«Атаманның ақырынан» «Зереге» дейін: Әулиеата жерінде қандай фильмдер түсірілді?
«Атаманның ақырынан» «Зереге» дейін: Әулиеата жерінде қандай фильмдер түсірілді?
Ал енді осы атышулы сериалдың облысымызда, Талас пен Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас пен Қаратау қалаларында түсірілгенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. 12 сериядан тұратын «5:32» сериалы – «Salem social media» медиакомпаниясының жобасы. Сериал жарыққа шыққанда ең алғашқы сериясының «YouTube» желісіндегі қаралымы 7 миллионнан асты. Режиссер Әлішер Утевке «5:32» сериалын түсіретін кезде де «тақырыбы ауыр», «түсіру қиын, адамдар қарамайды» деп айтқандар көп болыпты. Бірақ режиссер «Мен ешкімді тыңдамаймын, бағытым бөлек. Өзіме не ұнайды, түйсігім қалай дейді, соны түсіремін» деп жауап қайырған екен. «Жылдың ең үздік сериалы» атанғандығын, көрермендер қызыға тамашалағандығын ескерсек, режиссердің түйсігі алдамаған секілді. Туынды түсіріле бастағанда-ақ жамбылдықтардың, әсіресе қаратаулық тұрғындардың «5:32 біздің өңірде түсіріліп жатыр. Әбілмансұр Серіков басты рөлде ойнайды екен. Мықты сериал болғалы тұр» деп мақтаныш сезіммен даурыққаны рас. Білсеңіз, «5:32» түсірілімі Әулиеата жерінде дүниеге келген алғашқы және соңғы туынды емес. Ендеше Әулиеата өңірінде түсірілген бірқатар танымал кинотуындыларды назарларыңызға ұсынсақ. Аймағымызда алғашқы фильмдер Кеңес одағы кезінде түсіріле бастады. Қазақ киноөнерінің майталманы Асанәлі Әшімов басты рөлде ойнаған әйгілі «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры» фильмдері Жамбыл жерінде түсірілген болатын. Фильмнің түсіріліміне куә болған жамбылдықтар бүгінде көргендерін аңыз ретінде айтып жүр. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ардагер ұстазы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Фатима Оразбекова түсірілім барысын былай деп еске алады. – 1975 жылы «Атаманның ақыры» фильмін түсіретін кезде басты рөлді сомдайтын Асанәлі Әшімов бастаған түсірілім тобы Қаратау қаласына келді. Ол кезде мен «Қаратау» тау-кен химия комбинатының» отбасылық жатақханасында тұратынмын. Түсірілім тобы «Қаратау» қонақүйінің үшінші және төртінші қабаттарына жайғасты. Дәл қазіргідей есімде, бізге түсірілім тобының өкілдері келіп, жас әйелдер мен қыздарды жалпылама көріністерге қатысуға шақырды. Сол эпизодтық көрініс үшін үш рубль төленді. Қызығушылығы барлар кастингке қатысып, фильмге түсіп жатты. Бір күні жатақханадан шығып бара жатып актриса Наталья Аринбасарованы кездестіріп қалдым. Актрисаның ол кездері Шыңғыс Айтматовтың романының желісі бойынша көрерменге жол тартқан Андрей Михалков-Кончаловскийдің «Бірінші мұғалім» фильміндегі басты рөл – Алтынайды сомдау арқылы танымалдылығы артып тұрған уақыты. Өкініштісі сол, қарама-қарсы кездескен әртісті сәл ғана тоқтатып, тілдесе алмағандығым, – дейді Ф.Оразбекова. Шыққанына елу жылдан асқан «Атаманның ақыры» көркем фильмі – детектив жанрында түсірілген екі сериялы тұңғыш қазақ фильмі. Фильмнің негізгі тақырыбы – отаншылдық сезім. Кинода 1920-1921 жылдардағы Қазақстан мен Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр аймағындағы тарихи оқиғалар баяндалады. Көркем туындыда атаман Дутов бастаған ақ гвардияшылардың әрекеттері сипатталған. 1972 жылы осы фильм үшін Михалков-Кончаловскийге, Тропининге және Әшімовке Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы берілді. Жамбыл жерінде түсірілген осы туынды – «Аймановтың ақырғы фильмі» деген атаумен тарихта қалды. Режиссер Эльдор Уразбаевтың «Транссібір экспресі» фильмі де біздің өңірде түсірілген. Ол «Атаманның ақыры» фильмінің жалғасы. Нақты айтқанда, туынды 1976 жылы Жамбыл теміржол бөлімшесіне қарасты Жаңатас және Қаратау стансасы аралығындағы болат жолдың бойында түсірілген. Қазақ кино өнерінің танымал бір туындысы – «Шал» фильмін білмейтін жан кемде-кем. Ол Эрнест Хэмингуэйдің «Шал мен теңіз» хикаясының желісі бойынша жарыққа шыққан туынды. Ондағы басты кейіпкерлердің рөлін актер Ерболат Тоғызақов пен Орынбек Молдахан сомдады. Ермек Тұрсыновтың көпке танымал осы туындысы Қордай даласында түсірілген. Режиссердің айтуынша, қар ери бастағанда түсірілім тобы Үшқоңыр үстіртіне шыққан. Дәл осы жер қарлы, табиғаты қатал шөлді аймақ. Яғни бүкіл фильмнің көңіл күйін дәл бейнелейді. Сюжеттік желі жапан түзде көпті көрген Қасым шал мен оның немересі Ерасылдың бастан өткеріп жатқан өмір көрінісінен басталады. Фильм көрінісі Қасым шалдың футболды айрықша сүйетін жанкүйерлігімен қыза түсті. Испания футбол лигасын мүлт жібермей көретін шалдың немересі – жаңа заманның ұрпағы. Оның ақыл-ой үрдісі тіптен бөлек. Қоңыр күз өтіп, иен далада қыс қаһарына міне бастаған шақта көршісі Исабек қарияға қолқа салады. Ол өз достарымен бірге аң аулап, сауық құру үшін Қасым шалдың алдына иелігіндегі отарын салып беріп, қыстауға жеткізуді өтінеді. Шал жолға шыққанда ауа райы құбылып, арты қарлы дауылға ұласады. Боран ұлып, қасқыр торыған жапан түзде қос жаумен үш күн арпалысқан шалдың ақылы ауып, жынды болуға шақ қалады. Адам мен табиғат арасындағы шайқас туралы фильм қазақ кино өнерінің жұлдызы биік туындыларының бірі ретінде алтын қорда сақталары сөзсіз. Кинода адам назары бірден ауатын қасқырмен арпалыс барысындағы көріністі бейнелеу өте қиын болған екен. Режиссердің айтуы бойынша, 10-15 қасқыр Ресейдің Брянск қаласынан арнайы алдырылыпты. Түз тағыларының актермен алысу сәті де ешқандай дублерсіз өткен екен. Режиссер әуелгіде басты рөлді Асанәлі Әшімовке ұсыныпты. Бірақ қандай да бір себеппен даңқты актер бұл фильмге түспеген екен. Қордай өңірінде түсірілген тағы бір танымал кинотуынды – «Хабар» телеарнасының «Мәдениет үйі» телехикаясы. Бекжан Тұрыс, Айдос Бектемір, Шерхан Пірназаров, Райхан Қалиолдина, Сафуан Шаймерденов, Ақниет Беласар секілді танымал актерлер ойнаған сериалдағы елді мекен – Қордайдағы Қаракемер ауылы. Сюжеттегі оқиға Төртбұлақ ауылында өрбиді. Жаңадан оқу бітірген Шұғыла есімді бойжеткен осы ауылдың мәдениет үйіне жолдама алады. Жас маман мәдениет үйін жандандыруға бел буады. Маңайына өнерпаздарды жинау үшін ауыл ішінде кастинг жариялайды. Алайда Шұғыланы ауылдағы өнердің жай-күйі қатты қапаландырады. Осылайша дирижер қыз тұрғындар арасынан кіл мықты өнерпаздарды іріктеп, ауыл оркестрін құруға бел буады. Мұнда тек қана адамдардың арасындағы қарым-қатынас емес, махаббат тақырыбы да әртүрлі бағытта өрбиді. Әкім мен жұбайының арасындағы керемет сыйластық, Зейнолла ақсақал мен Клара апа ортасындағы құрмет, Сәулебек пен Шұғыланың адал сезімдері көрерменге ой салады. – Түсірілім жұмыстары Алматыда және Жамбыл облысының Қаракемер ауылында өтті. Қаракемерге жету үшін ұзақ жол жүруге тура келді. Бірақ бұл табиғаты әсем, түсірілімге қолдануға қолайлы ғимараттары көп ауыл. Қаракемер ауылы күн санап көркейіп келеді, ауылдағы кеңестік кезеңнен бері жұмыс істеп тұрған мәдениет үйінің ғимараты да тамаша. Сериалда ауыл әкімін Әуезов театрының әртісі Бекжан Тұрыс сомдаса, әнші, актриса Меруерт Түсіпбаеваны көрермен психолог рөлінде көре алады. Сондай-ақ туындыда Саят Медеуов, Жұбаныш Жексенұлы, Нұрболат Абдуллин сынды танымал әншілер өздерін ойнайды. Сериал режиссерлері – Мерей Маханов, Ботагөз Кенішбай, ал қоюшы-операторлары – Дастан Молдабеков, – дейді продюсер Толқын Сейдоллақызы. Өңірде түсірілген кезекті танымал кинотуындының бірі – «Тараз» криминалдық-драмалық фильмі. «Тараз» фильмі – Нұртас Адамбайдың жаңа жанрдағы алғашқы туындысы. Бұған дейін ол тек комедия жанрындағы «Сәбина келін – 1,2», «Ауылдан қашу» туындыларымен танылған еді. «Тараз» криминалдық драмасы прокатта сұранысқа ие болған фильмдердің бірі. Туынды 2016 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен «Genre Celebration Film» фестивалінде «Ең үздік драмалық фильм», «Ең үздік операторлық жұмыс» аталымдары бойынша жеңімпаз атанды. Кинокартинада криманалды ауданда туып-өскен жігіттің тағдыры баяндалады. Оқиға желісі қиын жағдайға тап болған қарапайым адамдар туралы. Фильм достық, адалдық, батылдық, намыс сияқты қасиеттерді таразылайды. Негізгі кейіпкерлер – өмірден жеңілген үш жігіт. Басты рөлдерде Нұртас Адамбаев, Гүлнәз Жоланова, Еркебұлан Дайыров, Кәмшат Жолдыбаева сынды танымал жұлдыздар ойнаған. Жамбылды танытқан тағы бір туынды – «Зере» фильмі. «Қазақфильм» киностудиясы, «Qara Production», «Libertus Film», «cinema D» және Жамбыл облыстық кино орталығының қолдауымен түсірілген тараздық жас режиссер, «Taraz Film School» киномектебінің негізін қалаушы Дәурен Қамышбаевтың «Зере» толықметражды картинасы көптеген әлемдік кинобайқаулардың жеңімпазы. Аталмыш туынды – қазақ көрерменіне жақын сюжеті бар драма. Сценарий бойынша, әйел күйеуінің қайғылы қазасынан кейін қызын ауылдағы ең бай және ықпалды адамға қалыңдық ретінде сатуға бел байлайды. Ары қарай сюжет анасының бұл шешіміне қарсы шыққан бостандықты сүйетін қыз туралы өрбиді. Артынша Зере тәкаппар Талап есімді балықшы жігітке ғашық болып, екеуі қол ұстасып қашып кетеді. Кинокартинада басты рөлді Адина Бажан, Санұржан Сүлейменов, Мұрат Бисембин, Берік Айтжанов, Ольга Ландина, Елжас Рахым және басқа да актерлер сомдады. Фильмнің түсірілімі Балқаш көлінің маңында, Мойынқұм құмдарының фонында орналасқан Тайсойған балық аулау аралында өтті. – Бұл – «Taraz Film School» түлектерінің қажырлы еңбегінің жемісі. Кез келген кино сценарийден басталады. Осы картинаға арқау болған оқиға туралы естігенде бірден «Бұл хикая дебютті картинам болуы тиіс» деген шешімге келдім. Көп ұзамай Сабина Түсіпова есімді кинодраматургпен бірлесе жұмысқа бел шеше кірісіп кеттік. Біз үшін бұл жұмыста қазақи рефлексияны көрсетудің маңызы жоғары болды. Барлық таптаурын дүниелерден бас тарттық. Сценарийдің алғашқы драфты түсірілімге жарты жыл қалғанда жазылып, аяқталды. Алты айдың ішінде өңдедік, өзгерістер енгіздік. Фильмнің локациясын іздеуге көп уақыт жоғалттық. «Звуки земли» деректі фильмінің түсірілімі кезінде Жамбыл облысының барлық аудандарын, табиғаты ерекше жерлерін аралаудың сәті түсті. Мойынқұм ауданына бет алғанда әдеттегідей құмды жер деп ойлап келгенбіз. Аймақтың шын мәнісінде адам таңғаларлық ерекшелікке ие екеніне көзім жетті. Осылайша «Мыңарал» деп аталатын өзгеше орынға тоқтадық, – дейді режиссер. Жобаға актерлік құрамды жасақтау кезінде режиссер, ең алдымен, олардың шеберлік деңгейіне, сондай-ақ түсірілім алаңына екі апта бұрын келіп, дайындыққа кірісу мүмкіндігіне мән берген. Сонымен қатар актерлер арасындағы өзара үйлесімділікті де ұмытпапты. Бұл турасында бүгінде есімі көрермендерге «Районы», «Шестой пост» фильмдері арқылы жақсы таныс Санұржан Сүлейменов тілшілерге берген сұхбатында былай деп әңгімелеп берді. – Маған сценарий жібергенде, мен Лос-Анджелестің түнгі көшелерінде ой үстінде серуендеп жүргенмін. Жүрегім бірдеңе сезгендей алабұртып тұрды. Сол сәтте телефоныма түскен қоңыраудан елең еттім. Дәурен ұсынған сценарийді бірнеше қайтара оқып шықтым. Бірден келісімімді бердім. Ол коронавирустың өршіп тұрған уақыты болатын. Соған қарамастан, бірнеше рейс ауыстырып, Алматыға 48 сағатта әбден шаршап жеттім. Мен үшін бұл жобаның жаңалығы – таңдалған локация болды. Өмірімде алғаш рет Қазақстанда табиғаты соншалық сұлу жер бар екенін білдім. Өзімнің кейіпкерімді зерттеу үшін, рөлге ену үшін аралдың мына басынан ана басына барып, үлкен тебіреніс пен толғаныста болдым. Бүгінде әлемдік кинематография өкілдерін қандай да бір сюжетпен таңдандыру өте қиын. Ал бұл фильмнің ерекшелігі – ұлттық болмысымызды боямасыз жеткізуінде болып отыр. Кез келген өнердің өзегі шынайылық екенін ескерсек, туынды өз миссиясын орындайды деп сенемін. Оның үстіне арамызда өте тәжірибелі актрисалар болды. Өзара тәжірибе алмастық. Ауа райының қолайсыздығының өзі түсірілімге ерекше мазмұн берді, – деді актер. Ал түсірілім тобындағы ең жас актриса, басты рөлдерді сомдаушылардың бірі Адина Бажан осы жоба үшін жастардың сүйіп көретін «Бір тоқсан» сериалындағы рөлінен бас тартқан. – Менің жас актриса ретінде енді басталып келе жатқан өнер жолымда естен кетпейтін тәжірибе осы локацияда өтті. Кейіпкеріме келетін болсақ, табиғатымнан өзім тұйық адаммын. Сәйкесінше кинода да көп сөйлемейтін қыздың образын сомдаймын. Сөйте тұра фильмдегі басты рөлдердің біріне жатады. Айта кеткен жөн, аталған фильмнің түсірілімі барысында жергілікті туризмді жандандыру бағытында жаңа идеялар өмірге келді. Әлеуметтік желілерде Мойынқұм ауданындағы Тайсойған аралының өзгеше сұлулыққа, туристерді таңдандыратын бөлек көрініске ие екені жазылды, тіпті ұсыныстар да айтылды. Келешекте бұл аймақ жергілікті бюджетке миллиондар әкелетін орынға айналса таңданбаймыз. Фильмді Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен 45-халықаралық кинофестивальде көрермендер тамашалап, оң бағасын берді. Туынды Ресейдің Анапа қаласында өткен халықаралық «Киношок» фестивалінде фильмнің композиторы Дана Зұлпыхар кинотуындыға арнап жазған саундтрегі үшін «Үздік музыка» сыйлығына ие болды. Әрине, Әулиеата жерінде түсірілген белгілі кинотуындылардың тізімі мұнымен аяқталмайды. Біз тек көрермендер және өнер сыншылары тарапынан жоғары баға алған бірнеше фильмдер мен сериалдарға ғана тоқталдық. Тізбектей берсек, өңірімізде түсірілген әлі де қаншама туындылар бар. Лайым, қазақтың кино өнері өркендей берсін! Ақтоты ЖАҢАБАЙ