Жаңалықтар

ВЕГЕТАЦИЯ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ: Диқандар судан тарықпай ма?

ВЕГЕТАЦИЯ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ: Диқандар судан тарықпай ма?

Көзді ашып-жұмғанша көктемнің екі айы артта қалып, дала жұмыстары аяқталуға таяды. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2022 жылдың өнімі үшін 760 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып (2021 жылы 751 мың гектар), 2021 жылмен салыстырғанда 9,2 мың гектарға ұлғаяды. Жалпы, әр жылдардағы статистикаға көз жүгіртер болсақ, жыл сайын егістік алқабының кем дегенде 9-10 мың гектарға дейін ұлғайғанын байқауға болады. Әрине, егістік алқабының ұлғайғаны жақсы-ақ. Алайда егістік алқабынан мол өнім алып, өнім тұрақтылығының негізін қалау үшін диқандарға ең біріншіден су керек. Өткен жыл жамбылдық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне оңайға соқпады. Құрғақшылық әбден қыспаққа алып, елдің есін кетірді. Әйтеуір жұмыла әрекет етіп әрі құрғақшылықтың салдарынан туындаған қиындықтарға байланысты ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілуінен диқандар 2021 жылды ойдағыдай аяқтай алды. Ал 2022 жылдан не күтеміз?! Құрғақшылық пен қуаңшылық қол байламай ма? Вегетация кезеңінде мәселелер туындамас үшін қандай жұмыстар атқарылды? Алдағы жоспар қандай? Көптің көкейінде жүрген сауалдар мен сұрақтардың түйінін тарқатып көрсек. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, өңірде вегетация кезеңі басталып, қазірдің өзінде бірқатар аудандардың диқандарына су берілуде. – Жамбыл облысына вегетациялық кезеңде барлық су көздерінен суғаруға қажетті су көлемі жоспар бойынша 1284 миллион текше метрді құрайды. Айта кетейік, Жамбыл облысына вегетация кезінде жерүсті су ресурстарының 80 пайызы көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. 1983 жылғы келісім бойынша вегетациялық кезеңде Шу өзені арқылы 370 миллион текше метр, Талас өзені арқылы 590 миллион текше метр су жіберілуі керек. Алайда биыл да жоспарланған көлемді толық ала алмау қаупі жоғары. Биыл Шу өзені арқылы 220 миллион текше метр, Талас өзені арқылы 500 миллион текше метр су алатын боламыз. Одан бөлек 2022 жылы таулы және тау етегіндегі аймақтарда қардың қоры және ылғал жиналу кезеңіндегі жауын-шашынның мөлшері орташа жылдық нормадан өте төмен болды. Сондықтан ағымдағы жылдың вегетациялық маусымында барлық су көздерінен шамамен 880 миллион текше метр су алынып, 120 мың гектар суармалы алқапты суару жоспарлануда. Жауапты науқанға жан-жақты дайындалу мақсатында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының теңгеріміндегі каналдар қоқыстардан, лай мен өсімдіктерден тазаланды. Гидроқұрылымдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облысымыздың қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалану үшін және ағымдағы вегетацияны тәуекелсіз жүргізу мақсатында «Шу-Талас» бассейндік инспекциясымен, аудандық әкімдіктермен және ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 2022 жылдың суармалы маусымында өзендерде ағын су тапшылығы болатыны, сондықтан суды аз қажет ететін өнімдерді отырғызу, сонымен қатар су үнемдеу технологияларын пайдалану қажеттілігі түсіндірілді. Сондай-ақ суармалы жерлерде агротехникалық және мелиорациялық жұмыстарды жүргізу, бір каналдың астында дақылдың бір түрін ғана (монокультура) отырғызбай, ауыспалы егістік технологиясын қатаң түрде сақтау және де майдаланып кеткен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді үлкен кооперативтерге немесе ассоциацияларға біріктіру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді Қазыбек Қошқарбекұлы. Осы орайда мекеменің теңгеріміндегі су қоймаларының да жай-күйіне тоқтала кетсек. 25 сәуірдегі жағдай бойынша Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасына 134,341 миллион текше метр су жиналған. Бүгінгі таңда су қоймасына тәулігіне 1 миллион 106 мың текше метр су түссе, тәулігіне 691 мың текше метр су тасталуда. Аталған су қоймасына былтыр дәл осы күні 140,256 миллион текше метр су жиналған. Жалпы, «Теріс-Ащыбұлақтың» жобалық көлемі – 158 миллион текше метр болса, техникалық жағдайына байланысты рұқсат етілген су көлемі – 145 миллион текше метр. Сол секілді «Тасөткел» су қоймасында қазіргі таңда 425,4 миллион текше метр су жиналған. Тәулігіне 3 миллион 810 мың текше метр су түссе, 1 миллион 296 мың текше метр су тасталуда. – Қыста қардың жылдағыдан өте аз жауғанын жақсы білесіздер. Жаумады десек те болатын шығар. Абырой болғанда көктемде бірнеше жеті бойы жауын жауып, қажетті су көлемін жинауға аз да болса ықпал етті. Мәселен, «Қарақоңыз», «Қақпатас», «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймаларында су айтарлықтай көбейді. Дегенмен өткен жылмен салыстырмалы түрде айтар болсақ, кейбір су қоймаларында қажет су көлемі жиналмады. Сондықтан бар суды үнемдеп пайдалана білуіміз керек, – деген Қазыбек Қошқарбекұлы жерасты суын тиімді пайдалану мақсатында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Мәселен, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, облыс көлемінде 646 ұңғыма анықталыпты. Ұңғымаларды алдағы үш жылда (2022-2024 жылдары) іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде суару маусымында жетіспейтін 275 миллион текше метр су көлемін толығымен жерасты су қоры арқылы қамтамасыз ету көзделуде. – Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 182 ұңғыма қазуға өтінім түсіп, Меркі, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Қордай және Жуалы аудандарында жаңа 71 ұңғыма қазылып, 3,1 мың гектар алқап сумен қамтылды. Айта кетейік 2022 жылы – 177, 2023 жылы – 240, 2024 жылы – 229 ұңғыма қазылады, – дейді Е.Жиенқұлов. Вегетация маусымына дайындық бойынша облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына да қайырылып, атқарылып жатқан жұмыстарға қанықтық. Басқарма басшысы Мұратхан Шүкеевтің сөзіне сүйенсек, «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі су қоймаларына су толтыру жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылдың 22 сәуіріндегі мәлімет бойынша аудандарда орналасқан қоймалардағы судың жиналу көлемі орта есеппен 71,3 пайызды құрайды. – «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі 105 су қоймасының жалпы жобалық сыйымдылығы 130,25 миллион текше метрді құрайды. 105 су қоймасының 35-і егін шаруашылығына, 27-сі балық және егін шаруашылығына, 14-і балық шаруашылығына, 23-і өзектерді сумен қамтамасыз етуге, біреуі экологиялық мақсатта пайдаланылуда. 2021 жылы нақты 116 миллион текше метр су жиналып (88 пайыз), барлығы 8278,8 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер сумен қамтамасыз етілді. 2022 жылы судың жиналуын 80 пайызға дейін жеткізуді жоспарлаудамыз. 2021-2022 жылдарға арналған Жамбыл облысының су қоймалары мен тоғандарын қалпына келтіру және жаңадан соғу бойынша іс-шара жоспары бойынша қалпына келтірілетін 10 су қоймасы мен бөгеті және жаңадан соғылатын 8 су қоймасы анықталған. Қалпына келтірілетін 10 су қойманың ішінен 6 су қоймасы қабылданды. Алты су қоймасы мен бөгеттерді іске қайта қосу жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Жамбыл ауданындағы Бөгет 7 және жоспардан тыс Байзақ ауданындағы Райымбек су қоймасының қалпына келтіру жұмыстары атқарылды, – дейді М.Жүнісәліұлы. Ал жаңадан соғылатын 8 су қойманың ғылыми-зерттеу жұмыстарына 24,8 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8 сәуірден жұмыстарын бастапты. Егер су қоймалары қалпына келтіріліп және соғылатын жағдайда болжаммен 10,65 миллион текше метр су жиналып (судың көлемі ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша нақтыланған), 2 411 гектар суармалы жер айналымға кіреді. – Су қоймаларының жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, 2022 жылы 6 су қоймасының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 66 миллион теңге бөлініп, мердігерлер анықталды. Нәтижесінде Байзақ ауданындағы «Жиенәлі» су қоймасының жұмыстары басталды. Қалған су қоймалары бойынша келісімшарт жасалынуда. Одан басқа биылғы жылы мекеменің өз күшімен ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатын 7 су қоймасы белгіленді. Қазірдің өзінде Талас ауданында орналасқан «Қазақбай» және «Тамды», Жамбыл ауданындағы «Сеңгірбай» су қоймаларының дамбылары нығайтылып, тиісті жөндеу жұмыстары атқарылды. Қалған 5 су қойма бойынша жөндеу жұмыстары 2023 жылы жүргізілетін болады, – деген Мұратхан Шүкеев 2022 жылы Меркі ауданында «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3» су қоймаларын салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Үш су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамада қаралуда. Осылайша салалық мекемелер аграршылардың судан тапшылық көрмеуі үшін барлық мүмкіндікті пайдалана отырып әрекет етуде. Сала мамандарының жанкешті еңбегі нәтижесін береді деп сенеміз.

Талғат НҰРХАНОВ