ТӘУЕКЕЛДЕР КАРТАСЫ СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ
ТӘУЕКЕЛДЕР КАРТАСЫ СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ
Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, әрбір облыс және республикалық маңызы бар қалалар бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы білім, медицина, жол және инфрақұрылым, ауылшаруашылығы және жер қатынастары, құрылыс, тұрғын үй, кәсіпкерлікті қолдау салаларын, халықты толғандыратын басқа да мәселелерді қамтиды. Картаға енгізілген әлеуметтік мәселелер мониторинг пен сыртқы талдау арқылы шешіледі. Облыс бойынша тәуекелдер картасына жер саласы мен көгалдандыру, су және пайдалы қазбаларды пайдалану саласы енгізілген. Бүгінде аталмыш карта аясында аумақтық департамент бірқатар шаралар атқарды. Мәселен, тұрғын үй қатынастары саласына жүргізілген мониторинг аясында 3 600 адам кезектен шығарылып, Тараз қаласы әкімдігімен бірлесіп мемлекеттік тұрғын үйді бөлу бойынша, сондай-ақ қызметтік пәтерлерде тұру жағдайына талдау жасалып, тұрғын үй қорына 7 пәтер қайтарылыпты. Сонымен бірге суару жүйесін қалыпқа келтіруге шамамен 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінгенімен, құрылыс барысында Райс, Сарыөзек, Бүркітті каналдарында ақаулықтар орын алған. Өз кезегінде мониторинг нәтижесі бұл саладағы жұмыс тиісінше жетілмегендігін көрсетті. Аталған мәселе агенттіктен қолдау тауып, гидротехникалық құрылыстарды күрделі және ағымдағы жөндеу жөніндегі құрылыс нормаларын әзірлеу және бекіту туралы ұсыныс Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолданған. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Болат Жылқыбаев облыста сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түспегенін айта келе, аталған карта негізінде департаментпен атқарылып жатқан өзге де жұмыстар жайлы баяндады. – Көгалдандыру бағытында департаментпен «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сыртқы талдау жүргізілді. Талдаумен аталған мекеменің 747 миллион теңгеге 12 кәсіпкерлік субъектісімен жалғандық белгілері бар келісімшарт жасалғаны анықталған болатын. Материалдар ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданып, қазіргі таңда тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы негізінде осы саладағы қолданатын заңнамалар да зерделенді, – дейді департамент басшысы. Департаментпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын іске асыру бағытында әртүрлі мақсатты топтар арасында 90-нан аса іс-шара өткізілген. Іс-шараларға мемлекеттік қызметшілер қатарынан құрылған спикерлер пулы мен жастар арасында парасаттылық мәдениетін ілгерілетуге жас көшбасшылар атсалысқан. Мемлекеттік басқару академиясы арқылы 65 жас мемлекеттік қызметшіні қайта даярлаудан өткізу барысында арнайы тақырыптарда лекциялар өткізілген. Департаментпен бұл бағытта әрі қарай да кешенді жұмыстар жалғаса бермек.
Айжан ӨЗБЕКОВА