Руханият

«Баспасөз үйінің алдында Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткіші міндетті түрде тұруы керек»

«Баспасөз үйінің алдында Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткіші міндетті түрде тұруы керек»

Облысымыздағы қазақ газеттерінің абызы «Aq jol» газетіне биыл 100 жыл толады. Қатпарлы тарихы бар басылым ғасырлық ғұмырында жаңалықты жұртшылыққа жедел әрі шынайы түрде жеткізіп, тәуелсіз еліміздің саясатын оқырманға байыпты насихаттап, терең тарихын қағазға хаттап келеді. Сонысымен беделі әрдайым биік, абыройы асқақ. Мерейлі мерейтой қарсаңында «Aq jol» газетінің бас редакторы, «Ақ самаурын» кітабының авторы Оралхан Дәуітпен сұхбаттасқан едік. 

– Оралхан аға, «Aq jol» газетінің 100 жылдық тойы құтты болсын! Сөз басын ғасыр жасаған газетіміздің тарихына шолудан бастасақ. Алғашқы атауы қандай, бас редакторы кім болды? – Көп рақмет. Лайым, барлық ақпарат құралдарының маңдайына осындай мерейтойды жаза бергей! Жақында «Aq jol» газетінің ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлы ағамыз басылымның жүз жылдық шежіресін жасап шықты. Оны газетімізде шетінен жариялап жатырмыз. Шежіреде мынандай мәліметтер келтірілген: Журналист Әкпарбек Доспамбетовтің «Қызыл редакторлар» деген мақаласында («Еңбек туы», 1972 жылғы 12 қараша) «Кедей еркінің» қалай шыққаны, тұңғыш редакторы кім болғаны туралы да біраз деректер бар. Үзінді келтірелік: «...Әулиеатада газет шығару мәселесі шешілген-ді. Бірақ оның редакторы кім болуы керек? Осы сұраққа жауап бәрінен де қиын соқты. Себебі жергілікті сауатты жігіттердің бәрі журналистика, әсіресе полиграфия мәселелерінен бейхабар болатын. Ұмытылмас сол тұста уездік-қалалық партия комитетіне Ташкенттен Түркістан телеграф агенттігінің тілшісі Анна Владимировна Алматинская келе қалады. 1908 жылдан бері журналистикамен айналысып, талай-талай әңгіме, очерк жазып жүрген бұл тілші әулиеаталықтарға қатты ұнап қалады. Оған орыс және мұсылман газетін шығаруға атсалысу мәселесі ұсынылады. Анна Владимировна қазақ тілін білмейтіндігін айтып, жауапты міндетті мойнына алғысы келмейді. Басшы партия қызметкерлері Сыдық Абыланов, Үсіп Сатыбалдинов және басқалар Әулиеатаға келген журналисті қолқалап қоймайды. Оған халық мұғалімі Шарап Балтабаевты көмекші етіп белгілейді. Жаңа баспаханаға Шәріп Сандыбаев, Өмірзақов және Халметов деген қазақ жігіттерін жұмысқа алады. Алыстан келген журналист бұдан соң газеттің шығарушысы болуға келіседі. Сөйтіп «Кедей еркінің» тұңғыш нөмірі сол кісінің редакторлығымен қанат қағады...». Міне, бұл 1922 жылдың 1 мамыры еді. Сонымен газеттің алғашқы атауы – «Кедей еркі», алғашқы бас редакторы – Анна Алматинская. О баста осы басылымның тұсауын кескендер газеттің алғашқы нөмірін 1 мамыр күніне әдейі туралап, ынтымақ пен бірліктің мерекесін жақсы ырымға балағаны анық. Міне, «Aq jol» газеті содан бері бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан ел болуға үндеп, осы жолда аянбай еңбек етіп келеді. Өз тарихында газеттің атауы тоғыз рет өзгеріпті. Бір өкініштісі, газеттің 1922-1939 жылдар аралығындағы тігінділері облыстық мұрағатта жоқ болып шықты. Шамасы Ташкентте сақтаулы болса керек. Жүз жылға жуық тарихында басылымға талай редактор басшылық етті. 1922 жылғы «Кедей еркі» аталған кезінен бері газетті Анна Алматинская (1922-1924), Сыдық Абланов (1924-1936), Ғабды Аманғалиев (1936-1938), Жайық Бектұров (1939-1942), Ғайса Сармұрзин (1943-1959), Төленді Оңғарбаев (1959-1961), Беген Байсақалов (1963-1964), Баттал Жаңабаев (1965-1985), Арғынбай Бекбосын (1985-1995), Әлдихан Қалдыбаев (1995-2004), Мақұлбек Рысдәулет (2004-2010), Ғалым Қасабай (2010-2013), Қуаныш Иембердиев (2013-2014), Көсемәлі Сәттібайұлы (2014-2017, 2018-2020), Қуат Әуесбай (2017-2018) сынды азаматтар басқарды. Бұл бас редакторлардың қолтаңбасы газеттің сарғайған тігінділерінде жатқаны анық. Осы жылдар ішінде газеттің мазмұны жаңарып, сапасы артты. Талай таланттардың тұсауын кесті. Қазақ детектив жанрының тұңғышы, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі Кемел Тоқаев 1948 жылы осы газетте журналист болып еңбек еткен. Ол кезде болашақ қаламгер небәрі 25 жаста еді. – Білуімізше, ақпан айындағы ақындар айтысынан басталған той жыл бойы жалғасатындай. Тағы қандай тартулармен той көрігі қызбақ? – Иә, жыл сайын жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күнінде ұйымдастырылатын «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы биыл «Aq jol» газетінің 100 жылдығына да арналды. Редакция өз жүлделерін тікті. Сәуір айының басында «Жүз жылдыққа – жүз терек» акциясы бойынша «Жеңіс» саябағына ағаш отырғыздық. «Aq jol» газеті ардагерлерінің басын қосып, ауызашар берілді. Және белгілі марафоншы Жақсылық Мамырбекұлы «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арнап 100 шақырым жолды жүгіріп өтті. Енді алдағы уақытта «Ғасыр шежіресі» кітабы мен фото-журналдың тұсаукесер рәсімі өтеді. Одан бөлек тарихи орындарға экспедиция жасау, республикалық ғылыми-конференция өткізу, «Үздік мақала», проза және поэзия байқауларының қорытындысын жариялау, спорттық жарыстар және Тараз қаласынан «Aq jol» газетінің атына берілген көшенің тұсаукесерін өткізу секілді іс-шаралар жоспарланған. Күзге таман оқырмандармен кездесу өткізіп, «Aq jol» газетінің 100 жылдығын аудандарда жалғастырсақ деген ойымыз бар. – Баспасөз үйіне Шерхан Мұртазаның аты берілді. Бәріміз қуанып, құптадық. Қалай болғанда да қайраткер жазушымыздың еңселі ескерткіші қаламызда болуы керек қой. Тараздың төрі, Баспасөз үйі осыған лайық емес пе, қалай ойлайсыз? – Иә, Баспасөз үйіне Шерхан Мұртазаның есімі беріліп, мерейімізді бір көтеріп тастады. Әрине, Алла бұйыртса, ерте ме, кеш пе Тараздың төрінен Шер-ағаңның еңселі ескерткіші орын тебетіні анық. Баспасөз үйі үш редакцияның басын қосқан «Aulieata-media» ЖШС-ға қарамайды. Сондықтан бұл шаруаға бел шешіп араласа алмайсың. Бұл ғимарат басқа мекеменің меншігінде. Бірақ ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, маңдайшасына Шерхан Мұртазаның есімі жазылып, алдына ескерткіші қойылады екен деген әңгімені мен де естідім. Біреулер бюсті қойылады екен деп айтуда. Әрине, Баспасөз үйінің алды ескерткіш қоюға ептеп тар болуы да мүмкін. Бірақ өмір бойы әдебиет, руханият, баспасөз саласында еңбек еткен Шер-ағаңның ескерткіші осы ғимараттың алдынан орын тебуі керек деп ойлаймын. Ықылас болса оған орын табылады. Ал қаланың басқа жағынан тағы ескерткіші қойылып, аллея ашылып жатса, оның да артықтығы жоқ. Ең бастысы – Баспасөз үйінің алдында міндетті түрде Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткіші тұруы керек. – Қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің кезінде «Aq jol» Асанбай Асқаровқа араша түскен газет екенін бәрі біледі. Ол кезде басшылық жасаған ақын, драматург Арғынбай Бекбосын еді. Газеттің тәуекелдерге баруы бас редакторға байланысты ма, әлде одан да үлкен көрінбейтін басшыларға байланысты ма? Әлде ұжымға байланысты ма? – Шынында басылымның батылдыққа толы жолы жылдар бойы жалғасып келеді. Коммунистік режимнің тұсында-ақ басылым Кенесары ханды ақтап жазған мақалалар берді. Бүгінде күллі қазақ қадір тұтатын ұлтымыздың ұлы перзенттері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровқа тағылған айыптауға ең алғашқылардың бірі болып араша түскен, ұлының артында ұлты тұрғанын танытқан да дәл осы «Aq jol» болатын. Бұл туралы Арғынбай Бекбосын өзінің «Тағдыр етсе Алла...» атты кітабында жан-жақты жазып кеткен. «Өзімнің педучилищеде дәріс алған ұстазым, парасат-ұстамы аса тағылымды Әкім Садықбеков ағамыздың «Қонаевтың кінәсі не?» деген мақаласын жариялап жібердік. Ел дүр ете түсіп, хат дегеніңіз борап кетті. Жариялаудан жазбадық. Редакция қызметкері Қыстаубай Байтуов Димекеңе екі рет барып, ол кісімен сұхбат жүргізді. Жалпы, осы бір азаматтық абыройлы іске Қыстаубай үлкен үлес қосты. Кейінірек мен де Димаш ағаға сәлем беріп, «Адам – Алатау» атты көлемді сұхбат-очерк жаздым. Ол брошюра түрінде жүз мың дана боп басылып, қалың жұртқа таралды», – деп жазады Арғынбай ағамыз. Сол жылдары белгілі журналист Жақсылық Сәтібековті Бішкекке Асанбай Асқаровтың сотына аттандырған ғой. Көп кешікпей газетте оның «Асқаровтың соты» атты очеркі жарияланған. «Еңбек туынан» соң оны Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстанға», Әмірсейіт Әлиев «Оңтүстік Қазақстан» газетіне басқан. «Күллі Қазақстан көтеріліп кеткендей болды! Үнсіздіктің іргесі бұзылды. Асқаровты қорғау жөнінде қоғамдық комитеттер құрылды» деп еске алады сол күндерді Арекең. Шынында ерлік қой. Жалпы редактор қандай болса газет сондай болып шығады дейді ғой. Рас сөз. Басшы бүгежектей берсе тілші де кең көсіле алмайды. Бас редактор батыл, тәуекелшіл болуы керек. Оқырманның, жұрттың не қалайтынын сезуі тиіс. Сондықтан бәрі бас редакторға байланысты деп ойлаймын. – Газеттің оқырмандары көбейіп келе ме, әлде азайып келе ме? Біреулер «интернет дамыған сайын газет-журналдардың оқырмандарының саны енді ортаяды» деп, тон пішуде. Ғаламторы шексіз ғаламдай Америка секілді алпауыт елдерде «Нью Йорк таймс» әлі де дәуірлеп тұр. Барлық елдің саясаткерлері соның пікіріне жүгінеді. – Жыл өткен сайын газеттің тиражы азайып келе жатқаны рас. Оның сан түрлі себептері бар. Өзіңіз айтып отырған – ғаламтор, сайттардың көбеюі, бұл да бір себеп. Бірақ ең басты себеп – қазір ел ішінде газетке жазылуға деген теріс көзқарас қалыптасқан. Жасыратыны жоқ, газетке жазылу науқаны кезінде аудан-ауылдарды аралап, оқырмандармен кездесеміз. Соңғы кездесулер маған мүлдем ұнаған жоқ. Біз де адамбыз, алдымызда отырған адамдардың көңіл күй ауанын бірден байқаймыз ғой. Көбісі басшысы «бар» дегеннен кейін осы жиынға амал жоқ келген адамдар. Уақыт өткізу үшін ұялы телефонын шұқылап отырады. Ұстаздар қауымымен де жолықтық. Газетке жазыл деп емес, қаржы пирамидасы ойынына кіріңдер деп үгіттеп отырғандай сезіндім өзімді. Сөзімізді құлықсыз тыңдап, жиналыс тезірек бітсе екен деп тықыршып отырғандарын анық сездім. Жоқ, мен ұстаздар қауымын, жалпы оқырманды кінәлап отырғаным жоқ. Оқырманды осы деңгейге өзіміз жеткіздік қой. Біріншіден, оқырманның көкейіндегідей газет шығара алмадық. Сенсация іздеп жеңіл-желпі, ұшқары, анықталмаған дүниелерді, былайша айтқанда өтірікті шындай қылып жазатындар да көбейді. Екіншіден, кім көрінген газет шығарып, бюджет қызметкерлерін «жазыл да жазыл» деп төпеп тастадық. Газетті қару санап, билігі барларға ашық шабуыл жасады. Содан бюджет қызметкерлерінің жүректері шайлығып қалған. Бір нәрсе анық, қазір жұрттың газет оқуға деген ықыласы күн өткен сайын төмендеп барады. Өзің айтқандай Америкадағы деңгейге жетеміз бе, жоқ па... Егер оқырманға өткір газет керек болса, «Жас Алаш», «Дат», «Время» сияқты батыл жазатын газеттердің тиражы көп болар еді. Қазір жұрттың газетке деген көзқарасы мүлдем төмен. Әшейін ақша жинап алу үшін жүрген алаяқтар деп санайтындары да бар. Құдай қарт оқырмандарымызға қуат берсін. Газеттердің одан кейінгі тағдыры қалай болатынын айтудың өзі қиын. Дегенмен үмітімізді үзбейміз. Оқырман үшін жақсы газет шығару үшін барымызды саламыз. Қазір бюджеттік басылымдардың өзі баяғыдай әкімшілік ресурспен газетті зорлап жаздыра алмайтындарын анық сезді. Бұдан шығатын бір-ақ жол бар – жақсы газет шығару және сол газетіңді жақсылап жарнамалай білу. – Кезінде қансонардағы аңшы секілді қаны тамып тұрған мәселелердің соңында жүруші едіңіз. Әлде тығырыққа тірелгендер сіздің соңыңызда жүруші ме еді, әйтеуір небір қызық әрі шым-шытырық мақалалар беруші едіңіз. Қазір неге жазбай кеттіңіз? – Шынында республикалық газеттерде еңбек етіп жүріп талай сын мақала жаздық. Талай жанның тағдырына араша түскен болармыз. Иә, рас соңғы кездері мақаланы сирек жазатын болып кеттім. Өйткені бас редактордың жұмысы ауыр. Кезінде «Aq jol» газетін 20 жылдан аса уақыт басқарған Баттал Жаңабайұлы бас редактор қызметінен екі себептен кеттім деп еді. Біріншісі, жеке шығармашылық жұмысым мүлдем тоқтап қалды, екіншісі – көзімнің көруі нашарлады деп. Менің де жеке шығармашылығым тоқтап тұр және бас редактор болған екі жылдың ішінде көзім әжептәуір нашарлады. Күні бойы мақала оқисың, ноутбукке үңіліп отырасың. Газеттің әр санын мейлінше бастан-аяқ оқып шығып, қатесін түзетуге тырысамын. Бұл қол астымдағы қызметкерлерге сенбегендік емес. Соған дағдыланып кеткен сияқтымын. Әйтеуір, Құдай ақырын берсін. Содан өзім жаза алмай жүрген мәселелерді тілшілерге тапсырамын. Соларды жұмсаймын. Дегенмен «Aq jol»-дың мерейтойын өткізіп алсақ, өзім де жазуға отырамын деп жоспарлап жүрмін. – «Ақ самаурыннан» кейін тағы кітап шығару ойда жоқ па? Әзілге құралған әдемі әңгімелеріңіз көп болушы еді... – Әрине, кітап шығару ойда бар. Оған біраз дүниелер жиналып та қалды. Көптеген ойлар, жоспарлар бар. Алла бұйыртса, бұл жолғы кітабымды басқашалау стильмен шығарсам деймін. Ең бастысы – ешкімге еліктемей-ақ, өзімнің жазуыммен танылсам деймін. Әрине, «Facebook»-қа жарияласаң, жұрт қарапайым тілмен жазылған дүниеңді мақтап, көкке көтеретіні анық. Бірақ бұл жолы сол қызық оқиғаларды ептеп байытып, басқашалау жеткізсем деймін... Бәрін уақыт көрсетеді. Алла күш-қуат берсін, амандығын берсін. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА