Мәдениет

РУХАНИ ҚҮНДЫЛЫҚТАР БАСТАУЫ

РУХАНИ ҚҮНДЫЛЫҚТАР БАСТАУЫ

Мемлекеттің рухани дамуы мен кемелденуі үшін мәдениет саласының маңызды екені мәлім. Мәдениет адамды тұлға деңгейіне дейін көтеретін негізгі құрал болып саналады. Қасиетті өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені болған облысымызда аталған сала жыл санап дамып келеді. 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні қарсаңында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония, Асқар Тоқпанов атындағы қазақ және орыс драма театрларының тыныс-тіршілігіне тоқталғанды жөн санадық.

Өнердің алтын ордасы

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қазығы осыдан 55 жыл бұрын қағылып, бүгінде ел игілігі үшін қызмет етуде. Өнер ұжымы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1967 жылы 25 қарашадағы №777 қаулысының негізінде Жамбыл облыстық кеңесі еңбекшілер депутаттары атқару комитетінің 1968 жылдың 30 қаңтарындағы шешімімен Жамбыл қаласында құрылды. Қалалық атқару комитетінің шешімімен филармонияға Жамбыл қаласындағы Ленин көшесі №17 үйде орналасқан балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ғимараты кеңсе есебінде берілді. 1968 жылы алғаш құрылған филармонияның тұңғыш директоры Георгий Шапошников өнер ұжымын екі жыл басқарады. Мұнан соң Нұрғазы Жомартов табаны күректей тоғыз жыл басқарған. Елімізге кең танымал әнші-композитор, ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев 1979-1990 жылдары аталған ұжымның директоры қызметін атқарды. Кейін Вадим Пак екі жыл өнер ордасының тізгінін ұстайды. Ал 1992 жылдан қазіргі таңға дейін филармонияны (арасында үш жылға жуық әйгілі әнші Сәуле Жанпейісова директор болған) ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Сейітқасым Түктібаев отыз жылға жуық уақыт абыройлы басқарып келеді. 1996 жылы 1 қарашада №282 облыс әкімінің шешімімен «Химпром» акционерлік қоғамының мәдениет сарайы, қазіргі «Баласағұн» орталық концерт залы Жамбыл облыстық мәдениет департаментіне беріліп, филармония өз жұмысын осы ғимаратта жалғастырды. Филармонияда әр жылдары Тәкен Молдақынов, Құдайберген Нұрманов, Сыпатай Өсербаев, Гүлжахан Өсербаева, Сайлау Бердіқожаев, Мұса Жүкенов, Мақсат Салықов, Бекенай Мәдіханов, Рәзия Мәдіханова, Асқар Тұрғынбаев, Қаржаубай Тілеуқабылов, Анна Вундер, Есенбек Сәтбаев, Әріпбай Мұсапанов, Жексен Нұржауов сынды өнер саңлақтары еңбек етті. Өңіріміздің ұлттық өнерінің жанашыры ретінде ел ішіндегі өнерпаздардың өсуіне қолдау танытып, халқымыздың бай қазынасы – дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында 2011 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен Жамбыл облыстық филармониясы жанынан Қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрылды. Оркестрдің құрамында 50 кәсіби музыкант қызмет істейді. Репертуарында 300-ден астам шығарма бар. Кәсіби шеберліктері концерттер мен фестивальдарға, конкурстарға қатысу арқылы шыңдалып келеді. Ал 1970 жылы құрылған «Алатау» жастар ән-би ансамблі – филармонияның алғашқы қарлығашы. Беріректе түрлі жағдайларға байланысты аталған ансамбльдің жабылып қалған кезі де болды. 2012 жылдың сәуір айынан бастап облыстық филармониясынан «Алатау» фольклорлық ансамблі қайта құрылып, оған Мәдениет қайраткері Ержан Рысметов жетекшілік етті. Одан кейінгі жылдары Жақсылық Ажмуханов басқарса, ансамбльдің қазіргі жетекшісі халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, Мәдениет саласының үздігі Дастан Көреген. Ансамбль сазсырнай, сыбызғы, жетіген, қылқобыз, домбыра, шертер және тағы да басқа қазақтың көне аспаптарымен халықтың күйлері мен әндерін жоғары деңгейде насихаттап, көрермен ықыласына бөленіп жүр. Бұл ұжым 2012 жылы Қырғыз Республикасының Талас қаласына өнер сапарымен барып қайтса, 2013 жылы Варшава қаласында өткен Жамбыл облысының «Менің Жібек жолым саған» атты мәдени күндеріне қатыстып, өнер көрсетті. Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына орай І халықаралық «Қаратау сарыны» атты дәстүрлі музыка фестивалінде, ІІ халықаралық «Қаратау сарыны» атты дәстүрлі музыка фестивалінде өнер көрсетіп, көзге түсті. Түркияның Самсун қаласында «TÜRKSOY» және Самсун әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық өнер фестивалінде де бұл ұжымның өнері жоғары бағаланды. «Балауса» циркі – облыстық филармонияда өзіндік орны бар шығармашылық ұжым. Бұл ұжымның көркемдік жетекшісі – халықаралық конкурстардың лауреаты Талғат Альчикенов. Қай кезде де сәттіліктерге кәсіби шеберлік себеп болады. Ұжым жетекшісі Талғаттың өз саласының керемет маманы болуы біздің өңірде цирк өнерін өрістеткені рас. Цирк ұжымы сахнаға елімізде тұңғыш болып «Дала еркелері», «Арқанмен секіру ойыны», «Ақтолқын» үйретілген көгершіндер, «Икариика ойыны», «Буынсыз дене» нөмірлерін шығарды. Жетістіктері де жетерлік. Филармония басшылығы әр жылы жаңа мүмкіндіктерді ойластырып отырады. 2014 жылдың басында облысымыздың өнерлі жастарын қолдау, орындаушылық шеберліктерін қалыптастыру бағытында «Кәусар» вокалдық ансамблі құрылуы осындай ойдың жемісі. Аталған ансамбль – вокалды партиялар негізінде классикалық және заманауи бағыттағы әндерді орындайтын «сопрано», «альт», «тенор» және «баритоннан» тұратын вокалдық топ. Ансамбль репертуарында қазақ халық әндері мен қазақ классиктерінің, шетел композиторларының камералық хор музыкасының үлгілеріне түсіріліп жазылған әндер бар. Бұл вокалдық ансамбльдің кәсіби өсуіне және репертуар жинақтауына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Вокал және дирижерлеу» факультетінің деканы Ғалымжан Берекешевтің үлкен ықпалы болды. «Тараз» триосы 1974 жылғы облыстық «Алатау» халықтық-жастар эстрадалық ансамблінің құрамында құрылған. Ол жылдары аталған трио құрамында Алтынбек Қоразбаев, Алтынбек Бекмұратов, Мұхтар Рахманқұлов, Пернебек Оспанов, Берік Қалиевтер еңбек етсе, олар кейіннен облыс мәдениетінде өз іздерін қалдырды. Алғашқы кезде жамбылдық домбырашы-әншілер триосы болып аталды. Репертуарында негізінен халық әндері, халық композиторларының, жергілікті және республикаға танымал композиторлардың әндері бар. «Тараз» триосының қазақ өнерін шет мемлекеттерге танытуда қосқан үлесі мол. Трио республикалық «Жігер – жастар» фестивалінің лауреаты атанды. Екі мәрте Москвада өткен Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде өнер көрсетіп, алғыс хатпен марапатталды. Халықаралық «Дала дауысы» радиофестивальдарының лауреаты. Жіпке тізе берсек, жетістіктері жетерлік. 2005 жылы Ата заңымыздың 10 жылдығына байланысты Түркияның сегіз қаласын аралап концерт берді. Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына байланысты «Тараз» триосы болып аты өзгеріп, құрамы жаңарды. Қазіргі трио домбырашы Асылхан Шүңіреков, сырнайшы Ержан Ыдырысов және дауылпазшы Ноян Сейділдаев үштігінен құралған. Қазақ халқы би өнерінен де кенде емес. Әлемді биімен тамсандырған Шара Жиенқұлова, Болат Аюханов, Шұғыла Сапаралиевалардың жолын қуған таланттар Әулиеата топырағынан да табылады. Оған дәлел – ең алғаш филармонияның жанынан 1988 жылы құрылған «Айша бибі» би ансамблі атының шартарапқа асқақтауы. Бұл ретте ансамбль негізін қалаушы балетмейстер, ұлттық бидің шебері атанған Байдәулет Сазабековтің еңбегі ерен. Әлем халықтарының биін кеңінен насихаттаған «Айша бибі» би ансамблі елордамызға кетіп, бүгінгі күнге дейін әдемі өнерімен әлемді таңғалдырып жүр. «Айша бибінің» орнын жоғалтпай филармония тарихында үкілі «Үркер» би ансамблі пайда болып, дәстүрлі жолды жалғастырды. «Үркердің» қалыптасуы жолында тер төккен балетмейстер Бибігүл Лечеваның еңбегін айтпай кету қиянат. 2005 жылдың қыркүйек айынан бастап «Үркер» би ансамблі «Үкілі Үркер» атанып, облыстық филармонияда қызмет атқарып келді. – Өнер адамдары қашанда сезімтал, жандары нәзік, аяулы. Өте үлкен ұжым болғандықтан барлығымен тіл табысып жұмыс істеу оңай емес. Біз ынтымақты ту етіп, түсінісіп, ұжымды абыройдың асқарына сүйрей алдық деп ойлаймын. Алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Нұрманұлының қолдауымен, әрі әріптестерім – орынбасарларым Күлайым Жұмакеева, Жандос Омаров, көркемдік жетекші Аида Смағұлова, музыкалық жетекші Назима Үсенова бастаған шығармашылық құрам, концерттік менеджерлер Забира Райқұлова, Лескүл Әлиасқарова, Бибігүл Қозыбақовалар филармонияның 55 жылдығына орай өнер сапарлары мен көптеген ірі жобаларды жоспарлап, ұйымдастырғалы отыр», дейді филармония директоры Сейітқасым Түктібаев.

Театрдың тарихы тереңде

Театр – мәдениет ошағы һәм ұйытқысы. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры 1936 жылы «Әулиеата театры» болып құрылған осы өңірдегі мәдениет пен өнердің қасиетті қарашаңырағы. Өнер ордасы шымылдығын тұңғыш рет 1936 жылы 16 наурызда Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей» атты комедиясымен ашқан. 1939 жылы 14 қазанда Жамбыл облысының құрылуымен бірге театр Жамбыл облыстық қазақ драма театры болып аталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 ақпандағы №70 қаулысымен театрға қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, қазақ театр өнері педагогикасының негізін қалаушы, актер, көрнекті ұстаз, профессор, Қазақстанның халық әртісі Асқар Тоқпановтың есімі берілді. Биыл театрдың құрылғанына – 87 жыл. Осы кезең ішінде театр 500-ден аса жаңа драматургиялық туындыларды сахнаға дайындап, 10 мыңнан аса қойылымдар көрсетті. Театр көптеген республикалық, бүкілодақтық және халықаралық театр фестивальдарының лауреаты. Театр соңғы жылдары 2017 жылы Румыния елінде өткен халықаралық театр фестиваліне «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысып, әлемнің 23 елінен келген өнер ұжымдары арасынан топ жарып, «Ең үздік театр» және «Ең үздік қойылым» номинациялары бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпековтің айтуынша, өнер ұжымында көптеген өңір театрлары секілді кәсіби режиссерлердің тапшылығы бар екен. – Дегенмен өзіміздің көркемдік жетекшіні қоспағанда, біздің театрда қоюшы режиссер ретінде лайықты еңбектерімен көрініп жүрген Анар Сағымбекова, Кенен Ақүрпеков, Мәмбет Қожалиев сияқты өнер майталмандары бар. Режиссерлік қолтаңбаның әр алуан болуы үшін әрі әртістеріміздің түрлі режиссерлермен жұмыс істеп, шыңдалуы мақсатында сырттан режиссер шақыру практикасын да қолданамыз. Театрдағы шығармашылық ұжымның 70 пайызын жас актерлер құрайды. Олардың көбісі өзіміздің жергілікті оқу орындарын бітіргендер. Өнер академиясының түлектерін театрға шақырудың өзіндік қиындықтары бар. Біз жыл сайын Өнер академиясын бітірушілердің дипломдық қойылымдарын көреміз. Оларға театрымызға жұмысқа келуді ұсынамыз. Бірақ олардың көбісі Алматы, Астана сияқты үлкен қалаларда қалуды қалайды, кейбіреулері бізге келгісі келсе де баспана мәселесінен қиналады. Дегенмен бұндай қиындыққа қарамастан, бірлі-жарым Өнер академиясы түлектерін театрға тартып та келеміз. Соңғы жылдары театрымыздың ішкі шаруашылық жұмыстарына қатысты да қыруар тірліктер атқардық. Театрға көрермен тарту жұмыстарына да мұқтаж оқушыларға тегін абономенттер таратып беру, репертуар жарнамасын жетілдіріп, жақсарту сияқты бірқатар жаңашылдықтар енгізіп жатырмыз, – дейді театр басшысы. 1967 жылы 2 наурызда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Министрлер Кеңесінің №141 Жарлығымен Жамбыл облыстық орыс драма театры атанған өнер ұжымының құрылуына Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының халық әртістері – Е.Орел, Е.Черноушенко және П.Черемисин, Латвия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының құрметті әртісі Вахтанг Турманидзе (Туманов) атсалысты. 2010 жылы қыркүйек айында ҰОЖ-ның 65 жылдығына орай және қазақ қаһарманы Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған ХҮІІ республикалық театр драматургиясының байқауында театр әртісі Бекназар Избасаров «Товарищь комбат» атты қойылымда ең тартымды сахналық бейнені сомдағаны үшін қаржылай сыйақыға қол жеткізді. Театр ұжымы өңіріміз бен еліміздің игілігі үшін лайықты еңбек етіп, көрермендерді өз шығармашылығымен қуантуда. Жыл сайын өнер ұжымы Қазақстан қалаларын аралайды, театр фестивальдарына қатысады, шеберлік сабақтарында кәсібилік деңгейін арттырады. Театрдың жеткен жетістіктері аз емес. – Театр халықаралық шығармашылық жобаларға қатысады. Олардың бірі – «ГИТИС: шетелдегі орыс театр мектебі». Өткен жылдың желтоқсанында А.Пушкиннің қарақшылар ойыны жанрындағы В.Гроссманның «Дубровский» қойылымының премьерасы өтті. Театр репертуарында А.Островскийдің «Шутники» қойылымы бар. Ол да осы жоба аясында қойылады. 2023 жылдың сәуір айында театр ұжымы Пенза қаласында (Ресей Федерациясы) XI Халықаралық «Золотая провинция» театр фестиваліне Н.В.Гогольдің «Вий» мистикалық әңгімесі желісінде сахналанған фантасмагория жанрындағы Н.Садурдың «Панночка» қойылымымен қатысты. Қоюшы-режиссер Игорь Седин қойылымдағы Гоголь кейіпкерлерінің әлемін көркемдік-кеңістіктік деңгейде шешкені үшін арнайы дипломмен марапатталды. Театр әлемдік сахнада орыс тілін сақтағаны үшін арнайы дипломмен марапатталды, – дейді театр басшысы Ақылдос Тәжиев. Биыл 56 жыл қатарынан әр маусымда жаңа қойылымдар, тың материал, ерекше шығармашылық кештер мен акциялар ұйымдастыру арқылы көрермендерін қуантып жүрген театр Жамбыл облысы өңірінің мәдени өмірін жақсарту үшін тынбай еңбек етіп келеді. Осы уақыт ширегінде қазақстандық театр ұжымдары ішінде өз орнын ойып тапқан жамбылдық орыс драма театры осы қарқынмен жұмысын одан әрмен жалғастыра бермек! Сөз соңында барша мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!

Айжан ӨЗБЕКОВА