«Сөз өнерінің зергері»
«Сөз өнерінің зергері»
Шараның басты мақсаты - өскелең ұрпаққа жазушының өмірін, шығармаларын, шежіресін, болжамдарын, терең таныстыру және насихаттау болып табылады. Жиын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірінен үзінді ретінде көрініспен басталып, өмірбаянына қысқашашолу ретінде бейнероликпен жалғасын тапты. Конференцияда Төле би атындағы № 8 мектеп гимназиясының ұстазы Гүлбайра Датқабекқызы, С.Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектебінің мұғалімдері Абитова Мереке мен Маханбетқұлова Айгүл қатысты.
«Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығы», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының заман болжауы» және «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының –шежіресі» атты баяндамалары оқылды.
С.Нұрмағанбетов атындағы № 10 орта мектебінің 8 «ә» сынып оқушысы Ақнұр Айтжанова «Мәшһүр ата шығармаларындағы Олжабай батыр бейнесі» атты зерттеуін оқырман назарына ұсынды. Сондай-ақ, «Дарынды балаларға арналған ІТ лицей интернатының» 7 «А» сынып оқушылары Үміт Омаралы мен Мұхаммед Дінислам ойшылдың «Қара өлеңі» мен «Хал-ахуал» атты өлеңдерін жатқа оқыды. Ал кітапханамыздың тұрақты зағип оқырманы Арыстанбек Қанапияұлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмір тарихындағы өз ізденісімен бөлісті.
Шара соңында А.Макаренко атындағы орта мектебінің ұстазы Салтанат Жұмабекқызына қорытынды сөз берілді. Кейін кітапхананың қызметкері Айзада Төлебаева «Ғұлама тұлға» атты кітап инсталяциялық көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Жиынға келген қонақтар кітапхана ұжымына алғысын білдірді.