Жамбыл жаңалықтары

Демеушілер спорт алаңшаларын салып берді

Демеушілер спорт алаңшаларын салып берді

Адам денсаулығының жақсы болуы бір мезгіл спортпен шұғылдануға да тікелей байланысты. Жалпы халық денсаулығын жақсартуда, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануында бұқаралық спорттың тигізер пайдасы зор. Бүгінде қалада да, ауылдық жерде де жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік беру, ол үшін лайықты жағдай жасау назардан тыс қалған емес. Тіпті мұндай істің жүзеге асуына қолында қаржысы бар жергілікті азаматтар да, жеке кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындар да үлес қосып келеді. Мәселен, Талас ауданының Ойық және Бөлтірік шешен ауылдарында осындай бір игі іс көрініс тапты. «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, облыстағы бірқатар БАҚ өкілдері аталған ауылдарға барып, жаңалықты жұртпен бөлісуге мүмкіндік алған еді.

Ойық ауылының орталығында қазір үлкен саябақтың құрылысы жүріп жатыр. «Амангелді газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен салынып жатқан аталған «Жеңіс» саябағының құрылысы осы айдың соңында аяқталуға тиіс. Ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Данияр Жаңабектің айтуынша, саябақ «1 маусым – Балаларды қорғау күніне» орай ел игілігіне ұсынылмақ. Ал Бөлтірік шешен ауылынан баскетбол мен стритворкаут алаңшасы ашылып, пайдалануға берілді. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «QazaqGaz» барлау және өндіру жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Дамыған әлем» қоғамдық қорының тапсырысымен салынған нысанның құрылысын «Tradetech» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген екен. Спорттық алаңша 20 адамға арналған. – Ауыл жастарының спортпен шұғылдануына жағдай жасау – басты мақсат. Осы нысандарды салып берген кәсіпорынға халықтың айтар алғысы шексіз. Бөлтірік шешен ауылындағы спорттық нысанға демеушілер тарапынан 30 миллион, Ойық ауылындағы саябақ және ондағы спорттық алаңшаға 100 миллион теңге қаражат жұмсалды, – дейді Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков. Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Тәшметов әлем чемпиондары ауылдан шығатынына сенім артып, ізгі тілегін білдірді. «Амангелді газ» кен орнының құрылғанына биыл 20 жыл толыпты. Осыған орай кәсіпорын бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жатқан жайы бар. «QazaqGaz» барлау және өндіру» ЖШС-ның директоры Алмас Қуандық мұндай спорттық алаңшалар мен саябақтар Үшарал, Ойық, Ұланбел ауылдарында да салынып жатқанын сөз етті.

Нұржан Әліш, Талас ауданы