Қоғам

ҚАЗАҚСТАН ШАҢЫРАҚ БОЛСА, АССАМБЛЕЯ – ОШАҒЫ

ҚАЗАҚСТАН ШАҢЫРАҚ БОЛСА, АССАМБЛЕЯ – ОШАҒЫ

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Мәні жоғары, маңызы бөлек мереке елімізде 1996 жылдан бері Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде аталып келе жатыр. Тарихтан белгілі, халқымыз бірлікті таудан, тастан іздемеген. Отбасының жылуынан, адамдардың мейірімінен іздеген.

Дана халқымызда бірлік жайлы мысал әңгімелер өте көп. Ел аузындағы аңыз әңгімелердің бірінде былай дейді. Төле бала бірде Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. – Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ? – деп сұрайды Төле. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады. – Балам, мынаны сындырып көрші? Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. – Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді. Сонда Әнет баба: – Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Төле ойланып отырып: – Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой. – Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – деген екен. ...Міне, ауыздан-ауызға таралып, бүгінге жеткен бір ғана аңыз әңгіменің астарында қаншама мән-мағына жатыр. Тағы бір мысал. Ерте, ерте, ертеде бір топ батыр жиналып, найзаларының ұшын отқа қыздырады. Содан найзаның ұштары қорытылып, одан үлкен қазан құйылып шығыпты-мыс. Сол күннен бастап әлгі батырлар бір қазаннан ас ішіп, бір-біріне дос болып, ауызбіршіліктерін сақтаған ең күшті тайпаға айналған екен. Аңыз-әфсанадан бөлек, халқымызда бірлік туралы мақал-мәтелдер де атан түйеге жүк боларлықтай көп-ақ. Мәселен, «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп мақалдатқан қазақ елінің шын мәнінде алтауы ала болған кезі де, төртеуі түгел болған кезі де басынан өтті. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген мақалды барлығымыз қолданамыз. Бірақ мақалдың мағынасын бәріміз білгенімен, құрамындағы сандарға баса назар аудармайтынымыз жалған емес. Алты саны біз үшін Алаш сөзімен үндес. Алаш қалың қол, мыңды білдіреді. Яғни көпті, жүз үй адамын, бүтіндей бір қазақты меңзейді. Демек бұл сөзде «алты саны» санның, мөлшердің емес, сөздің мәнін түсіндірді. Енді, «төрт» санына назар аударсақ, мұнда – тек бір үй мүшелерін айтқысы келген. Мысалы, бір шаңырақта төрт адам болса – атасы, енесі, келіні, отағасы, баласы. Міне, бұл – бір шаңырақ астындағы төртеу дегенді білдіреді. Төртеу – бір үйден асып әріге бармайды. Алтау – ол көп. Мың болуы мүмкін, он мың болуы мүмкін. Алтаудың түгелі – Алаштың тыныштығы, берекесі, ынтымағы. Ал төртеудің түгелі – шаңырақтың берігін білдіреді. Шынымен де отбасының толық әрі мүшелерінің тату-тәтті болуы мемлекеттің іргетасының берік болуына ықпал етеді. Егер отанымызды бір шаңырақ деп қарастырсақ, сол шаңырақтың астындағы түрлі ұлт өкілдері бір отбасының мүшелеріндей. «Ырыс қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын» дегендей жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орында тұрған ұлы отанымыз 130-дан астам ұлт мен ұлысты құшағына басқан. Бәріміздің бір ғана шаңырағымыз бар. Ол – Қазақстан! Ал қазақ елінде, қазақтың қасиетті жерінде дәулетін жинап, ұрпағын жайған 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың, этностардың басын бірлікке топтастырып, бүгінгі өзара түсіністік пен құрмет сезімінің, жарастық пен келісімнің, ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын одан әрі жарастыра нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі жоғары. Әрине, Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті – достықты нығайту ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту екені баршамызға аян. – «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биыл Қазақстан халқының бірлігі күнін де бөлекше, жаңаша бағытта атап өтуіміз керек. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Жаңа Қазақстан» құрамыз деді. Біз «Жаңа Қазақстанды» құруда жаңаша көзқараспен, жаңаша бағытта жұмыс жасау керекпіз деп ойлаймын. Өйткені «біздің күшіміз бірлікте, ал халықтың байлығы – оның алуан түрлілігінде» деген аталы сөз бар. Сондықтан біздің барлығымызда бір ортақтық болу керек. Ол бірлікпен ғана қолға қонатын құс деп есептеймін. Ел арасының бірлігін сақтауда Ассамблеяның да жұмысы мен рөлін айрықша атап өтуге болады. Мысалы, биыл ақпан айынан бастап «Достық» үйінде әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша әр апта сайын азаматтарды қабылдайтын қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Егер азаматтардың қандай да бір мәселесі шешілмесе, қоғамдық қабылдау бөлмесінің көмегіне жүгіне алады. Менің ойымша, бұл да өңірлік Ассамблеяның өз жұмысын ашық әрі жаңғырта бастағанының көрсеткіші. Біз Қазақстанымызды шаңырақ десек, Ассамблея ошағы дер едім. Ондағы жанған отпен айналасындағылар жылынуы тиіс, – дейді облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова. Шын мәнінде бір шаңырақ астындағы адамдар «Бірлік ол – бейбітшілік, бейбітшілік – бақыт» деген қағиданы ұстануы тиіс. Сонда ғана біздің Жаңа Қазақстанымыз гүлденіп көркейе бермек. Қазіргі таңда облысымызда тіршілік кешіп жатқан әр ұлт айрандай ұйып отыр. Ал оның ұйытқысы бірлікті негіз еткен бірлестіктер десек қателеспейміз. Облыстағы түрлі бірлестіктер «Жаңа Қазақстанның» жаңару кезеңінде өз еңбектерін сіңіріп жатыр деп сеніммен айта аламыз. «Ит пен ит ырылдасса, тамағының тоқтығы. Жігіт пен жігіт қырындасса, ынтымағының жоқтығы» деген қазақ халқы ынтымақтың тауды да жылжытатын күш екенін білгендіктен арнайы ел мен елдің арасына түскен жікті жақындатып отыратын ақсақалдар мен билер мектебі болған. Бұл қазақ даласында Қазақ мемлекетінің негізін қалауда үлкен рөл ойнаған. Ел арасында бидің сөзіне, шешіміне тоқтамайтын адам болмаған. Ауыл болып ақсақалын тыңдаған. Сондықтан да ол заманда отбасылық жағдайда да қанша түсініспеушілік болғанымен де шаңырағы шайқалмайтын болған. Мүмкін сол билер мен ақсақалдардың мектебі бізге әлі де керек шығар. Қысқасын айтқанда, бірлік достықтың да махаббаттың да жан тамыры. Ол бар жерде бәрі бар.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ