Жаңалықтар

Нақты іс нәтижесіз болмайды

Нақты іс нәтижесіз болмайды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингке Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндады. Спикер атап өткендей, алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша аудан экономикасының барлық салаларында оң өзгеріс бар. Нақтырақ айтқанда, өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 5,3 миллиард теңгені құраған. Ал ауылшаруашылық өнімінің көлемі 3,2 миллиард теңгеге, инвестиция көлемі 12 миллиард теңгеге өскен. Құрылыс жұмыстары да қарқын алып, тұрғын үй көлемі 7 284 шаршы метрге ұлғайған. Сауда айналымы 5,1 миллиард теңгені құрап отыр.– Биылғы үш айда республикалық бюджет кірістері 121,8 миллион теңге артық түсіп, жоспар 158,2 пайызға орындалды. Облыстық және аудандық бюджет кірістері де жоғары деңгейде болды. Трансферттер 929,6 миллион теңгеге орындалып, бұл жерде де 97,3 миллион теңге артық түсті. –

деді аудан әкімі. Брифинг барысында әр алуан сұрақтар қойылды. Алғашқы болып Серік Әлімходжаев есімді «Facebook» әлеуметтік желісінің қолданушысы «Төле би ауылындағы Әл-Фараби мектебінің құрылысы қашан аяқталады?» деп сауал жолдады. Білгеніміздей, 2021 жылы басталған мектеп құрылысы белгісіз себептермен әлі күнге аяқталмай тұр екен. Мердігер «Сұңқар 2002» мекемесі жұмысты жартылай ғана аяқтап, құрылысы тоқтап қалған. Биылғы сәуір айының ортасынан бастап басқа мердігер белгіленіп, іс алға жылжи бастаған. «Jambyl TV» телеарнасының тілшісі Назерке Тазабаева ауылдағы жайылым мәселесі, ірі қара малдың азығы туралы сұрады. Әлеуметтік желіде Жандарбек Қадырбек есімді оқырман «Шу ауданындағы жөнделіп жатқан жолдардың сапасын бақылаңызшы» деген өтініш қалдырыпты. Ойын алаңшалары туралы да сұрақ болды. Бұл тұрғыда Бақытжан Жәнібеков жолдардың сапасы басты назарда болатындығын айтып, алдағы уақытта әр көпқабатты үйдің алдынан жақсы ойын алаңшалары да жасалатынын тілге тиек етті.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА