Жамбыл жаңалықтары

Кәріз тазарту жүйелері жаңғыртылады

Кәріз тазарту жүйелері жаңғыртылады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023-2028 жылдар аралығында елімізде кәріз тазарту жүйесін салып, жаңғырту жоспарланған. Осыған орай облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен Тараз қаласының кәріз тазарту жүйелерін салу және жаңғырту жобаларына арналған жиын өтті. Басқосуға «Abu Dhabi Sewerage Services Company»-дің басқарушы директоры, сондай-ақ басқарма төрағасы Ахмед аль-Шамси мен компания өкілдері, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен бірқатар басқарма басшылары қатысты.

Алдымен сөз алған облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы шетелдік қонақтарға Тараз қаласы жайлы қысқаша таныстырып, шаһарды одан ары дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Айта кету керек, Тараз қаласының кәріз жүйесі 1962 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жалпы ауданы 42,44 гектарды құрайтын кәріздік тазарту қондырғысы құрылысына бөлінген жерлер Тараз қаласынан солтүстік-батысқа қарай 4,5 шақырым жерде орналасқан. Учаске жалпы ауданы 14 гектар уақытша тұндыру резервуарларын қамтиды, оларды болашақта ағынды суларды апаттық ағызу үшін пайдалану жоспарлануда. «Тараз қаласының кәріздік тазарту құрылыстарын салу жобаларын іске асырудың жол картасына» сәйкес халықаралық қаржы ұйымдарының несиелерін мемлекет кепілдігімен тарта отырып, қалада кәріздік тазарту қондырғысын салу жоспарлануда. Өз кезегінде шетелдік компанияның өкілдері шаһардағы кәріз тазарту инфрақұрылымының жағдайын зерттеп, талдауға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін әлеуетті инвесторлардың инфрақұрылымдық жобаларға қатысу перспективалары талқыланды. Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар одан әрі өзара тиімді әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Айта кетейік, «Abu Dhabi Sewerage Services Company» – Абу-Даби Әмірлігінде қатты және сұйық қалдықтардан жиналатын ағынды суларды қауіпсіз жинап, тазартумен айналысатын мемлекеттік коммуналдық компания болып табылады. Компанияның активінде 40-қа жуық кәріз тазарту қондырғысы және 260-тан астам сорғылау стансасы, сондай-ақ 12,606 шақырымдай кәріз желісі бар.

Айжан ӨЗБЕКОВА