Жамбыл жаңалықтары

ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ҚОЛДАУ ТАБАДЫ

ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ҚОЛДАУ ТАБАДЫ

Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Басқосуға бірқатар облыс әкімдігі басқармаларының басшылары, инвесторлар қатысты. Жиында инвесторлар түрлі бағыт бойынша өз жобаларын ұсынды.

Мәселен «SOS медициналық жүйесі» жобасының жетекшісі Нұртуған Мұхамедалиев өз идеясын ортаға салды. Оның айтуынша, жүйенің тиімділігі өте жоғары. – Жүйе бойынша қабылдау бөлімінің кезекшісі шұғыл және қарқынды медициналық көмекті қажет ететін науқас түскен кезде «SOS» шұғыл шақыру пультін басып, қажетті мамандарды шақыра алады. Ал шақыртылған дәрігерлер немесе медбикелер шұғыл әрекет етіп, қабылдау бөліміне түскен науқасты ота жасау бөлмесіне кедергісіз жеткізеді немесе басқа да көмектер көрсете алады. Яғни емделушілер мен медбикелер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Уақыт жоғалтпай науқастарға сапалы қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ емделушілердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, – деген Нұртуған Зейнелғабдинұлы жарқын жоба облыста бірнеше жылдан бері жұмыс істеп тұрғанын, аз уақытта-ақ нәтижелілігін дәлелдегенін жеткізді. Осы орайда аймақ басшысы қандай қолдау қажет екенін сұрады. Нұртуған Зейнелғабдинұлы жобаны облыстың басқа да ауруханаларында жүзеге асыру үшін қаржылай қолдау қажет екенін мәлімдеді. Ал Нұржан Молдиярұлы инвесторлардың қаржы алғаны емес, қайта құйғаны маңызды екенін айтып, аталған жобаға аса қызығушылық танытпады. Дегенмен Нұртуған Зейнелғабдинұлын облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ «BNK Group Ltd» компаниясы облыста ауылшаруашылығы техникасына қызмет көрсету бойынша сервистік орталық ашуды жоспарлауда. Жалпы компания әлемге танымал өндірушілердің заманауи суару жүйелерін жеткізумен, орнатумен, монтаждаумен айналысады. Мұнан бөлек басқосуда «United Concrete Canvas» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бетон төсемін өндіру жобасы таныстырылды. Бетон жабындысы – құрылыстың барлық түрінде қолданылатын әмбебап материал. Қазір бетон төсемі суару арналарын төсеу үшін қолданылып жатыр. Компания алдағы уақытта облыста бетон төсем өндіру зауытын салуға ниетті. Облыс әкімі аталған қос жобаны сүйемелдеу бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді. Келесі кезекте Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков өңірде 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы туралы баяндама жасады. Аудан әкімінің айтуынша, даму жоспары шеңберінде 3 бағыт бойынша жалпы 76,8 миллиард теңгеге 385 жобаны іске асыру арқылы 1 652 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр екен. 2023 жылы аудан бойынша барлығы 5 миллиард 05 миллион теңгеге 107 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Сондай-ақ штаб отырысында облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтің баяндамасы тыңдалды.

Талғат НҰРХАНОВ