Өз құқығыңды қорғай біл
Өз құқығыңды қорғай біл
Осы сұраққа жауап іздеп, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыстағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне бас сұқтық. Департамент басшысы Байқадам Дүйсенбаевтың айтуынша, көптеген тұтынушылар өз құқығын шынында да жете біле бермейді. Тек кейінгі уақыттары ғана өз құқығын қорғап, тиісті орындарға шағымданатын тұрғындардың қатары сәл де болса артқан. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда, өз құқығын қорғау үшін түскен өтініштердің жалпы саны 2021 жылы 2,6 есеге өскені байқалған. Сонымен қатар бүгінгі күні департамент мемлекеттік бақылау функцияларымен де жұмыс атқарып отырған көрінеді. – 2021 жылы департамент тарапынан жеке және заңды тұлғалардың 788 өтініші қаралды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласы бойынша түскен өтініштердің талдауынан, облыста тұтынушылардың құқықтары көбіне бөлшек сауда айналымы барысында жиі бұзылатыны анықталды. Бұл жалпы түскен өтініштердің 61,3 пайызын құрайды. Оның ішінде сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту туралы өтініштер 29,4 пайыз болса, күнтізбелік 14 күн ішінде сапалы тауарды қайтарудан бас тарту туралы өтініштер 28,6 пайызды құраған. Департамент тұтынушылардың 531 өтінішін қанағаттандырды, яғни бұл барлық өтініштердің 67,4 пайызы. Тұтынушыларға 18 788 877 теңге қайтарылды және 70 тұтынушы сапасыз тауарларын сапалы тауарға қайта айырбастаса, 228 тұтынушыға түсініктеме берілді. Азаматтардың өтініштерінің негізінде департамент тарапынан 11 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеріс жүргізілген субъектілер – «Таразэнергоорталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Зийлан Kz» ЖШС-ның «FLO» дүкені, «Дәрігер Кученев Емдеу Орталығы», «Gulser computers» ЖШС-ның «Alser» дүкені, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы, «Әулие-Ата» әуежайы, «Жамбыл-Жарық-Сауда-2030» ЖШС, «Arena S» ЖШС, «Sulpak» және «Tema Retail Kz», «LC Waikiki», «Гласмэн» дүкендері. Осы мекемеге олқылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді және ескерту, айыппұл түрінде әкімшілік жазалар қолданылды. Ал «Жамбыл-Жарық-Сауда-2030» ЖШС бойынша тараптардың келісім табуына байланысты тексеріс тоқтатылды. Мұндағы орын алған негізгі заңсыздықтар тұтынушылардың жазбаша наразылығына кәсіпкерлердің жауап бермеуі және тауарды айырбастаудан, қайтарудан бас тартуынан орын алған. Департаменттің талдауынан тұтынушылардың құқықтарының бұзылу себептері біріншіден кәсіпкерлердің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңын білмеуі және осы заңды бұзуы салдарынан болып отыр. Екіншіден, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің жеткіліксіздігі, үшіншіден, шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге енгізілген мораторийдің де әсері бар, – дейді Байқадам Еркінбекұлы. Департамент өз тарапынан бұған дейін тұтынушылардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мақалалар жариялап, Тараз қаласының орталық көшелеріне тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы ақпараттық билбордтар орнатқан. Бұл билбордтарды орнату тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайы мен телефон нөмірлерімен танысуға қызығушылық тудырған тұтынушылардың аудиториясын айтарлықтай кеңейтіпті. Сонымен қатар департамент әзірлеген тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бейнероликтер «Қазпошта» АҚ-ның қала және аудандық филиалдарында және «Эскулап», «ДиАл» медициналық орталықтарында орналасқан LED-экрандарда және «Jambyl» телеарнасында көрсетілген. Департаменттің «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде атқарылған жұмыстар туралы және оқырмандарға тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 225 ақпараттық материал жарияланған. Қазіргі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша маңызды жұмыс жүргізіліп отырғандағы жөнінде департамент басшысы: «Күн сайын әрбір қазақстандыққа кездесетін өзекті мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік маңызды заң жобасы әзірленуде. Заңда коммерциялық емес ұйым нысанында «Тұтынушылардың ұлттық қауымдастығы» мәртебесін заңнамалық бекіту мәселесі пысықталуда. Заңнамаға енгізілетін түзетулер аясында омбудсмен институты енгізіледі. Ол халықтың даусы ретінде қызмет етеді және тұтынушылардың құқықтары бұзылған салалардың қазіргі жүйелі проблемаларын мемлекеттің бірінші тұлғаларына тікелей жеткізеді», – дейді. Бәріміз де күнделікті қажетті тауарларымызды сатып аламыз, коммуналдық қызметтерді пайдаланамыз, яғни тұтынушымыз. Бізге қызмет көрсеткендердің немесе тауар сатқандардың сапасыздығын немесе бейәдеп әрекетін байқасақ, өз құқымызды қорғауға толық мүдделіміз. Тұтынушылардың құқығын қорғайтын арнайы департамент барын ескере жүрейік. «Сын түзелмей мін түзелмейді» деген. Әрбіріміз өз құқығымызды қорғау арқылы қоғамның кем-кетігін түзей алатынымызды ұмытпайық.
Қамар ҚАРАСАЕВА