Жаңалықтар

ПАНДЕМИЯ АЯҚТАЛДЫ

ПАНДЕМИЯ АЯҚТАЛДЫ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) басшысы Тедрос Адан Гебрейесус әлемдегі COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимінің аяқталғанын ресми түрде мәлімдеді.

«Кеше Төтенше жағдайлар комитеті өзінің он бесінші кездесуін өткізді және маған халықаралық алаңдаушылық туғызатын денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайдың аяқталғанын жариялауды ұсынды. Мен бұл ұсыныспен келістім», деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Женевадағы брифинг барысында. Т.Гебрейесус пандемия кезінде ДДҰ-ның бағалауы бойынша коронавирустан 20 миллион адам қайтыс болды деп хабарлады. Қазақстанда пандемия жарияланған алғашқы күннен бастап ведомствоаралық комиссия құрылып, онда 2 мыңнан аса жедел және ұтымды шешімдер қабылданды. Комиссия халықтың денсаулығын COVID-19-дан сақтау мен қорғау, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы, медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын нығайту, дәрілік заттарды, иммунобиологиялық препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен жабдықтарды, жеке қорғану құралдарын сатып алу, елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, шектеу шараларын күшейту және әлсірету мәселелері бойынша шешімдер қабылдады. Пандемия кезеңінде ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің COVID-19 мәселелері бойынша санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар бойынша 83 қаулысы әзірленіп, қабылданды. Уақытылы медициналық көмек көрсету үшін қалаларда 16 модульдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана қайта жаңартылды. Сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. Пандемия кезінде үйде медициналық көмек көрсететін 3 054 көшпелі мобильдік бригаданың жұмысы басталды. Психоэмоционалдық жүктемені, қауіптерді ескере отырып, медицина кадрларын әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету мақсатында медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу бойынша шаралар қабылданды. Пандемияның барлық кезеңінде 57 мың медицина қызметкері шамамен 285 миллиард теңге көлемінде түрлі төлемдер алды. Қазақстандық денсаулық сақтау жүйесі ресурстарының, медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің және КВИ бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізудің арқасында өлімге әкелетін инфекцияның таралуын тоқтатуға қол жеткізілді. Соңғы 3 жылдың ішінде коронавирус инфекциясынан 19 мың науқас, оның 13,8 мыңы КВИ+ және 5,4 мыңы КВИ-дан қайтыс болды. Науқастардың 99 пайызы сауығып шықты. ДДҰ COVID-19 пандемиясын 2020 жылғы 11 наурызда жариялады. Нәтижесінде пандемия 3 жыл 1 ай және 24 күнге созылды.

«AR-AI»-ақпарат