Жаңалықтар

ІШЕК ИНФЕКЦИЯЛАРЫНАН САҚТАНЫҢЫЗ!

ІШЕК ИНФЕКЦИЯЛАРЫНАН САҚТАНЫҢЫЗ!

Көктем, жаз айларында, әсіресе көкөніс пен жеміс-жидектің піскен уақытында түрлі жұқпалы аурулардың көбейіп кететіні белгілі. Әсіресе жіті ішек инфекциясы, тамақтан улану жиілейді. Мәселен, облыста қазіргі кезде жіті ішек инфекциясы белең алып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Муликова атап өтті.

Жіті ішек инфекциялары – диарея, интоксикация, кейбір жағдайларда сусызданудың дамуы арқылы асқазан-ішек жолдары жұмысының бұзылуымен жүретін жұқпалы аурулар тобы. Климаттық-географиялық ерекшелігіне байланысты облыста жіті ішек инфекциялары аурулары өзекті мәселе болып тұр. Ішек инфекцияларының әсіресе жылдың ыстық мезгілінде қаупі арта түседі. Бұл мезгілде аурудың маусымдық көтерілуі байқалады. Дәл осы жаз айларында жіті ішек инфекцияларының, атап айтқанда, дизентерия, іш сүзегі, паратифтер, сальмонеллез, тағы басқа энтериттер көп тіркеледі. – Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша облыста жіті ішек инфекцияларының, бактерильді дизентерияның көрсеткіші 2022 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға жоғарылап тұр. Бұл жерде 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы жедел ішек инфекциясының аурушаңдық үлесі 74,7 пайызды (218 жағдай), 1 жасқа дейін 30,5 пайызды (91 жағдай) құрап отыр, – дейді Нейли Орынбасарқызы. Ішек жұқпаларының алдын алу шаралары өте қарапайым. Жеке бас гигиена жағдайларын сақтау ішек жұқпаларының ең сенімді алдын алу жолы болып табылады. «Ішің ауырса, аузыңды тый» демекші, санитар дәрігер асқазан сыр берген жағдайда ас мәзіріне мұқият болуды ескертеді. – Жуылмаған жеміс-жидектерді, көкөністерді өздеріңіз де жемеңіздер, балаларға да бермеңіздер. Бейберекет, жабайы сауда орындарынан азық-түлік сатып алмаңыздар, тамақ дайындағанда мұқият болыңыздар. Лас қол арқылы ішек микробтарының қоздырғыштары ішке түседі. Тамақтанар алдында міндетті түрде қолды сабынмен жуыңыз. Сабын зарарсыздандыру қасиетімен ерекшеленеді. Сонымен бірге тамақ тез ластанатын болғандықтан тамақ дайындалатын үстел, тағы басқа да заттар таза болуы керек. Тамақ дайындайтын жердегі шикі өнімнің қалдығы, уақтары немесе лас дақтарын микроб сақталатын орын деп қарауымыз қажет. Ыдыстарды сүртіп отыратын сүлгілер күнделікті ауыстырылып отыруы тиіс. Үстел сүртетін және еден жуатын шүберектер күнде жуылып, кептірілуі қажет. Азық-түліктерді дұрыс сақтау, тоңазытқыштарда өнімдердің тауарлық көршілестігін (соседство) сақтау, шикі өнімдерді дайын тамақтардан бөліп сақтау маңызды. Және тек қана таза ауызсу пайдаланыңыз, – дейді спикер.

А.Орынбасарқызы