Тоқаев Қытаймен визасыз режимге қатысты пікір білдірді
Тоқаев Қытаймен визасыз режимге қатысты пікір білдірді
Ол бүгінде жаңа туристік бағыттар ашылып жатқанын атап өтті. «Қазір Қазақстанның 13 қаласына «Ашық аспан» режимі енгізілді. Сондай-ақ 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат берілді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның айуынша, қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден аса компаниясы тіркелген. Оның оннан бірі – Қытай компаниялары. Бұл – басқа елдермен салыстырғанда ең жақсы көрсеткіш.
Мемлекет басшысы Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыру ісінде негізгі серіктестің бірі екенін айтты. Осылайша, ҚХР Батыс Еуразияның ауқымды нарығына Қазақстан арқылы шыға алады. «Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту барысында осы орталық негізгі хаб болады. Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Нәтижесінде темір жол арқылы жыл сайын 20 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады», - деді Тоқаев. Айтуынша, Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды. Бұл бағыттың болашағы зор. Өйткені, Қытайдан Еуропаға апаратын төте жол – осы. Оның ұзындығы «Солтүстік дәлізден» 2,5 мың шақырымға қысқа.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай визасыз режимге қол қойған еді.