«АНАМ ЖАСАҒАН АШЫМЫҚТЫҢ ДӘМІ ӘЛІ ТАҢДАЙЫМНАН КЕТПЕЙДІ»
«АНАМ ЖАСАҒАН АШЫМЫҚТЫҢ ДӘМІ ӘЛІ ТАҢДАЙЫМНАН КЕТПЕЙДІ»
Құлекей атам заманында жол бастауға табанының бүрі бар, қол бастауға жүрегінің түгі бар, кем-кетікке көмектесуге қолының кірі бар дейтіндей аса дәулетті, сәулетті кісі болыпты. Атажұртымыз – Талас ауданындағы бұрынғы Жиембет, қазіргі Бостандық ауылы. Көнекөз қариялар «Құлекейдің бар жылқысы суатқа келгенде арқыраған өзен жылғадай болып қалатын» деседі. Қай уақыттың құнымен өлшесең де бес мың жылқы аз байлық емес. Атам Алексей есімді орыспен тамыр болыпты. Алексейді қазақтар өзара Алешкі дейді екен. Көзі ашық, көкірегі ояу Алексей досы заманның ыңғайын танып, «Патша өкіметі келмеске кетті. Большевиктер байларды қудалап жатыр. Ертерек қамдан» деген соң естілігін жасап, жарты малын өз еркімен колхозға өткізіп, қалғанын сатады. Сөйтіп, арбамен кемпірі екеуі Таразға келіп, диірменнің керек-жарағын сатып алады. Диірменнің жұмысын жүргізетін үш татарды да қоса ала келіпті. Қазіргі тілмен айтқанда, атам ауданға ең алғашқы болып өндірісті әкеліп тұр ғой, жарықтық! Сол диірмен ашаршылықта ауылды аман алып қалыпты. Нағашы атам Сұлтанбек те осал емес. Ошақты руының аталығынан тарайтын тегінен билік үзілмеген, аттымен жерде тұрып иық тірестірген ұзын бойлы кісі екен. Біздің бойшаң болғанымыз нағашы жақтан келсе керек. Бір өңірде тұрған соң бір-бірін бұрыннан білетін екі жекжат құда болған ғой. Әкем де, анам да дәулетті кісілердің балалары болғандықтан мұғалімдік училищені бір мезгілде бітіріп, бойжетіп, ержетіп тұрса керек. Әкем мен анам 1948 жылы үйленіпті. Анам ол кезде жиырма жаста екен. Соғыстың біткеніне бірнеше жыл болып, ел әлі етек-жеңін жақсылап жинап үлгермеген кез ғой. Анам сегіз құрсақ көтерді. Әлі есімде, екі бөлмелі тоқал тамымыз болатын. Мектеп те сол, тұратын баспанамыз да сол. Күндіз парталар тұрса, түнде жинастырып қойып жатамыз. Мектепте 6-7 ғана бала оқиды. [gallery size="large" columns="1" ids="12380"] Анам үш бала босанғаннан кейін жұмысты тастап, тек үй жұмысымен айналысты. Сегіз баланың киімі, үй тірлігі бір әйелге оңай шаруа емес. Әкем Әбірәсіл тазалықты жаны сүйетін. Ауылда жүрсе де үнемі қырлы шалбар киіп, галстук тағып жүретін. Әкемнің жұқа, қаудырлақ нейлон жейдесі есімнен кетпейді. Сол жейдесін мұнтаздай етіп киюі, әрине, анамның еңбегі еді. Ол кезде шоқ салып қыздыратын ауыр үтік болатын. Сол ауыр үтіктің үстінен бір шоқты түсірмей әлгі көйлектерді қалай үтіктеді десеңші. Үй шаруасымен қоса, түз шаруасы да анамның мойнында еді. Әкем аулада жатқан көлденең затты алмайтын. Үйдің шаруасына қыры жоқ. Сондай-ақ қорамызда 50-60 қой, екі сауынды сиырымыз болды. Анамыз малдың бәріне қаратып, бізді жастайымыздан еңбекке баулып өсірді. Еркелік танытсақ, шыбықпен аямай шықпыртатын. Ондай кезде мейірімін төгіп тұратын әкеміздің арқасына тығыламыз. Анамның бір қасиеті – тазалықты жақсы көретін. Анамыздың талабымен есіктің алдын мұнтаздай етіп сыпыратынымыз соншалық, асфальттен бетер жылтырап тұратын. Ел-жұрт балаларына «Қанзиланың ауласына қараңдаршы» деп ұрсады екен. Ал шалғымен шөп шабу, қой қырқу, қойды сойып, мүшелеу күнделікті ең оңай жұмыстарымыздың бірі еді. Осының бәріне баулыған анамыз. Жоғарыда айтқанымдай, әкеміз үй шаруасына бас ауыртқан емес. Анам ісмер де болатын. Киіз басу, оған бояу жағып, ою жабыстырудың хас шебері болатын. Киіз басқан үй анамды шақырып алып, жөн-жосығын сұрап тұратын. Анам киіз бастырып, ою жапсырып қана қоймайтын. Жиналған әйелдерді жұмылдырып жұмсай да алатын. Содан болса керек, анамды абысындары «Генерал» деп атайтын. Тамақты да өте дәмді пісіретін. Анам жасаған көженің дәмі аузымнан кетпейді. Көпіршіп тұратынын айтсаңызшы, шіркін! Оған қышқыл айран қосып бергенде тіпті дәмі кіре түсетін. Бала кезімнен сол жүгері көжені жақсы көретінмін. Әсіресе анамның жаздағы ашымығы ерекше еді. Жерді қазып, оған үлкен ыдыстағы ашымықты салып, салқындатып қоятын. Ол сусын үйден жаздай үзілмейтін. Анамды ренжіткен кезім жоқ деп ойлаймын. Кім білсін, мүмкін біз білмей, көңіл аудармай қалған тұстарда сәл ренжіген де шығар. Бірақ өз басым өкпелеткен, тілін алмаған, налытқан жерім жоқ деп ойлаймын. Қазір әкемнің де, анамның да бақиға аттанғанына біраз жылдың жүзі болып қалды. Аттарын атап, қол жайып, Құран бағыштап отырамын. Алла о дүниелерін берсін!
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының кеңесшісі