеде 120 балаға арналған, Шу қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясы орнына 300 орындық мектеп салу қарастырылған. Бұдан бөлек Шу қаласында 600 орындық 2 жайлы мектеп құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев мектебінің спортзал, акт зал, асхана және Төле би ауылындағы С.Шәкіров атындағы орта мектепке қосымша спортзал салу ісі қолға алынады. Ең маңызды міндеттің бірі – халықтың денсаулығын жақсарту. Ауданда тұрғындардың өмір сүру жасын ұзарту, қатерлі аурудан болатын өлім-жітімді азайту, ана мен бала өліміне жол бермеу, ауру атаулының алдын алу, медицина мекемелері ұсынатын қызмет сапасын арттыру бағытында еңсерілген шаруа көп. Осы мақсатта еңбек етіп жатқан ақ халатты абзал жандарға лайықты жағдай жасау назардан тыс қалған емес. Ауданның денсаулық сақтау саласында 32 медициналық ұйым бар. Оның 2-еуі аурухана. Осы медициналық нысанмен бірге 2 амбулаториялық емхана, 14 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 7 медициналық пункт, 1 стамотология халық үшін қалтқысыз қызмет етіп тұр. Былтыр Еңбек ауылында 5 келушіге арналған медициналық нысан пайдалануға берілсе, Оразалы батыр ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға беріліпті. Сонымен қатар Шу қаласының емханасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ол да өз мерзімінде пайдалануға берілген. Қайта жаңғырту жұмыстарына 481,9 миллион теңге жұмсалыпты. Аймақта медициналық нысандарға қажеттілік болуына байланысты 3 жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Төле би ауылындағы 48 орындық балаларды оңалту орталығының құрылысы былтыр тамыз айында аяқталып, пайдалануға берілген. Осы жылға Жиделі стансасындағы медициналық нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2024 жылы 150 миллион теңгеге құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Аспара стансасында 5 келушіге арналған медициналық нысанның да құжатын 2024 жылы әзірлеп, 2025 жылға құрылыс жұмыстарын жүргізу ұйғарылған. Нәтижесінде медицина саласындағы қажеттілік толық шешімін табатын болады. Шу ауданында халықтың қолайлы өмір сүруіне қатысты атқарылып жатқан шаруалардың бір парасы осындай. Алдағы уақытта да Шу ауданы өркендеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына зор үлес қосатынына сенімдіміз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ